Ринат Зайытов митингіде не үшін соңына дейін тұрмағанын түсіндірді
Ринат Зайытов 2019 жылы президент сайлауынан кейін ұйымдастырылған митинг жайлы сөз қозғады. Айтыскер РОВД-да өзіне не айтылғанын, не себепті халықты таратқанын Talim TV арнасына берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Заң органдары Зайытовты ұстап әкеткен соң, айтыскер ел алдына шығып, митингке жиналған халықты таратқан болатын. Содан кейін жұрттың ойында "Билік Ринатқа не айтты?" деген сауал тұрды. Айтыскер:
"Дым болған жоқ, құрысын. Отырып, сұрайды. Бос әңгіме. Өйткені сені тергеп отырған милиция да, КНБ-щник та іштей ешқандай кінәң жоқ екенін біліп отырады. Өзі бишара қысылып отырады. "Білесің ғой, біздікі жұмыс қой, маған бұйрық берді" деп екі сөзінің бірі сол", - деді.
Сондай-ақ, Зайытов неге митингте соңына дейін тұрмағанын түсіндірді.
"Тұрғанда не болады ал? Мысалы, көзімізге елестетіп көрейік. Дәл сол күні бүкіл Қазақстаннан 1 миллион адам шықты.
Үкімет кетіп қалды деп елестетейік. Не болады ол жерде? Менің заңды құқығым жоқ. Мен сайлауға түскен адам емеспін. Қазір мемлекетті басқарып кетемін деп айту да... Оны қалай басқару керектігін қайдан білесің? Наразылық білдіру, жалпы халықтың күші екенін көрсету өте қажет. Халық көшеге шыққан кезде биліктен адамдар звондай бастайды өзі. "Нендей талаптарың бар?" деп. Сол кезде халықты да ұстай алатын, мына жақпен де барып әңгімелесіп келетін кемі 10 адамнан тұратын топ керек.
Ал ана жерде жалғыз өзің тұрсың. Мұнда қаумалаған халық шуылдап жатыр. Менің даусымды ұрлады деп айта алмаймын, себебі сайлауға басқа адам түскен, ол ана жерде жоқ", - деді ол.