«Арызданды, бірақ өтініші бей-жай қалды» - Алматыдағы лай көшкінінен қаза тапқан ер адамның әкесі
Алматыда лай көшкіні кезінде қаза тапқан ер адамның әкесі ұлының қауіпті болуы мүмкін жерде тұрғанын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Николай Омаров - 8 ақпанға қараған түні отбасымен бірге қаза болған Ілияс есімді азаматтың әкесі. Оның айтуынша, ұлы мен Ольга бұдан он шақты жыл бұрын отбасын құрған. Ол әйелінің үш ұлына - Дмитрий, Денис және Сергейге өгей әке болды.
"Екеуі ажырамас еді, үнемі бірге демалысқа баратын. Ол балаларды өсірді, қарым-қатынасы керемет болатын, олар оған туған балаларындай болып кеткен еді", - дейді Николай Омаров өксігін басып.
Ер адам баласының өзі тұрып жатқан үйдің маңайындағы беткейді игеру мәселесі бойынша бұған дейін де арызданғанын, бірақ оның өтініштері бей-жай қалғанын айтты.
"Олар өте жақсы адамдар еді, тым жақсы, қазір ондайлар жоқ. Әрине, шығын болады, көмек артық болмайды. Жерлеуге, ас беруге. Әкімдіктен хабарласты, зиратқа бардық, орындарын көрсетті. Отбасылық кеңес құрып, қаза тапқандармен қалай қоштасу керегін шешеміз" , - деді ер адам көзіне жас алып.
Еске салайық, 8 ақпанда түнгі сағат 2-20-да Медеу ауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануынан лай көшкіні жүргені хабарланды. Төтенше жағдай салдарынан үйлерге зақым келді. Көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.
Кейінірек Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барып, шұғыл түрде көшпелі кеңес өткізді.
Ал Төтенше жағдайлар департаменті өкілі тұрғын үйлердің бірінің астында төрт адам қалуы мүмкін екенін, оның екеуі бала, екеуі ересек адам екенін мәлімдеп, құтқару жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Кейін төрт адам да қаза тапқаны белгілі болды.