Терещенкоға тапа-тал түсте елді адастырды
21 мамыр күні Қазақстан Баспасөз клубының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде онлайн-брифинг өткен болатын. Тікелей эфирде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңесшісі Ербол Есенеев, «Shopanata» ұлттық қой шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев және Қазақстанның алғашқы премьер-министрі, қазір омарташылар одағының төрағасы болып отырған Сергей Терещенколар пікір білдірген.
«Азаттық рухы» порталының жазуынша, осы брифингте Сергей Терещенко:
- Өндіру және сату нарықтарының жүйесін жақсылап тұрып бір ізге түсіру керек. Жүйенің терістігін мынадан байқауға болады: жуырда оңтүстікте 300 мың тонна қырыққабат бұзылып кетті. Оны көму үшін Үкімет 2 миллиард теңге бөлді. Қырыққабатты әкеліп, еліміздің басқа қалаларына тегін таратуға ешкімнің фантазиясы жетпеді, - деген. Осыдан кейін мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Азаттық рухы» Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атына ресми сауал жолдаған. Жауап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан келген. Әкімдіктің ресми жауабына қарағанда, 300 мың тонна қырыққабат түгел бүлініп кетпеген және Үкіметтен расымен де 2 миллиард теңгеге таяу қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ, ол басқа мақсатқа жұмсалмақ.
«Түркістан облысында ағымдағы жылы 8 мың гектар жерге ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп, 300 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда 150 мың тонна қырыққабат сатылды. Оның 150 мың тонна өнімнің 104 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылса, 46 мың тонна қырыққабат Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспортталған. Ал, қалған 150 мың тонна қырыққабатты Қазақстан Үкіметінің тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың тұрақтандыру қорлары арқылы сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, қырыққабат еккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші өнім егу үшін 0,01% несие беру мақсатында, Үкіметтік қордан 1 600,0 миллион теңге (1,6 млрд теңге – авт.) қаржы бөлу қарастырылуда», - делінген Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың жауабында.
Осылайша, Бадырақов тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш премьер-министр болған Сергей Терещенконың «Түркістан облысында бұзылып кеткен 300 мың тонна қырыққабатты көму үшін Үкімет 2 миллиард теңге жұмсады» деген мәлімдемесінің жалған екенін және Үкімет тарапынан бұған қаржы бөлінбегенін хабарлады.
Сонда экс-премьер Терещенкоға тапа-тал түсте елді адастырып не көрінді?