Кіндік шешеңіз кім екенін білесіз бе?

Oinet.kz 15-01-2021 1553

Халқымыздың әрбір ырым-тыйымы мен жөн-жоралғысының  астарында мән-мағына бар. Себебі ол ғасырлардан тамыр тартқан тектік қасиетімізде жатыр. Солардың бірі бүгінде ұмытыла бастаған «Кіндік шеше» ұғымы.

Кіндік шеше.jpg

Бұрындары қазақ аналары  перзентханада емес, қараша үйдің босағасында босанатын-ды. Бірақ сол кездің өзінде келінді босандырып алатын қолы жеңіл, епті апалар болған екен.  Ауыл адамдары оларды «ақ қолды ана» деп құрметтеген. Дала «акушерлері» немесе әйел дәрігері қызметін атқарған «ақ қолды аналарымыз» туралы  Зейнеп Ахметова: «Ана мен баланың жағдайының жақсы болуын, сәбидің аман-есен дүниеге келуін, сонымен қатар туытпен бірге болатын әртүрлі анау-мынау қауіп-қатерлердің болмауын, тіпті босанғаннан кейінгі күтіну жолдарын осы «аққолды аналар» қадағалап, ем-домын жасап, жас анаға ақыл-кеңестерін айтып отырған» деп жазады. (А.Болатханқызы).

Бұл кісілер, «ақ қолды аналар» акушер қызметін алмастырған  тәжірибелі аналарымыз. Бұдан бөлек босанушы ананың, не енесінің тілегімен кіндік шеше де тағайындалатын. Қазақта кіндік шешенің орны бөлек. Нәресте дүниеге келгенде ең әуелі кіндік шешесін көреді. Туманың ұл не қыз екенін хабарлап, анасынан, елден сүйінші сұрайтын да кіндік шеше. Баланың өз анасынан кейін ардақтап, құрметтейтін  екінші анасы  – кіндік шеше. Көбінде енелер келін құрсақ көтергеннен бастап «бәлен­шенің мінезі жібектей», «бәленше ісмер», «түгенше дастарқанды, жайсаң жан» деп ауыл келіндерінің жақсы қасиеттерін тізіп, алдын-ала кіндік шешенің «кандидатурасын» бекітеді. Болмаса, босанар  ананың өзінің қолқа салуымен кіндік шеше белгіленеді. Мысалы, менің анам да 10 перзентті дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеген жан. Алтын құрсақ анамның айтуынша, перзент­терінің барлығын абысын-ажындары, бірін қайын сіңлісі, бірде құрбысы Ғалия, тіпті бір перзентін қостың басында, егін орақтан қайтарда босанып қалып, әкеміз  кесіпті.

Қазақ баланың мінезі кіндік шешеге тартады дейді. «Тоғыз ай көтергенге емес, жерден көтеріп алғанға тартады», «шарананың кіндігін кім кессе соған тартады» деген тәмсіл бар. Расында баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. Кіндік шешені ардақтап, қадірлейтіні де, оған үлкен мән беретіні де сондықтан. Бұл жөнінде Зейнеп апамыз: «Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені жаңадан шыр етіп жарық дүниеге келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да бірден қабылдайды оны», – деп тәпсірлейді. Ол – рас. Анамыз біздің әрбір қылығымыздан, іс-әрекетімізден кіндік шешелеріміздің  мінезін көріп отырушы еді.

Расында бәріміздің кіндік аналарымызға тартқан мінезіміз, әдет-әрекеттеріміз болмай тұрмайды. Кейін 1970 жылы кентке (орталыққа) көшкенде, перзентханада Вера есімді неміс акушер босандырып, кіндігін кескен Қамбар інімді ауыл «неміс Қамбар» атап кетті. Жүріс-тұрысы мұнтаздай, тап-таза. Есебі мүлт кетпейтін оның шаруасына бәрі тәнті.  Еккен егінін де шашау шығармай жинап алады, тартқан атыз-арығы оқтай түзу, тізгіндеген «Беларусь» тракторында қылау жоқ, жиын-терінге сақадай сайлы тұратын Қамбардың бұл ұқыптылығы расында неміс шешесінен келген қасиеттер ғой деп топшылаймыз.

Кіндік шеше ұғымы қазақ әйелі  қараша үйде бақан ұстап босанбағалы үзіліп қалды. Бала  перзент­ханада туылады. Кіндігін акушер  не гинеколог-дәрігер кеседі. Ол адамның кім екенін мінезі қандай екенінен бейхабармыз. Абзалы, баланың кіндігін әркім кеспей, өзі танитын, сыйлайтын, өскен-өнген, бір әулеттің шырағын жағып, өрісін кеңейтіп отырған саялы бәйтеректей аналарымыз кескені дұрыс. «Біздің қазақ халқының психология­сының, мінез-құлқының өзгергені, кәдімгідей басқа жаққа қарай ауыңқырап кеткені осы жетпіс жыл бойы кіндігімізді кім көрінгеннің кескендігінде жатыр ма деп те ойлаймын кейде», – деген З.Ахметованың пікірі де ден қоярлықтай.

Бүгінде тұрмыс-дағдымыздан шы­ғып, үзіліп қалған бұл дәстүрдің ба­ла тәрбиесінде рөлі зор. Бабалары­мыз бала тәрбиесіне көңіл бөлуді құрсақта жатқаннан бастаған десек қателесеміз. Қазақтың ұрпақ тәрбие­сіне мән беруі жар таңдауда, келінге сырға саларда тұқым-тегіне қарап, таңдауынан басталған.

Қазір аналар босанарында перзентханаға енесін, әпкесін, құрбысын кіргізіп,  жас ананың толғағы жеңіл өтіп, дүниеге сәби әкелуіне сүйеу болатын көмекші адамды алып кіруіне рұқсат берілді. Кейде мұндай «сүйеу болуға» күйеулері де барып жатады. Қазақы ұғымда өте ерсі, ыңғайсыз болса да ондай жағдайлар кездеседі. Мұның орнына жаңа босанатын ана өзінің кіндік шеше сайлаған, лайықты адамын  алып кіруі керек. Сол адам кіндік кесуі керек. Рухани қайнарларымызға үңіліп, терең тамырымыздан нәр алуға бет бұрған бүгінгі күнде бабалардан қалған дәстүрді  жаңғыртып, жалғап, бала тәрбиесінің бастауында тұрған осы бір ерекше салт қазақ қоғамына қайта оралса, бұдан ұтпасақ ұтылмасымыз анық.

Әтіргүл ТӘШІМ.

"Замана" газеті

Мейрамбек жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды
Өрімдей жас депутат Мәди Ахметов өзін жағымпаз дейтіндерге жауап берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу