«Біртановтың түк кінәсі жоқ» - адвокаттар
Бүгін, 6 мамырда Нұр-Сұлтанда сотта бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үй қамағының мерзімін ұзарту мәселесін қарастыру жалғастырылады, деп хабарлайды Oinet.kz.
Біртанов 2020 жылдың 7 қарашасынан бастап үй қамауында болып саналады. Оның үй қамақта ұстау мерзімі 5 рет ұзартылды.
Кеше осы іс бойынша сот отырысында прокурор тағы да соттан Біртановты үй қамақта ұстау мерзімін 2021 жылдың 14 маусымына дейін ұзартуды сұрады, ал алдында бұл мерзім екі апта бұрын тағы қаралып, ұзартылған еді. Прокурор тағы да қосымша тексерулер мен басқа тергеу әрекеттері үшін көбірек уақыт қажет екенін алға тартты.
Прокурордың айтуынша, Біртанов тергеуге кедергі келтіріп отыр, өйткені ол алты ай бұрын (2020 жылы 24 қарашада) Швецияның Қазақстандағы елшісіне және Ericsson мен Ericsson Nikola Tesla компанияларына хат жолдаған, онда Ericsson Nikola Tesla платформасына тасымалдаушының орындаған жұмыс көлемін растайтын құжаттардың көшірмелеріне сұрау салынған.
Сонымен қатар прокурор Біртановтың отбасы мүшелерінен басқа адамдармен сөйлесуге тыйым салынған бұйрықты бұза отырып, отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдармен кездескенін айтты.
Прокурордан кейін экс-министрдің адвокаты сөз алды. Оның айтуынша, тергеу жалған ақпарат берген.
2020 жылдың 24 қарашасында Біртанов Швецияның Қазақстандағы елшісіне және Ericsson мен Ericsson Nikola Tesla компанияларына хат жолдаған деген болжам бар. Бұл мәлімдеме негізсіз және ойдан шығарылған, өйткені бұл хаттарды Біртановтың өзі емес, оның адвокаты Дмитрий Куряченко жіберген.
Прокурордың басқа адамдармен қарым-қатынасы туралы мәлімдемесіне келетін болсақ, сот шектеуі тек процеске қатысушылармен қарым-қатынасқа қатысты. Біртанов сот процесіне қатысушылармен кездескен жоқ және олармен байланысы болмаған.
Бұл арада Біртановтың әйелінің туған әпкесінің күйеуімен кездесу туралы сөз болып отыр, ал ол - отбасы мүшесі.
- Менің ойымша, Елжан Біртановтың айналасында жағымсыз көрініс қалыптастыруға тырысуда. Олар оны үйде қалдырғысы келеді, - деді экс-министрдің адвокаты.
Адвокаттар Біртановтың өзіне тағылған айып негізсіз екенін, оның кінәсі жоқтығын бірнеше рет қадап айтқан. Заңгерлердің айтуынша, Ericsson Nikola Tesla компаниясы құрған платформаның жұмыс істеп тұрғанын растайтын көптеген құжаттар бар.
Бұл істе ақша ұрлау жағдайының жоқ екенін және оның болуы мүмкін еместігін платформаны жасаған мердігер Ericsson Nikola Tesla компаниясының өкілдері де, платформаны қабылдаған және барлық қабылдау актілеріне қол қойған комиссия мүшелерінің де сотқа тартылмауы растайды. Тек осы платформаны жеткізуге келісімшарт жасамаған (2015 жылы, келісімшарт жасалған кезде ол министр болмаған), орындалған жұмыс актілеріне қол қоймаған немесе пайдалануға беру актілеріне қол қоймаған Біртанов қана жауапқа тартылып жатыр.
Экс-министрді үйқамаққа алу мерзімін ұзарту мәселесін сотта қарау бүгін сағат 10.00-де жалғасады