«Ауада ілініп тұрған» ауыл
Мызғымас одақ құлап, өз алдарына енші алған Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы шекара мәселесінде әлі күнге түсініксіз жайттар көп. Осы уақытқа дейін шекараның толық шегенделмеуіне байланысты үй-жайларын рәсімдеу алмай отырған елді мекендер бар. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Шекара шебіндегі аудан» атты мақалада осындай екі ауылдың проблемасы баяндалады.
Мақалада былай дейді:
Өзбекстан Республикасына қарасты болған Бағыс және Кескен (бұрынғы Хиебан) елді мекендері тұрғындарымен Қазақстан Республикасына өткен. Алайда Мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары бүгінгі күнге дейін толық аяқталмауына байланысты тұрғындардың тұрып жатқан тұрғын үйлері мен үйіргелік жер учаскелерін заңдастыру мәселесі шешімін таппай отыр.
Бүгінде Сарыағаш ауданы тұрғындарының арасында «көршің ерте тұрса, одан да ерте оян» деген қағида қалыптасқан. Әсіресе, көрші өзбек елінің диқандарымен арадағы шынайы бәсеке ерте оятатыны анық.
Егіншілік, бау-бақша шаруашылығы саласы бойынша жақсы көрсеткіштерге ие ауданда еліміздегі жылыжайлардың жалпы көлемінің 42 пайызы, ал облыстағы жылыжайлардың 63 пайызы тиесілі. Аумағы 696,8 гектарға жеткен жылыжайлардан бірінші айналымда 64 860 тонна көкөніс жиналып, саудаға шығарылды. Дегенмен оңтүстік қақпа саналатын, шекара шебіндегі ауданда ауыз су, мектеп, сапалы интернетпен қамту сынды өзекті мәселелер баршылық.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 14 мың шақырымдық шекараның 206,7 шақырымы Сарыағаш ауданының бойында. Яғни, Сарыағаш ауданы Өзбекстан Республикасының Қыбырай, Ташкент, Занги-ата, Жаңа жол және Шыназ секілді 5 ауданымен шекаралас. Шекара бойындағы аумақта аудан халқының 80 пайызы шоғырланған. Көршімен бәсекенің нәтижесіне тоқталармыз, алдымен осыдан үш жыл бұрын «Egemen Qazaqstanda» көтерілген бір мәселеге назар аударайық.
Де факто – қазақстандық, де юре – ешкім емес…
«Шекаралық аудандағы Бағыс, Хиебан (бүгінде Кескен), Достық елді мекендерінде ең өзекті де, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе бар. Соның бірі – Бағыстағы жағдай бүкіл елге жақсы мәлім. 1285 тұрғыны, 210 отбасы бар Бағыс елді мекеніндегі жер мәселесі 2001 жылғы 16 қарашада жасалған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарт күшіне енбеуіне байланысты шешімін таппай отыр. Сондықтан Өзбекстаннан өткен жерлерге кадастрлық нөмір берілмеуде. Қазақ ауылы әлі күнге Қазақстан картасына енбеген. Салдарынан шекаралы аумақтағы тұрғын үйлерге берілген мемлекеттік актілер заңсыз деп танылып, жергілікті жұрт әлеуметтік құжаттарды да ала алмай қалған. Елді мекендегі 210 үйдің 17-сі ғана Қазығұрт ауданына тіркелген. Осы секілді жағдай Құркелес ауылдық округінің Хиебан елді мекенінде де орын алып отыр. Ондағы 18 үйдің 116 тұрғыны «ауада ілініп» тұр. Яғни қолдарында Қазақстанның жеке куәлігі бар болғанымен, мекенжайы жоқ. Сарыағаш ауданында болғанымызда Хиебанға барып, осы мәселе бойынша тұрғындардың пікірін тыңдадық.
- «Құжат, жеңілдіктер қажет болғанда «мой адрес не улица, не дом...» деген өлеңді еске аламыз. Түсіністікпен қарайтын әкімдердің, ауылдастардың барына шүкір», - дейді тұрғындар.
- «Мен 1999-2004 жылдары делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссияның жұмыс тобына мүше болғанмын. Ол кезде аудан әкімінің бірінші орынбасары едім. Мынау тұрған шекара, көк бағана ортада тұр, – деді бүгінде зейнеткер Исақ Оспанов шекаралық белдеуді нұсқап.
– Содан бері қарай 30 метр шекара қоршалған. Бүкіл шекара бойындағы 30 метр қашықтыққа 2007 жылы мемлекеттік акті берілген. Шекарадан бері 32 гектар суармалы жер бар. Қазақстан жағында. Сол 32 гектардан беріректе үйіргелік жерлерімен 18 үй орналасқан. 2008 жылдан бастап мына 32 гектар жердің барлығына азаматтарға мемлекеттік акті берілді. Алайда 18 үй оны ала алмайды. Қазір қолдарында Қазақстан Республикасының жеке куәлігі бар. Басқа ешқандай құжаты жоқ. Тіпті, мекенжай анықтамасын ала алмайды. Өзінің тұрған үйіне мемлекеттік акті ала алмай отыр. Ешқандай жеңілдік жоқ. Бұл мәселе барлық тиісті мекемелерге айтылған. Бәрі біледі. Шешудің қандай жолы бар дейсіз ғой, айтайын. Аудандық мәслихаттың әкімдікпен бірлесе жасаған 2009 жылы шыққан қаулысы бар. Ол күшін жойған жоқ. Соны облыстық мәслихат бекітпей отыр. Облыстық мәслихат бекітіп, қаулы шығарып берсе болды, бар мәселе шешімін табады».
Бағыс пен Хиебандағы жағдай ұқсас. Ал Достық елді мекеніндегі 13 тұрғын үй мен 1 коммерциялық нысан мемлекеттік шекара белдеуінде қалып отыр. Үкіметтің 2014 жылғы №356 қаулысына сәйкес мемлекеттік шекара белдеуі 100 метр қашықтық деп белгіленуіне байланысты», деп жазыппыз «Оңтүстік қақпа еліміз туралы оң пікір қалыптастыра ала ма?» атты мақаламызда («Egemen Qazaqstan» 25 сәуір, 2017 жыл). Үш жылдан астам уақыт өтті, аталған мәселе шешімін тапты ма? Бұл сұрақты біз аудан әкім-дігіне жолдаған едік. Сарыағаш ауданы жер қатынастары бөлімінен төмендегідей жауап алдық:
«Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасын-дағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шартты бекіту туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі заңымен бекітілген екі ел арасындағы Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттiк шекарасы туралы шарт бойынша (Сарыағаш ауданымен шектесетін бөлігіндегі) Өзбекстан Республикасына қарасты болған Бағыс және Кескен (бұрынғы Хиебан) елді мекендері тұрғындарымен Қазақстан Республикасына өткен. Алайда, Мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары бүгінгі күнге дейін толық аяқталмауына байланысты тұрғындардың тұрып жатқан тұрғын үйлері мен үйіргелік жер учаскелерін заңдастыру мәселесі шешімін таппай отыр.
Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген елді мекендердің жерлерін Сарыағаш ауданының шекарасына қосу мақсатында Сарыағаш ауданы әкімдігі (29.03.2019 жылғы №131 қаулы) мен Сарыағаш аудандық мәслихатының (28.03.2019 жылғы №36-348-VI шешім) бірлескен шешімі қабылданып, түпкілікті шешім қабылдау үшін (05.04.2019 жылғы №1303 хат) Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облыстық мәслихатының қарауына ұсынылған. Мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Бағыс және Хиебан елді мекендерін Сарыағаш ауданының шекарасына енгізу жұмыстары жүргізілетін болады. Аталған мәселе облыс және аудан басшылығының тікелей бақылауында». Яғни бұл мәселе әлі толық шешілмей отыр.
600 орынды мектепте 2 мыңдай оқушы білім алады
Шипалы суымен танымал Сарыағаш ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту өзекті мәселенің бірі болып отыр. Дегенмен бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мысалы, биыл 7 айда Тегісшіл және Мәдениет елді мекендеріне құбырлар жүргізіліп, 38 немесе 53,5% елді мекен таза ауыз сумен қамтылды. Жылдың соңына дейін қосымша 3 нысанның құрылысын аяқтап, таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер санын 41 немесе 57,7%-ға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда 2 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлініп, мердігер анықталған. Құрылыс жұмыстары тамызда басталды, нысан 2021 жылға өтпелі. Аудан әкімі Мұхит Отаршиевтің бастамасымен жергілікті бюджеттің құрылым тәртібіне өзгеріс енгізілген. Ауылдардағы жол, мектеп, су, мәдениет, жарықтандыру, газ, абаттандыру сынды мәселелерді електен өткізіп, басым бағытты таңдау үшін ауданның ситуациялық картасы жасалған.
- «Сол ситуациялық картада ауданның тыныс-тіршілігі толығымен көрініс табады. Мысалы, мектепке байланысты алсақ, әр ауылдық округте қанша бала, оқушы бар? Қанша мектеп, қанша балабақша жұмыс істейді? Келесі жылы мектеп табалдырығын аттайтын балақайлардың саны қанша болады? Осының бәріне жауап іздейміз. Биыл проблема жоқ болғанымен, келесі жылы қиындық туындауы мүмкін. Өйткені Сарыағаш – демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі. Дұрыс жобаламасақ, мектепке оқушы сыйдыра алмай үш ауысымда оқуы да ғажап емес. Бұл бір ғана мысал. Басқаларын да осылай ситуациялық картаға қарап, алда атқарар жұмысты жоспарлаймыз», - дейді Мұхит Отаршиев.
