Түркістандық шабандоздар – чемпион

Oinet.kz 13-11-2020 807

Көкпардан жастар арасында апта бойы жалғасқан Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының «Құлагер» командасы бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері аударыспақ, жамбы ату және теңге ілуден өткен елішілік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де анықталды.

Кілең мықты жігіттер бақ сынасқан көкпар додасына елімізден 9 команда қатысты. Биыл 15-рет жалауы желбіреген шабандоздар сайысының ақтық сынында Түркістан облысының командасы Жамбыл облысынан келген «Әулие-ата» көкпаршыларын 6:2 есебімен ойсырата жеңді. Жамбыл облысының көкпаршылары күміс жүлдегер, Алматы қаласының құрамасы қола жүлдегер атанды. Білектілер мен жүректілердің бәйгесі көкпарда Бағдәулет Сабырдың бағы жанды. Алты салымның бесеуін қазандыққа дәлдеп, шеберлігін көрсетті. Қазығұрттық өреннің бұл жеңісі өңір спортшыларының биіктен көрінуіне ықпал етті. 

Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерін жаңғырту мақсатында аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан да биылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу мен жамбы ату ер жігіттің ептілігін, күшін, батылдығын сынайтыны мәлім.  Әрі бұл ойындар Орталық Азия елдерінде кең қолдауға ие. Ұлттық спортты дәріптегендер бұл жарысқа тың дайындықпен келді. Әрі пандемия кезінде әбден сергіп, тынығып қалған спортшылар арасында бәсекелестік те жоғары болды. Апта бойына жалғасқан жарыста білекті де қайсар жігіттер арасында аударыспақтан 4 салмақта түркістандықтар жеңімпаз атанды. Мәселен, 70 келіде жеңістің тұғырынан түркістандық Дарын Өткелбай көрінсе, 80 келіде Расул Құрайыш, +80 келі салмақта Ғабит Ағабектің бағы жанды. «Ат жалын тартып,  дәстүрді жалғаған бала елшіл, халықшыл келеді. Ел дегенде, еміреніп тұрады. Сондықтан да, ұлттық спортты насихаттау келешек үшін кемел іс», дейді аударыспақтан аға жаттықтырушы Сырым Ізбасаров. Теңге ілуден  Ғалымжан Изжановтың мерейі үстем болды. Ал жамбы ату жарысында Жамбыл облысының саңлағы Бақдәулет Бабажан жеңімпаз атанды. Түркістандықтар Батыр Бексауыт күміс алқа, Ералхан Айкөз кола жүлдені қанағат тұтты.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттар мен медальдармен марапатиталды сондай-ақ, арнайы кубоктар табыс етілді. Сондай-ақ, аударыспақтан «Үздік спортшы» атанған Расул Құрайыш пен көкпардан «Үздік салымшы» номинациясына ие болған Бақдаулет Сабырға граммота табыс етілді. 

Хим-биологтар жарады
Ғалымды қолынан ұстап құрметтеген әкім елді сүйсіндірді (фото)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу