Украинадағы қазақстандықтар елге оралды
Украинада жүрген Қазақстанның 76 азаматы бүгін елге оралды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
- «Коронавирус инфекциясының жылдам тарауына байланысты азаматтарымызды шет елдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар аясында 27 наурызда Украинадан Қазақстанға тағы 76 отандасымыз сәтті оралды», - делінген ведомство ақпаратында.
Министрлік мәліметінше, Қазақстаның Украинадағы Елшілігінің дипломаттары осындай нәтижеге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыс атқарып, азаматтарымыздың тізімін әзірлеген. Сонымен қатар «Киев – Алматы – Киев» бағытында чартерлік рейс ұйымдастыру үшін тиімді әуекомпанияны анықтау, қазіргі әлемдегі қиын жағдайда логистика мәселесін шешу және басқа да көптеген ұйымдастыру шараларын жүзеге асырған.
- «Украинадағы дипломаттарымызға азаматтарымыздың игілігі үшін қажырлы еңбек етіп, қойылған міндеттерді адал орындағаны, сондай-ақ ҚР СІМ жедел штабындағы әріптестерімізге бүкіл әлем бойынша елшіліктер қызметкерлерінің жұмысын тиімді үйлестіргені үшін алғыс білдіреміз», - деп атап өтеді министрліктен.