«Барлығымыз қызмет қуамыз деп шындықты айта алмай қалдық» - Мәди Манатбек

Oinet.kz 04-03-2021

Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Мәди Манатбек тағайындалды. Мәди Манатбек еңбек жолын Шымкентте жергілікті ақпарат құралдарында бастаған.  Ел білетін журналист. Ол кейінгі жылдары елордадағы ақпарат құралдарында басшылық қызметтерді атқарған.

Мәди Манатбек.jpg

Десек те бұл Мәди Манатбекұлының мемлекеттік қызметтегі алғашқы баспалдағы. Оның бұл орынға конкурстан тыс, әзірге тек и.о. болып тағайындалғаны көп жәйтті байқатады. Шамасы бірден басшы болуға  еңбек өтілі жетпей қалған сияқты. Десек те М.Манатбекұлының Шымкенттің идеологиясын шыр үйіруге біліктілігі мен тәжірибесі әбден жетеді деген бек сенімдеміз. 

Осыдан екі жыл бұрын Мәди Манатбекұлы  әлеуметтік желідегі жазбасында:

- Барлығымыз қызмет қуамыз, жағдай жасаймыз деп шындықты ашып айта алмай қалдық. Қашанғы осылай жүре береміз? Ел қашанғы төменге кете береді? Жан-жағымыздың бәрі дамып жатыр, өсіп жатыр. Біз ше? Әлі сол феодализм заманында өмір сүріп жатқандаймыз. Әлі сол он жеті - он сегізінші ғасырда өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Мысалы, бір министрдің төрт орынбасары бар. Оның төрт кеңесшісі бар. Әр орынбасардың екі кеңесшісі бар. Не деген бітпейтін қызметтер бұл? - деп, биліктегі олқылықтардың бір шетін қайырған екен. 

Бұдан жаңа басшының бұған дейін біраз «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешіргенін,  «оппозициялық» көзқарастарға жиі орын беретін азамат екендігін аңғаруға болады. Айтпақшы бұған дейін Мәди Манатбектің шетелдегі оппозиционерлердің өткізген жиынында Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиевпен бірге түскен суреті жарияланып еді. Осыдан кейін бұл тағайындаудың жұмбағын қалай шешерімізді білмей отырмыз. Бұл сонда  Шымкенттегі шынайы демократияның көрінісі ме әлде адасқан ұлдың қайтып оралуы ма?  Оны уақытында көре жатармыз. 

Мәди Манатбекұлының шенеуніктік қызметте жүріп, шындықты қаншалықты шырқырап айтатынын, шаһардың ішкі саясатын қаншалықты өрге сүйрейтінін уақыт көрсете жатар. Қолға тізгін тиді. Жаңа басшыға іске сәт дейміз!    

Бес әкімінің аппаратын басқарған Әлімқұлов жылы орнын неге суытты?
«Nur Otan» депутаттардың рейтингісін жасайды


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×