Түркия президенті Түркістанға келеді
Түркия президенті 31 наурызда Түркістанда өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне шақыру алды.
1. Түркия Республикасының сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Анкараға келді. Бұл туралыСыртқы істер министрлігі хабарлады.
Сапар барысында МұхтарТілеубердіні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады.
Министр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл 31 наурызда Түркістан қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитіне шақыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Түркия басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жолдауы табыс етілді. Анкараға сапары аясында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының төрағалығымен Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 6-отырысы өтті. Іс-шара барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың күн тәртібіндегі басым мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастырды. М.Тілеуберді өз сөзінде Түркия Еуразия құрлығындағы Қазақстанның маңызды, стратегиялық және сенімді серіктесі екенін атап өтті.
- Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты жоғары деңгейде екенін атап өтеміз. Бауырлас халықтарымыздың арасындағы мызғымас достық пен жоғары деңгейдегі саяси диалог біздің өзара тиімді стратегиялық әріптестігімізді тереңдетуге толық мүмкіндік береді, – деді Қазақстан СІМ басшысы.