Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Әлі күнгі мақтанышымыз – «ата-бабамыз аттан түспеген жаугершіл болған» деген дақпырт атақ. Ақындарымыз әлі күнге дейін соны жырлайды. Әлбетте Доспамбет, Махамбет секілді тарихи феномендер болған. Алайда бүгінгі таңда әкімнен алған пәтердің есігін іштен жауып алып, «мен көк бөрімін!» деп өлең жазу маған күлкілі секілді.
Cіздер Шыңғыс ханды дәріптесеңіздер, онда Гитлер де керемет. Онда Наполеон да, Сталин де керемет. Егер Сіздер адамның ұлылығын оның парасатымен, ізгілігімен емес, тек жаулап алу құдыретімен өлшесеңіздер, онда Шыңғыс ханға табынасыздар. Бірақ, Шыңғыс ханға табынған қоғам ешқашан ізгілікті қоғам болмайды.
Қоғамды бұзатын – Шыңғыс ханды қазақ қылғысы келетін жазушылар, тарихқа араласатын көріпкелсымақ депутаттар мен сенаторлар, руын дәріптеп, азғантай тобырға көсем болғысы келетін алаяқтар.
Қорқақ адамның барлығы билік басындағы біреудің қара күшін пір тұтады. Біреуге зорлық-зомбылық жасаған адамды керемет көреді.
Қазақтың аңызында, фольклорында Шыңғыс хан туралы бірде-бір жағымды сөз жоқ. Оны ойлап тауып жүрген кейінгі сауаты шамалы, комплекстары бар жазушылар.
Сен, мысалы, пәтер алу үшін президентті мақтадың не, немесе атақ алу үшін министрді мақтадың не, әкімді мақтадың не – өзіңнің руыңды, ұлтыңды мақтау тура сондай жағымпаздық.
Біз өзімізді рухани бай халықпыз деп мақтағанды жақсы көреміз. Батыс елдерін рухани азғын дейміз. Алайда жемқорлықтың көкесі оларда емес, бізде. Тұлғадан «культ» жасау, көсем іздеу, жеке басқа табыну – дамымаған қоғамның бәріне тән.
Дархан Әбдік