«Жаңа Қазақстанның» жаңа бастамалары қуантты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауының жөні бөлек, жосығы ерек болды. Ширек ғасырдан астам уақыттағы жеткен жетістіктерімізге оң бағасын берген Президент қоғамның қордаланған, өзекті мәселелерінде алға тартып, шешімін табуға бағытталған нақты бастамаларын айтты. Кешегі «Қаңтар оқиғасы» кезінде елдік мақсатты көздеген жанашырлар мен арам пиғылды көздеген сатқындардың әрекетін жіктеп берді. Қоғамның тұтастығын сақтауға талпынаған барша Отандастарға алғысын айтып, ел іргесіне іріткі салған іштен шыққан жаулардың лайықты жазасын алатынына сендірді. Бұл бастаманың алғашқы қадамдарын біз бұған дейін де көрдік. Көзіміз жетті.
Бүгінгі жолдау мүлде басқа бағытта өрбіді. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кемшім тұстарды айтқан Мемлекет басшысы олардың халыққа тиімділігін арттыру үшін жаңа бастамаларға көшу керек деп, алдағы уақытта ел басқару ісіндегі жүйенің басты өзгерістеріне тоқталды. Барлығы да көңілге қонарлық, қолдауға тұрарлық істер. Іске асса, елдің баянды болашағына жол ашады деп сенемін.
Әсіресе, облыс өңірлерінің тарихи маңыздылығын ескере отырып, әкімшілік аумақтарға өзгерістер енгізу туралы ұсынысы еріксіз көңіл толқытты. Шығыстан «Абай» облысын, Оңтүстіктен «Жетісу», Орталықтан «Ұлытау» облыстарын құру туралы шешімі – нағыз ұлттық мүддені көздейтін азаматтың ұстанымы деп түсіндік. Бұл бастамаларға халықтың сұранысы түрткі болғаны айдан анық.
Қоғам қайраткері, қазақ тарихындағы аса көрнекті тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың есімін Қапшағай қаласына беру туралы бастама көтеріп, халық қолдаса шешім қабылдауға дайын екенін айтты. Бұл әңгіме әуелден ел арасында жүрген ең өзекті мәселе екендігін ескерсек, көп ұзамай Қазақстан картасында Қонаев қаласы пайда болатыны сөзсіз.
Мен бүгінгі Жолдаудағы басымдық берілген бағыттарға ғана тоқталдым. Жолдауды толықтай саралап, бағамдаған адам «Жаңа Қазақстанның» жарқын, баянды болашаққа бағыттайтын бейнесін көретіні анық.
Әрбір бастама жемісті, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Жеңісбек Мәуленқұлов,
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы