Басында несиесі бар келін түсіріп басыма бәле тілеп алдым

Oinet.kz 24-08-2021 9844

Күйеуім дүниеден озғанда баларымызды өз күшіммен аяқтарына тұрғызуға уәде бергенмін. Болашақта жақсы оқу орнына орналастырып, ибалы келін түсіріп, қызымды құтты орнына қондырамын, немерелерімнің қызығын көремін деген ой да болды. Бүгінде мақсаттарымның бірі орындалса, бірі сол күйі қол жетпес арман болып қала берді...

Screenshot_5.jpg

Жасым 47-те. Екі ұл мен жалғыз қызым бар. Тұңғышым бір жыл бұрын үйленді. Жастар отбасын құрамыз деп шешкенде ұлыма біраз ақылымды айтып, аяққа нық тұрып алуын өтінгенмін. Себебі ол кезде жоғарғы оқу орнын енді тәмамдап жатқан еді. Сөзіме құлақ түрмеген соң, өміріне балта шаппайын, бағын байламайын деп, сүйгеніне қосылуға келісімімді берген едім…Қазір сол кезде болашақ келінім мен оның отбасы жайлы өзгелерден сұрастырып, кіммен құда болғалы жатқанымды неге зерттемегенмін деп жер соқпақтаймын.

Баламның тілегін жерге тастамай, араға ұзақ уақыт салмастан келінді ұзатып, үйге әкелдім. Құдалығын өткізіп, бар салт-жоралғыны орындадық. Оған дейін аста-төк той жасамай, екі жақ бірігіп, жастардың қалағанын әперейік деген ұсыныс та болған. Бірақ құдалар “Қызым ақ көйлегін киіп, ел қатарлы шаңырақ көтерсін” деген соң, балам екеуіміздің жиған-тергенімізді қосып, той жасадық. Ол жағынан қиындық болған жоқ.

«Құдалардың көңілін таптық, борышымызды өтедік» деп ойлап жүрген кезде ұлым келіннің басында үш миллион теңге несие бар екенін айтып, төбемнен жай түсірді. Сөйтсек, құдалар ұзату тойды қызының атына қарыз алдыртып жасапты. Енді олардың ойынша сол қарызды біз төлеуіміз керек екен. Бәрінен бұрын құдағидың: “Қызымыз енді сендерге өмір бақи қызмет етеді. Олай болса неге төлемеске?” деген сөзі таңғалдырды. Тойдың алдында ұлым болашақ құдаларымыздың тым қарапайым екенін, тіпті, нашар тұратындарын айтқан болатын. Сол себепті оларға барынша түсіністік танытып, ештеңе сұрамадым. Ұзатуды дүркіретіп өткізген де жоқ, келіннің артынан келген жасауына да тағылған мін көп болды. Қазір кейде ақша расымен де тойға кетті ме деген ойлар келе бастайды екен.

Не де болса келін түсіргенімізге бір жылдан асты. Ай сайын несиесін өтеп келеміз. Көнбеске амал жоқ. Ұлымның бағы сол қыз болған соң, үндемедім. Келін жақында босанып, декреттік демалыста отыр. Үйде балам екеуіміз ғана жұмыс істейміз. Оған қоса баланың ай сайынғы шығындары бар. Басымызда өзіміздің баспанамыздың барына шүкір деймін. Әйтпесе келінімнің қарызы қалтамызды әбден қақты.

Өзім де бүгінде бой жетіп келе жатқан қыздың анасымын. Бірақ оның болашақта ата-енесінің алдында басын төмен салбыратқанын қаламаймын. Құдаларымның түсінігіне әлі күнге дейін таңданамын. Шаңырақ көтергелі отырған қызының басына қарыз артып қойғанына жол болсын. Ондай келіннің отбасында қандай қадірі қалсын? Бір жыл бойы көзіме күйік болып, әр істеген ісі титығыма тиіп жүрді. Тіпті, қызыма ештеңе істетпей, бар шаруаны келініме ысырып қойдым. Үйге шаршап келген күні тамақ дайын болмай, үй шашулы тұрса да қызыма емес, келініме ұрсатынмын. Бір сөзбен айтқанда оны ұзақ уақыт қабылдағым келмеді. Әлі күнге дейін қаржылай қиындыққа тап болсақ өшімді келінімнен ала жаздаймын. Ол тек басын салбыратып үнсіз қалады. Кейде өзін аяп кетемін. Дейтұрғанмен балам үшін бәріне де шыдауға тиіспін. Шыдап келемін.

…Мен де ұл мен қыздың анасымын. Барлығын түсінуге де тырыстым. Бірақ, құда-құдағиымды түсіне алмаймын. Құрметті ата-аналар, қыз қонақ! Үйіңізге келген қонақ кетер кезде басына қарыз іліп қайтармайсыз ғой?! Сол сияқты қызыңызды тауар көріп, басына қарыз іліп, құтты орнына қондырмаңыздаршы! Өзімнің өмір тәжірибемнен айтайын – ондай келін қайткенде де сүйкімсіз болады екен! Келінімді аяймын. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің дегендей, келінім сол ата-анасының қағидасымен өмір сүрмесін деп тілеймін.  Болашақта менің немерем барған жерінде сүйкімсіз болып қалмаса деген тілегім ғана бар. Соны болдырмау үшін келінімді тәрбиелеп келемін.

Сырласу журналы

Трансвестит Ая қайтадан еркек болуға көнді (видео)
Президенттік жастар кадр резерві
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу