Түркістанда отставкіге арыз жазатын алғашқы шенеунік белгілі болды
Түркістан облысында отставкіге арыз жазатын алғашқы шенеунік белгілі болды. Ол - Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев.
Жуырда аталған аудандағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиевке қатысты соттың айыптау үкімі шықты. Сот ауыл әкімін пара алды деген айып бойынша кінәлі деп тауып, оған 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасын тағайындады. Соттың сотталушыға айыппұл салу жазасын бекерден бекерге тағайындамайтындығы айтпаса да түсінікті. Ондай жеңілдетілген жаза өзінің кінәсін мойындаған сотталушыға ғана қолданылады.
Расында да істің мән-жайына қарағанда, ауыл әкімі өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, құзырлы органдармен процестік келісім жасасқан. Оның кінәсін мойындамасқа амалы қалмағаны аңғарылады. Өйткені пара сұрау, алу оқиғасына қатысты мән-жайдың бәрі көзбен көргендей, қолмен ұстағандай. Бәрі де әдеттегі, бәрі де ауыл әкіміне тән жағдай.
Сот үкіміне қарағанда, мамыр айында Құрманалиева бір азамат келіп, мал шаруашлығымен айналысу үшін жер сұраған. Әкім бұл қызмет үшін 400 мың теңге пара дәметкен. Ертеңіне ол ақшаны алып, «Нива» көлігімен тас жолға шығып бара жатқан жерінде қолға түскен. Айғақтық зат көліктен табылған.
Процестік келісім болғаннан кейін соттың істі жеделдетілген тәртіппен қарағаны байқалады. Сотталушыға шығарылған үкім бір-екі күнде күшіне енуі мүмкін. Өйткені процестік келісім болғаннан кейін оған ешкімнің апелляциялық шағым бермейтіндігі түсінікті. Яғни, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арызды осы тамызда жазуы әбден ықтимал. Ал оның отставкісін облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қабылдай ма, жоқ па? Бұл енді уақыттың еншісіндегі дүние.
Жалпы, соңғы жылдары Келес сыбайлас жемқорлықпен аты шыққан ауданға айналып барады десек артық айтқанымыз емес. Бұған дейін ақпарат құралдарында аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Әбдиевтің пара берді деген іс бойынша тергеушілерге жауап беріп жатқаны жарияланған болатын. Осыдан кейін Келес аудандық спорт бөлімі басшысының бір миллион теңге парамен ұсталғаны туралы мәлімет таратыла бастады. Алайда құзырлы органдар бұл жөнінде ресми ақпарат таратқан жоқ.