Хим-биологтар жарады
Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында тоғызқұмалақтан ІІІ желілік спартакиада өтті. Биыл барлық Зияткерлік мектептерден спартакиадада 88 оқушы бақ сынады. Ежелгі ойынның жанкүйерлері алғаш рет өз қарсыластарымен онлайн форматта, PlayOk платформасы арқылы кездесті. Биылғы спартакиаданың ерекшелігі де осы.
Тоғызқұмалақ ойыны бойынша сайыс Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жиі өткізіліп тұрады. Спартакиада арқылы жас жеткіншектердің тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтары жыл сайын артып, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға септігін тигізуде. Бұл жолғы ойында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді. Үш жастық топта 7-9 сыныптар арасында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сынып оқушысы Әсел Рысбай ІІ орынды иеленсе, құрама командалар арасында мектеп ІІІ орын қатарынан көрінді.