Түркістан: Дәріханалардағы баға тұрақтылығы - басты назарда
Бүгінгі күні елімізде етек жайған қауіпті індеттің салдарынан ел аумағындағы дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасының күрт өсу деректері жиі кездесуде.
Осыған орай, бүгін «Түркістан –адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласына қарасты С.Қожанов көшесінің бойындағы бірқатар дәріханаларға дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Арнайы жұмысшы топтың құрамында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің уәкілі, аға офицер Ақтөре Талғатұлы , «Түркістан -адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, Түркістан облысының тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің уәкілдері, ҚР ҰЭМ «Бәсекелестікті қорғау және дамыту» Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері және облыстық «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг барысында бірқатар кемшіліктер, соның ішінде дәріханалардың бірінде кассалық аппараттың болмауы және дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілуі сынды кемшіліктер бірқатар анықталып, аталған олқылықтарды түзетуге қатысты жауапты мамандарға тапсырма берілді.
Айта кетсек, бұдан былай Түркістан облысының тұрғындары дәріханалардағы дәрі-дәрмек құнының негізсіз көтерілгендігін байқаған жағдай да, 109, 102 және Агенттіктің 1424 Call орталығына немесе +7776-837-09-00 нөміріне Whatsapp қосымшасы арқылы дәріхана атауы мен орналасқан жерін және дыбыс пен бейнематериалдар жібере алады.
Алдағы уақытта да Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған "Түркістан - адалдық алаңы" Жобалық кеңсесі дәрі-дәрмек құнының негізсіз көтерілу деректерінің алдын алу және болдырмау мақсатында тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуді әріқарай жүйелі түрде жалғастыратын болады.