Қазақтың тілі тіл емес пе, сонда! - Белгілі саясаттанушы судьяны сынға алды
OINET.KZ - Белгілі саясаттанушы Азаматхан Әміртай жұмыс бөлмесінде 10 мың АҚШ доллары тәркіленген судья Светлана Жолмановаға қатысты пікір білдірді. Саясаттанушының айтуынша, судья мүлде мемлекетті тіл - қазақ тілінде сөйлемейді екен. Бұл мемлекеттік қызметкердің беделіне сын дейді саясаттанушы.
"Жақында ғана жұмыс бөлмесіне тінту жүргізіліп, ірі көлемде АҚШ доллары тәркіленген Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова бүгін баспасөз мәслихатын өткізді. Онда айтылған жайға қысқаша тоқталайық.
Судья бүй дейді: «Менің кеңсемде табылған 10 мың АҚШ доллары қарт анамды өзіме жақын жерге көшіру үшін ипотека арқылы пәтер сатып алуға арналған». Жоламанованың айтқанынан назар аударсақ, ол 10 мың долларды үйде сақтауға қорқып, жұмысқа әкелген. Ол бұл соманы досынан қарызға алған. Сол күні, Жоламанованың айтуынша, сағат 15:00-де ол банкке барғалы жатқан, бірақ 12:00-де тінту жүргізілген. Маған Жоламанованың ақталғаны, әдейі біреулердің ұстатқаны қызық емес. Таза болса ақталып шыға жатар. Мәселе судьяның қазақ тілін менсінбеуінде. Баспасөз мәслихатында ол бір ауыз қазақша сөйлемеді. Қазақша сұрақ қойған кейбір журналистерге орыс тілінде, Ресей тілінде жауап берді. Міне гәп қайда? Анандай қызметте отырған адам мемлекеттік тілді көзге ілмей өзге елдің тілінде сөйлеп отырса жетіскен екенбіз. Ақиқатын айтсақ, судья болып отырған адам екі тілді де білуі шарт. Алдына қазақ тілінде келген істерді қалай оқиды, қалай түсінеді. Әлде оларға қазақ тілін білу міндет емес пе? Түсініксіз. Жалпы мемлекеттік қызметке келетін азаматтардың бәріне мемлекеттік тілді білу, сөйлеу керектігін міндеттейтін кез келген секілді" - деп жазды саясаттанушы.