«Қандай мемлекетте болсын өз азаматын қорғайды» - қамауға алынған журналистің жары (видео)
Күні кеше журналист Мирболат Бишуиновтың аппеляциялық соты өтті. Ол Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында пикетке шыққаны үшін 3 тамызда "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамада белгіленген тәртіпті бұзды" деп айыпталып, 15 күнге қамауға алынған, деп хабарлайды Oinet.kz Qamshy.kz порталына сілтеме жасап.
Мирболат Бишуинов акцияны Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның "Қазақстан мен Қытай әскері аймақтағы түрлі-түсті революцияға қарсы бірге күреседі" деген мәлімдемесіне наразылық ретінде жасаған.
Журналист жақтастары Алматы қаласы Медеу аудандық соты шығарған шешіммен келіспей, қалалық сотқа шағымданған.
Келушілер карантинге байланысты сот шешімін сыртта тосып тұрды.
Аппеляциялық сотқа Бишуиновтың адвокаты қатыспады. Журналист жақындарының сөзінше, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро тарапынан тағайындалған заңгер сот болатын күні телефон тұтқасын көтермеген.
Белсендінің таныстары адвокаты жоқтығынан сот шешімінің қандай болғанын бірден біле алмады.
Судья хатшысы шешім туралы ақпарат тәулік ішінде берілетінін айтқан.
Артынша Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын Қамшы тілшісіне Мирболат Бишуиновтың арызы жартылай қанағаттандырылып, 15 тәулікке қамауға алу мерзімі 4 тәулікке дейін қысқартылғанын хабарлады.