Түркістан сарайының сырты бүтін, ал іші қандай?
Үшінші мегаполисте өзге мегаполистердегідей шығармашылық қызметкерлерді, оның ішінде эстрада, дәстүрлі өнер ұжымдары мен би және оркестр ұжымы аттестациядан өткізіліп барып жұмысқа алынатын болады. Әрине, бұл жолда жас буындарға баға беру үшін, әрі шеберлік сабағын жүргізу үшін опера және эстрада әншісі Толқын Забирова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, хореограф, «Astana Ballet» ұжымының көркемдік жетекшісі Алила Алишева келіп, өз бағаларын берді. Кемшіліктерді де айтып өтті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
– Мегаполис атағы тек қағаз жүзінде емес. Байқауымша, Шымкент күн өткен сайын жаңаруда адамдар да өзгеруде. Олар көрікті, өнерлі екендерін көрсетуде. Бірақ мәселе көп. Өнерлері жанып тұрған ұжымда 20-дан кем емес штат болса жақсы. Тағы бір айта кететін жай, өкінішке орай оны мен ғана білемін. Себебі кеше сахнада мен мастер класс өткіздім. Сіздерге балеттік линолеум керек. Ол әрине арзан емес, бірақ ол керек. Ана жер өте тайғанақ. Ондай темпте жұмыс істеу өте қиын. Мұндай жағдайда билеп жүріп жарақат алу, құлауы әбден мүмкін. Егер Түркістан сарайы сахнасын толықтай заманауиландырып жабдықтасаңыздар, республиканың түкпір-түкпірінен, тіпті, шетелдерден атақты өнер ұжымдары ағылатын болады,- Алила Алишева.
Сонымен қатар, Толқын Забирова да даңғарадай Түркістан сарайында өнер түрлерін дамытып, штат санын арттыру жөнінде ұсыныс айтты.
– Біз мұнда сын айту үшін емес, өнердің жанашыры ретінде келдік. Бір қуантарлығы, жастар біздің сынымызды дұрыс қабылдап жатыр. Қазіргі жас әншілерге ішкі рухани білім, ізденіс жетіспейді. Ал түйіндемесін оқысаңыз, білдей оқу орнын бітіргенін білесіз. Дипломы болғанмен, таланты жоқ әншілер алысқа бармайды. Яғни, диплом да, дарыны да болуы маңызды. Өз-өзін алдап жүре бергенше, өзіне лайық орнын тапсын. Одан соң Шымкенттей үшінші мегаполисте «Құрманғазы», «Отырар сазы» іспетті симфониялық-фольклорлық оркестр болуы тиіс деп ойлаймын. Ол үшін штат санын көбейту қажет. Түркістан сарайы сияқты үлкен киелі сахнаны шетелге шықса да ұялмайтындай дәрежеге жеткізіп, жаңғырту керек, - деп опера және эстрада әншісі Толқын Забирова өз ойымен бөлісті.