Үкімет ең төменгі жалақыны көтерудің бірнеше нұсқасын қарастыруда
Премьер-министр Асқар Мамин ең төменгі жалақыны көтеруге қатысты үкімет жоспарымен бөлісті.
- Үкімет халықтың әл-ауқатын жақсарту және табыстарының артуын қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді. Халықтың шынайы табысының деңгейін одан ары арттыру мақсатында ең төменгі жалақыны көтерудің бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Біріншісі – ең төменгі жалақыны инфляция деңгейінде көтеру. Екіншісі – ең төменгі жалақыны орташа айлық жалақының 30 пайызы мөлшерінде бекіту. Үшіншісі – ең төменгі жалақыны медициналық жалақымен байланыстыру мүмкіндігі, - деді мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Асқар Мамин.
Оның айтуынша, аталмыш нұсқалар республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды қажет етеді. "Дегенмен, биыл үкімет, республикалық жұмысшылар бірлестіктері және республиалық жұмыс берушілер бірлестігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа бас келісімді жүзеге асыру басталады.
Оны жүзеге асыру аясында ең төменгі жалақыны бекіту әдістемесі әзірленетін болады.
- Ең төменгі күнкөріс шегін анықтау тәртібі Қазақстанның "Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдері туралы" заңымен және ең төменгі күнкөріс шегін есептеу ережесімен регламенттеледі. Жалпы республика, облыстар, астана, республикалық маңызы бар қалалар және облыстық мәні бар қалалар бойынша ең төменгі күнкөріс шегі орташа есеппен жан басына шаққанда және негізгі жыныстық-жас топтары бойынша статистика органдарымен есептелінеді", - деді үкімет басшысы.