Ел тағдыры үшін дауыс береміз!
Дүниежүзіндегі елдердің басым бөлігінде мемлекет басшысы халықтың таңдауы арқылы сайланады. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Биыл 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өткізілетіні баршаға мәлім. Жалпы, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы алты рет 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылдары өткен болса, оның басым бөлігі кезектен тыс болып есептеледі. Ал, жетінші сайлауды өткізу не үшін қажет болды? Алдымен осыған тоқталайық.Саяси сарапшылардың пікірінше, алдағы сайлау ең алдымен – еліміздегі соңғы бірнеше жыл бойы жүргізіліп келе жатқан реформалардың жалғасы әрі саяси жүйені қайта жаңғыртудың тиімді тетігі. Олай дейтініміз, біріншіден – бұл саяси науқанның өтетіні ел тарихында алғаш рет алдын ала жарияланды. Бұл қазақстандағы саяси күштердің сайлауға алдын-ала дайындалуына мүмкіндік берді деп ойлаймын. Сонымен қатар, биылғы жалпыхалықтық референдум нәтижесіне сәйкес, мемлекеттегі саяси партияларды тіркеу біршама жеңілдетілді. Демек, жаңа саяси күштер өз кандидаттарын еркін ұсыну мүмкіндігіне ие болды деген сөз.
Сондай-ақ, бұл шешімге әлемдегі шиеленіскен геосаяси жағдай да әсер еткені айқын. Себебі, біз көршілес Ресей мен Украина арасындағы соғыстан, Армения мен Әзірбайжан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстардан сабақ алып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға ерекше назар аударған жөн. Халықтың бірлігі және елдің әл-ауқатын арттыратын ұзақмерзімді, тың бағдарламалардың жүзеге асырылуына күш салсақ, діттеген мақсатқа жетеміз. Осы тұрғыдан алғанда жеті жылдық әрі бір реттік президенттік мерзімнің тиімділігі мол болады деп болжанып отыр. Тиісінше, осыған дейін орын алған саяси реформалар, кезектен тыс Президент сайлауы, келер жылдың көктеміндегі Парламент және мәслихат сайлаулары, халықтың ауыл, аудан, қала мен облыс әкімдерін сайлауы елдегі дамып келе жатқан демократияның, саяси жүйенің жаңғыруының негізгі көрінісі болмақ.
Сонымен, бүгінгі таңда кандидат ретінде ұсынылған үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері еліміздің түкпір-түкпірін аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жалпы, бұл сайлауды мемлекет басшысын таңдау ғана емес, ел болашағы үшін жасалатын маңызды қадам деп есептегеніміз дұрыс. Осы орайда түркістандық тұрғындардың саяси науқандарға өте ыждахаттылықпен атсалысып, еліміз бойынша үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргенін атап өткім келеді. Мәселен, 2019 жылы өткен кезектен тыс Президент сайлауында өңірдегі 1 181 946 сайлаушының 1 002 178-і немесе 84,8 пайызы дауыс берсе, 2020 жылы өткен ҚР Парламенті мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында 1 160 196 сайлаушының 748 643-і немесе 64,5 пайызы таңдау жасаған.
Ал, биылғы жылдың 5 маусымында ҚР Конституциясына өзгерістер енгізуге байланысты өткізілген жалпыхалықтық референдумға 1 162 994 сайлаушының 940 288-і қатысып, 80,66 пайыздық көрсеткішке ие болған Түркістан облысы көш басынан көрінді. Бұл – өңір тұрғындарының еліміздегі саяси үдеріске бейжай қарамайтындығының және сайлауалды үгіт-насихат жұмысын жүргізетін өкілдердің аянбай еңбек еткендігінің айқын белгісі. Және облыс азаматтарының 20 қараша күні өтетін сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасайтындығына сенемін!
Құрметті отандастар!
Жаңа, теңқұқықты, тұрғындардың қауіпсіздігі мен бостандығы қамтамасыз етілетін, ұлттық байлықтың игілігін әр азамат бірдей көретін Қазақстанға бірге қадам жасайық!
Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты