Өмірзақ Шөкеев: Науқастар орын, дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналмауы тиіс
Аймақта жағдай өте күрделі. Барлық аудандарда індетпен күрес мақсатында тиісті шаралар қолданылуы қажет. Науқастар ауруханаларда орын және дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналмауы тиіс.
Түркістан аумағында коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстарының барысы баяндалған мәжілісте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Сондай-ақ өңір басшысы қазіргідей қиын сәтте облыстың барлық аудан, қалаларында және әрбір елді мекендерде карантиндік шектеу режимін күшейтіп, талапты қатаң түрде сақтауды тапсырды. «Атап айтқанда, тұрғындар көшеге тек бетпердемен шығуы және халық көп шоғырланатын орындарда міндетті әлеуметтік арақашықтықты қатаң түрде сақтауы тиіс, облыста құрылған мобильді топтар жұмысын жандандырып, жүйелі түрде жүргізсін. Шектеу шараларын бұзып, заң бұзушылықтарға жол берген жеке және заңды тұлғаларға түсіндіру шараларын, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданғаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік мессенджерінде кеңінен насихаттауды тапсырамын»,-деді Өмірзақ Естайұлы.
Карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын нысандарға тексерулер жүргізу алгоритміне сәйкес, облыс аумағында 71 топ жасақталған. Тексеру жұмыстары 6229 нысанда жүргізіліп, карантин талаптарын бұзған - 1269 нысанға ескерту актілері берілген. Ескерту актілері берілгенімен, карантин талаптарын қайта бұзған 67 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды. Оның ішінде 45-і жергілікті атқарушы сот органдарына жолданып, соттың шешімімен 2 жеке тұлғаға 5 АЕК және 2 жеке кәсіпкерге 100 АЕК есебінде айыппұл салынған. Аппарат мәжілісі барысында Өмірзақ Естайұлына атқарылған жұмыстар туралы баяндалып, атқарылар шаралар бойынша да мәліметтер ұсынылды. Аймақ басшысы нақты тапсырмалар жүктеп, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының тікелей жауапты екендіктерін ескертті.
Сондай-ақ аппарат мәжілісінде Мақтаарал және Төле би аудандарындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары мен осал топтағы азаматтарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау жұмыстарының барысы да баяндалды.
Карантин талаптары аудандарда қатаң сақталуда
Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №26 қаулысына сәйкес, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында, Сарыағаш аудан әкімі М.Отаршиевтiң тапсырмасымен арнайы мобильдік топтар құрылған болатын.
Жуырда мобильдік топтар супермаркет, дүкендер және азық-түлік емес сауда орталықтарын аралады. Кәсіпкерлік нысан өкілдеріне және тұрғындарға бас санитар қаулысының көшірмелерін таратты. Тұрғындарға ара-қашықтықты сақтау, үш адамнан артық шоғырланбау және үнемі бетперде тағып жүру қажеттігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ бекітілген жұмыс режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талаптарының сақталуы бойынша ескертулер жасады.
Түсіндіру жұмыстары аудандық полиция, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері, әкімдік қызметкерлерімен бірігіп аудан аймағында тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Аудан орталығында коронавирус індетіне байланысты адам көп шоғырланатын орындарда және көше бойларын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Жауапты тұлғалар аудан тұрғындарына өз денсаулығының қауіпсіздігі мақсатында мүмкіндігінше үйде отыру, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға бармау қажеттігін ескертіп, қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтаудың маңызын түсіндірді.
Жалған ақпарат жарға жығады
Әлеуметтік желіде "Сарыағаш ауданында түстен кейін вирус себіледі екен, балаларды далаға шығармаңыздар" деген сарында жалған ақпарат тарады. Құзырлы органдар тарапынан ақпараттың жалған әрі шындыққа жанаспайтыны нақтыланды. Тұрғындарға дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша жауапқа тартылатыны да ескертілді. Осы ақпаратты "WhatsАpp" желісіндегі топтарда таратқан Отырар ауданының 1973 жылы туған азаматшасы қазіргі таңда құзырлы органдармен анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дер кезінде келген көмек
Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Жомарт Әбдібаев демеушілік етіп, аудандық орталық ауруханасындағы провизорлық стационарда ем алушы науқастарға қосымша орындар дайындау мақсатында 100 жатын орынға арналған жабдықтар жеткізді. Сондай-ақ провизорлы стационарда ем қабылдап жатқан науқастарға қазіргі таңда бірінші кезекте қажетті және жетіспеушілік туындап отырған оттегі баллондары жеткізілді. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданның демеуші азаматтары есебінен орталық ауруханадағы провизорлы стационар 32 дана оттегі баллондарымен толықтырылған. Ауданда карантин режимінің сақталуы, тұрғындардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған.
Халық хабардар болуы қажет
Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан облысы аумағында пандемиямен күрес жұмыстарын күшейту тапсырмасына сәйкес Қазығұрт ауданында да ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Бұл орайда тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, ақпараттандыруға ерекше мән беріліп отыр.
Мысалы, ауданда 16 жылжымалы дыбыс күшейткіш қондырғылары бар автокөлік және 37 тұрақты (мешіт, мәдениет үйлеріндегі) дыбыс күшейткіш арқылы «Түркістан облысының аумағында шектеу іс-шараларын және карантинді ұзарту туралы» Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен белгіленген карантин режимі, шектеу іс - шаралары туралы тұрғындарға хабарланған. Сауда нысандарының жұмыс режимі туралы арнайы жадынама әзірленіп, 400 сауда орындарына ескерту таратылған. Маусым-шілде айларында ақпараттық түсіндіру жұмыстарына аудандағы мекемелердің «фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы карантин режимі, дизинфекциялау, залалсыздандыру жұмыстары туралы жалпы 164 мақала жарияланған. Аудандық БАҚ құралдарында пандемияға қатысты 28 мақала жарық көрген.
Аудан аумағында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №37 қаулысын іске асыру мақсатында аудан әкімінің өкімімен Карантин режимін қамтамасыз ету жөніндегі штаб құрылған. Мобильдік топтың құрамы мамырда қайта жасақталды. Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларын іске асыру мақсатында штабтың шешімімен іс-шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік органдарға жолданған. Маусым-шілде айларында аудан аумағының 13 ауыл округінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу мақсатында жалпы 220 ортақ пайдаланудағы көше, тротуарлар мен алаңдардың 180139 шаршы метрі, 450 шақырым жол дезинфекциялаудан өткен.
Сондай-ақ ауданда карантин режимін бұзғандарға шара қолданылуда. Мысалы, Қазығұрт ауыл округі аумағында мобильдік топпен Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысын талаптарын бұзған 4 нысан анықталды. Нысан иелеріне әкімшілік іс қозғалып, ҚР ӘҚБтК – нің 462 бабының 3 бөлігімен 4 хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Сондай-ақ мобильдік топпен 17 құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік шара қолдану үшін Қазығұрт аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, мониторингтік топтың елді мекендердегі қайта қызметін бастаған нысандардың карантин және шектеу шаралары кезіндегі санитарлық – эпидемиологиялық талаптардың сақтауын тексеруге шығуының апта сайынғы кестесі бекітіліп, бақылау күшейтілген.