Әйгілі Ванганың өзі бас иген Қарамолда әулиенің қасиеті
Жер астында пері оқуын оқыған, сәуегей Ванганың өзін таңғалдырған Қарамолда әулие жайлы естігендеріңіз бар ма? Қарақұмның иен даласында жападан жалғыз құмның ортасында өмір сүрген емші әрі көріпкел Қарамолда ата талай жұртқа шипа берген дейді жұрт.
Көзі тірісінде елдімекендегі балаларды пышақсыз сүндеттеген. Ел аузындағы қасиетті әулиенің аңызға айналған әрекеттерін, жерасты үйі жайлы баяндаймыз, деп хабарлайды Евразия арнасы.
Балаларды пышақсыз сүндеттеген, талай жұртқа емшілігімен шапағаты тиген Қарақұмдағы Қарамолда әулие жайлы естімеген жан кемде-кем шығар.
Қасиет қонған қария Шәкен ауылының ар жағындағы Тапа деген төбенің үстінде, шалғайдағы құм ортасында жападан жалғыз өмір сүрген екен. Тіпті, Қарақұмның қолайсыз ауа-райы, иен даласы, ойық-ойық жолдары да емшіге асыққан халық нөпірін тоқтата алмаған.
Қазалыдан 150 шақырым жерде орналасқан Қарамолда жерасты үйіне кейбір адамдар екі айлап жаяу жүріп, болмаса атқа не мынадай түйелерге мініп барған дейді.
Діттеген жерімізге 3,5 сағат жүріп жеттік, әне-міне дегенше біз іздеген үйдің де төбесі көрінді. Аты аңызға айналған емшінің қара шаңырағында бұл күнде 78 жастағы ұлы Жақсылық ақсақал отыр. Ал әулиенің дүйім жұртқа әйгілі болған жерасты үйі әлі де өз қасиетін, киесін жоғалтпаған.
Қарақұмда талай жанға шипа берген Қарамолда ата дәл осы жерасты үйінде 100, тіпті 1000 адамды қабылдаған. Бүгінде бұл қара шаңырақтың тұрғанына шамамен 1 ғасырдан астам уақыт өтіпті. "58 жылдан бастап 92 жылға дейін балалардың барлығын қолымен сүндеттеп шықты", - деді ұлы. Ел аузындағы әулие ата жер астында перінің оқуын оқыған деген аңыз бар. Көз көргендердің сөзінше, әулиенің алдына ұлты да, елі де басқа жандар келіп, ем алатын болған. Ал оның қасиетіне сенбей, дәрігерге қайтып барғандар ауыр сыртқатқа шалдығып, көп ұзамай дүниеден озған.
"Жазылып айығып кеткендер көп болды. Сенбей балаларын дәрігерге алып барғандар балаларын ауыртып алып, жазым етіп алғандар болды. Түргеліп отырып алдына артына жастық қойып ұйықтайтын еді", - деді ұлы, шырақшы Жақсылық Байжан.
Әулие атаның жерасты үйін іздеп келетіндердің қарасы әлі де азаймаған. Тіпті ішіндегі жасау-жабдығы, қазан-ошақ пен ыдыс-аяғына дейін келушілердің иелігінде. Атаның отырған жеріне аунап, мінәжат етеді. Ал келесі күні құлан таза айығып кетеді екен.
"70-жылдан бастап адам келе бастады, күн-түн демей. Сол кісілерге міндетім қызмет істеу. Осы далада босанып жүрдік. Жетісіне 2 рет автобус келеді. Тола автобус, азанда 09-00 шығады, ерте шайын беріп сөйтіп қызмет істейтінбіз", - дейді Қарамолда әулиенің келіні Айжамал Қозыбағарқызы.
Қазалыда тұратын Нұрлан Қанат Қарамолда әулиенің қасиетін көзбен көрдім дейді. Бала күнінде әулиенің өзін пышақсыз сүндетке отырғызғанын әлі есінде екенін айтады. Тіпті өзімен қатарластарының барлығы дәл осы жерге келіп сүндеттеліпті. "Өз көзімізбен көрдік, 6 жасымда әкем алып келіп пышақсыз сүндетке отырғызды. Осы кісіден сүндетке отырдық. Жыл сайын қорымына келіп зиярат етіп тұрамыз", - дейді Шәкен ауылының тұрғыны Нұрлан Қанат.
Қарамолда әулиенің азан шақырып қойған аты Әлмұхаммед. Әкесінің есімі - Қалдыбай. 100 жасаған емші Бұқарадағы атақты «Көкілташ» медресесінде оқыған. Ал абыз ақсақалдың қасиетіне алыстағы болгарлық сәуегей Ванга да бас иген. "Украинадан келген адамдар болды арасында. Сөйтсе Ванганың өзі сілтеген. Тұран ойпатында осындай ақсақал бар деген.
Олар келіп, емделіп кеткен. Оның отырған жерінін киесі әлі өшкен емес. Отырған жертөлесін өзіне шын ниетімен келген адамдар баласын аунатып алса сүндетке отырып жатыр. Ниеттеніп барғандар. Оны көзіміз көріп жүр енді", - деді Қарамолда әулие мешітінің шырақшысы Амантай Темірбайұлы. Аты аңызға айналған Қарамолда атаға мұндай қасиет 17-18 ғасырда өмір сүрген Қуандық бабасынан дарыған көрінеді. Әулиенің кітап ашып, ішірткі, дұға, бойтұмарға дем салу негізгі емі болған. Тек атаның қасиетті кітабы сақталмапты, өйткені әлдебіреулер ұрлап кетіпті.
Осылайша, емдегені үшін ешкімнен ақы сұрамаған, дүниеге қызықпаған емші 1992 жылы өмірден озған. Ал қайтыс боларында басына күмбез орнатпау жөнінде өсиет айтып кетіпті. Әулиенің қорымы қарапайым тастармен ғана қоршалған.
Марат Сқақовтың парақшасынан