Мектеп демекші, жуырда Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Достық ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды. Аудан әкімі тұрғындарға есеп беруге келгенде жұрт жиылып, 21 жыл бұрын асарлатып салынған, құлағалы тұрған мектептің жайын айтқан еді. Мұхит Баймұханбетұлы қабырғалары ағаш тіреулермен сүйелген ескі мектепті көріп, сол жиында-ақ жаңасын салуға уәде берген-ді. Ол орындалды, келер жылы ауылдың балалары жаңа мектепте оқитын болады.
- «Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселеміз еді. Өйткені Өзбекстанмен шекарамыз бекітілгеннен кейін амалдап, асарлатып салып алған мектебіміз апатты жағдайда. Жанайқайымызға құлақ асқан аудан әкіміне, оны қолдап-қуаттаған облыс басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Бақыт Айтөреев.
Иә, ауданда демографиялық өсім жоғары. Оқушылар қатары жыл сайын 4-5 мыңға көбейетіндіктен де мектепке деген сұраныс арта түсуде. Мысалы, аудан орталығындағы Самал шағын ауданының балалары мектепке сыймайды, 600 орынды білім беру мекемесінде 2 мыңдай оқушы оқиды. Кейбірі алыс болса да күре жолдың арғы бетіндегі білім беру мекемесіне қатынайды. Бұл орайда аудан әкімі Мұхит Отаршиев үш ауысымда оқытудың алдын алу мақсатында 900 орынды жаңа мектеп салу туралы ұсынысын облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевке жеткізген екен. Ұсыныс қолдау тауып, жаңа мектептің қазаншұңқырын қазу жұмыстары басталып кетіпті. Сондай-ақ құрылысы былтыр басталған Жібек жолы ауылдық округінде мектептегі қосымша ғимарат жақында пайдалануға берілмек. Ал, Жылға ауылдық округіндегі мектептің құрылысын келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Осы арада айта кетелік, интернетпен қамту, әсіресе оның сапасына қатысты ауданда мәселе көп. Ал 6 елді мекенде мүлдем интернет жоқ. Бұл орайда аудан әкімдігі «Қазақтелекомның» мамандарымен бірлесе ауылдық жерлердегі интернетпен қамтуға қатысты мәселелерді анықтап, шешуге бел буып отыр. Инвесторлар тауып, ауылдарға арнайы 4G нүктесін қою бағытында жұмыстар басталған.
Бәсекеге қабілеттінің бәсі биік
Сөз басында айтқанымыздай, көктем шыға дала жұмыстарын бастап ерте оянатын аудан диқандары көрші елдегі шаруалармен бәсекеге түскен. Яғни көрші өзбек ағайындардың өнімі келмей тұрып көкөніс, жеміс-жидекпен облыс, ауданды қамтамасыз етуге тырысуда. Сондай-ақ бір алқаптан үш өнім алу жобасы кеңінен қолға алынып отыр. Бүгінде 404 шаруа қожалығы қолдаған, жалпы егіс көлемі 921 гектар болатын инновациялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 36 704 тонна бірінші өнім жиналды. Екінші өнімді жинайтын күн де жақын. Жалпы, ауданда бірінші жартыжылдықта 31 844 млн теңгенің өнімі өндірілген, оның 11 634 млн теңгесі мал шаруашылығына, 20 210 млн теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына биылғы 6 айда 1,2 млрд инвестиция тартылып отыр.
Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы ғана емес, шипалы суымен де танымал. Әрине, пандемия шипажайлардың жұмысына кері әсерін тигізді.
- «Дегенмен шипажайларға жеңілдіктер жасалып, санитарлық шараларды күшейту жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берілді. Былтыр шипажайларға 720 мыңнан аса адам келген. Биыл 140 мыңдай азамат демалады деп жоспарлағанбыз. Өкінішке қарай, пандемияның әсерінен ол меже орындалмай отыр. Бірақ соның өзінде биыл 100 мыңнан аса азамат шипажайларға келіп демалады деген болжам бар», - дейді Мұхит Отаршиев.
Сондай-ақ тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында табиғи газбен қамту мәселесі де басты назарға алынған. Бұл орайда ауданның 71 елді мекенінің 37-сі немесе 52,1%-ы «көгілдір отынмен» қамтылған. Қамтылмай тұрғаны 30 елді мекеннің ішінде шалғайда орналасқан экономикалық жағынан тиімсіз 4 ауыл бар.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
Түркістан облысы.
«Егемен Қазақстан», 8 қыркүйек, 2020 жыл.