Сайлаушылар белсенділігі демократиялық өзгерістерді нығайтады
Бүгінгі таңда елімізде қоғамдық-саяси өзгерістер жүріп жатқаны белгілі. Қазір мұны жұртшылық бұрынғыдан да жақсы сезініп, Қазақстандағы алдағы оң өзгерістерге халық көбірек атсалысуда. Осының аясында көптеген адам жаңартуларды күтіп отырғаны да анық. Бұл ретте, елімізде Президент сайлауы қараша айының 20 жұлдызында өтеді деп жоспарланғаны баршамызға мәлім.
Биылғы кезектен тыс өткізілетін сайлаудың маңыздылығы – елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгерте отырып, экономиканы тұрақты дамытып, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартатын міндеттерді жүзеге асыру.
Әділетті Қазақстанды құру жолында реформаларды жүзеге асыру үшін халықтың сенім білдіруі маңызды. Сол үшін, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарап, Президент мандатын 7 жылдық мерзіммен шектеуді және қайта сайлануға тиым салынуын ұсынды. Бір реттік президенттік билікті енгізу Мемлекет басшысының барлық күш-жігері мен барлық әлеуеті дәл бір мерзімге шоғырлануы, реформалар мен қайта құрулар келесі мерзімге қалдырылмауы үшін қажет.
Бұл сайлау Жаңа Қазақстанда жаңа нәтижелерге бастап, елдің басын біріктіретін сайлау болады деген сенімдеміз. Шындығында өзгерісті мемлекеттен күтпей әр азамат өзінен бастауы тиіс деп ойлаймын.
Әрбір азамат еліміздің бірлігі мен тұтастығын сақтау жолында, отбасымен сайлауға міндетті түрде қатысып, өз таңдауларын жасап, өзгерістерге үлес қосады деген пікірдемін.
Мен Қазақстан халқы 20 қарашада «Жаңа әрі әділетті Қазақстан» үшін дұрыс таңдау жасайтынына сенемін.
Ержан ИСАТАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының директоры