Аймақты түлеткен тұлғалардың есімі ескерілді
«Сырдария» университеті – еліміздің оңтүстік қиырында, Өзбекстан мемлекетімен шекаралас жатқан шалғайдағы Мырзашөл өңірін өркениетті, мәдениетті аймаққа айналдырып отырған оқу ордасы.
Университет Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды тұлғаларының есімдерін мақтан тұтады», - деген пікірін негізге ала отырып, өсіп келе жатқан жас ұрпақ біліп өсуге тиіс Туған өлке, оны түлеткен Тұлғаларды таныту, сондай-ақ қазіргі уақытта аймақтарда өсіп келе жатқан урбанизация процестері және елдегі тұрақтылықты сақтау үшін тың идея тудырып отыр.
Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Оның бәрін жастар, студент қауым білуі тиіс. Сондықтан университеттің Ғылыми кеңесі 2020 жылдың 24 ақпанында өткен кезекті мәжілісінде маңызды шешім қабылдады. Рухани жаңғыру кезеңінде ұрпақ үшін маңызды қадам жасап, Мырзашөл өңірін, «Ақ алтынды» аймақты түлеткен, әкімшілік басқару, білім, ғылым, еңбек саласында мақтан тұтатын, қайраткер, белгілі ел басқарған тұлғалар: Ибадулла Үмбетаев, Жұмагүл Сәуірбаева, Спақұл Малдыбеков, Омарбек Нұржановтардың есімдерін жаңғырту мақсатында оқу корпустарына есімдерін беріп, орталықтар ашу туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты Ғылыми кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.
№7 Ғылыми кеңес мәжілісінің шешімі бойынша:
1.Университеттің №1 Бас оқу корпусы ҚР ҰҒА академигі Ибадулла Үмбетаев атындағы «Білім орталығы» деп аталсын.
2. №2 Оқу корпусы Социалистік Еңбек Ері Жұмагүл Сәуірбаева атындағы «Ғылым және мәдениет орталығы» деп аталсын.
3. №3 Оқу корпусы мен әкімшілік ғимараты ҚССР Жоғары Кеңесінің депутаты Спақұл Малдыбеков атындағы «Әкімшілік және өнер орталығы» деп аталсын.
4. №4 Оқу корпусы Ел басқарған тұлға Омарбек Нұржанов атындағы «Білім орталығы» деп аталсын.
Мырзашөл өңірін, «Ақ алтынды» аймақты түлеткен, әкімшілік басқару, білім, ғылым, еңбек саласында мақтан тұтатын, қайраткер, белгілі ел басқарған тұлғалардың мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы қоғамға пайдалы маңызды фактор болып табылады. Жастар тәрбиесіне, ұрпақтар сабақтастығына қосар үлесі мол.
Ләззат АБЕНОВА, ғалым хатшы, филология
ғылымдарының кандидаты,
қауым.проф.м.а.