Мейрамбек жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАРТ» тобының әншісі Мейрамбек Бесбаев коронавирусқа шалдығып, ауруханаға түсті.
Бұл ақпаратты «МузАРТ» тобының директоры Ерлан Жүнісбай растады.
- Мейрамбекті кеше түсте жедел жәрдем алып кетті. Бірден жансақтау бөліміне түсті. Алдымен пневмония деген, кейін коронавирус екені анықталды, - деді Ерлан Жүнісбай.
Оның айтуынша, қазір әншінің денсаулығы жақсы.
- Қазір жағдайы жақсы. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырды. Телефонмен сөйлесіп отырамыз. Уайымдамаңыздар, жағдайы жақсарды. Онымен кеше кешке сөйлестім. Ол Қалқамандағы №7 аурухананың дәрігерлеріне алғыс айтқысы келеді. Қазақстандықтар мұның қаншалықты қауіпті екенін түсініп, олардан үйде отыруын және қонаққа бармауын сұрады, - деді «МузАРТ» тобының директоры.