Полицейлер екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады
Кезекті шақыртуға шыққан Қазығұрт ауданының учаскелік полиция инспекторлары ауыл көшелерінің бірінен жол қозғалысы ережесін бұзып бара жатқан жүргізушіні байқайды. Яғни полицейлер кешкі сағат 18:00 шамасында жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған, көшеде ерсілі-қарсылы жүрген "Daewoo Leganza" маркалы көлікті тоқтатты.
Тәртіп сақшылары көлікке жақындап, тексеру кезінде жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Сонымен қатар тексеру барысында оның 2020 жылы мас халде көлік басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің "орта дәрежелі" мас күйде екені анықталды.
Полиция қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тергеу жүргізуде.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі