Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
«Темір таяқты тебендей, темір етікті теңгедей» еткен жер шарындағы ең ұзақ та қаралы көшті бастан кешкен қазақтардың ұрпағы бүгінде бергісі - Түркия, арғысы - бүкіл Еуропа елдеріне тарап кеткен. Анадолы мен кәрі құрлықты мекен еткен қандастарымыз Қазақстанның дербестігін мақтан тұтады. Тәуелсіздік күнін жыл сайын мерекелеуді де дәстүрге айналдырған.
Жақында Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының төрағасы Шабан Серкан Динчтүркті әңгімеге тартқан едік. Қандасымыз қараша айында «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты елордада өткен халықаралық дөңгелек үстелге қонақ боп келді. «Түркияда тұратын қазақтардың ата-бабалары 1953-1954 жылдары қазіргі Алтайдың Қытайда жатқан аумағынан көшіп барған. Жазушы Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романын оқыған боларсыз. Сол кітапқа арқау болған қайғылы көштің бастаушысы Елісхан батырмен (Әліпұлы) менің аталарым (әкелерім жас бала болатын – С.Д) Гималай ауып, Түркиядан пана тапқан. Әкем - Алтайдың, шешем - Баркөлдің тумасы. Негізінде аталарым Қытайдан Гималайға қарай 1931 жылы ауып кеткен. Ол тұс - оқыс оқиға, оқшау әрекеттің заманы еді. Сонда қазақтардың шөл даланы басып, Түркияға қалай жеткенін оқысаңыз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Тоқымы кеппей тоз-тозы шыққан жұртымыз осылай Үндістаннан бір-ақ шығыпты. Алайда жергілікті халықпен ұғыспаған тас-түйін берекелі ауыл сол тұстағы президент Исмет Иненюға хат жазып, Түркияға көшуге өтініш білдірген», - дейді Шабан Серкан Динчтүрк.
Бұл кез – Екінші дүниежүзілік соғыс болып жатқан шақ еді. Хатқа жауап берген Түркия басшысы «Сіздер бізді күте тұрыңыздар. Біз сіздерді ала алмаймыз. Бүкіл әлемде соғыс болып жатыр. Ұшақ жіберсек, атып түсіреді. Кеме жіберсек, батырады. Сәл шыдай тұрыңыздар» деп жауап береді. 10 жылдай Үндістанда өмір сүргеннен кейін дүние тынышталған соң қандастарымызды Түркия билігі шақырып алған.
Түркиялық қандасымыздың айтуынша, қазақтарды түріктер ыстық ықыласпен қарсы алып, жер бөліп, үй салып берген, 10 жыл бойы салықтан да босатқан. Ай сайын әлеуметтік көмек беріп көмектескен.
«Біздің әке-шешелеріміз үстіндегі шапанмен ғана барған Түркияға. Сонда өсіп-өніп, осы күнге жеттік. Қазір Түркияда 20-25 мыңдай қазақ тұрады. Көбі Ыстанбұл қаласында. Тағы 15-20 мыңы Еуропада – Ұлыбритания, Франция, Германия, Швеция және тағы басқа елдерде өмір сүреді. Олар - өткен ғасырдың 70-80 жылдары Түркиядан Еуропаға көшіп кеткендер. Түркияда немесе Еуропада қазақтар қалай өмір сүреді деп сұрасаңыз, олар әр салада жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкері де, бизнес саласында да, үлкен компанияларда жүргендері де жетерлік», - дейді ол.
Серкан Динчтүріктің Түркия мен Қазақстанда екі компаниясы бар. Түркиядағы компаниясы сақтандыру саласында халыққа қызмет етсе, Қазақстандағы компаниясы елімізге Түркия және басқа елдерден инвесторларды тарту жұмысын атқарады.
«Түркиядағы Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығы «Қазақ елі» журналын шығарып отыр. Қазақ және түрік тілінде Түркияда басылып шығатын журнал бүкіл Еуропадағы қандастарымызға тарайды. Түркиядағы елші арқылы Қазақстанға да жіберіп тұрамыз. Журналды екі тілде шығарудағы мақсат не десеңіз, Түркияда тұратын 80 миллионнан астам түрік халқына қазақтардың кім болғанын, қай жерден келгенін ұқтырып, салт-дәстүрін, мәдениетін таныту. Қазақ жастары да өз тілін ұмытпаса дейміз. Түркияда дарынды қыз-жігіттеріміз жетерлік. Соларды танытқымыз келеді. Әр санға бір өнерпазды немесе өз саласында үздік шыққан қазақты шығарамыз», - дейді қауымдастық төрағасы.
Бұдан бөлек қауымдастық осы уақытқа дейін жеті кітап басып шығарған. Мұндағы ой – қазақтың аты аңызға айналған тұлғаларын түрік халқына таныту болып отыр.
«Жоғарыда айтқан «Қаралы көшті» де түрік тіліне аударған едік. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға ол кітапты өз қолыммен табыстадым. 2017 жылы елордада өткен Дүниежүзі қазақтар құрылтайында ол кітапты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына ұстаттық. Түркияда Президент Ердоғанның тапсырмасымен ол кітап екі мыңнан астам кітапханаға таратылды. Кітапты сатпаймыз. Кітапханаларға тегін таратылды», - дейді ол.
Түркия қазақтар ұлттық мерекелердің бірде-бір атаусыз қалдырмайды екен. Наурыз мейрамында жыл сайынғы дәстүр бойынша бас қосып, концерт қойып, жылына екі-үш мәрте ауқымды конференция өткізеді. Түркия қазақтарының жастары бір-бірімен араласып жүрсін деген тілекпен қауымдастық «Жастар» форумын өткізуді де дәстүрге айналдырған. Ол үшін қауымдастық арнайы қаражат бөліп, жастардың қатысуымен 5-10 күн бойы игі шараларды өткізеді. Ондай басқосуларға Қазақстаннан Түркияға барған студенттер де белсене қатысып жүр.
«Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін алған кезде біз өте қатты қуандық. Неге десеңіз, бұрын Түркияда қазақтардың кім екенін түріктер біле бермейтін. Әлбетте, тарихшылар мен жазушылар қазақтарды таниды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде жүрегіміз кеудемізге сыймай қалды. «Осыдан кейін біздің де бір мемлекетіміз бар, ол – Қазақстан!» деп қатты тебірене қуандық. Құдайдан бір ғана тілегіміз бар: Қазақтың көк байрағы аспанда еркін желбіресін дейміз. Арманымыз – сол ғана! Түріктер бізді жақсы көреді. «Нағыз түрік сендерсіңдер» деп бізді көкке көтереді», - дейді ол.
1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапарын түркиялық қазақтар қуана күтіпті. Сол кездегі екі ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Халил Тұрғұт Өзәлдің арасындағы әңгіме әзіл ретінде ел ішінде тарап кеткен екен.
«Қасында болған кісілер сол жылдары екі Президенттің әзілін журналдар мен газеттерге жарыса жазған еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Түркияда қазақтар бар деп естідім. Қандастарымның саны қанша?» деп сұрапты. Сонда Тұрғұт Өзәл «ішіне мені де қоссаңыз, Түркияда 65 миллион қазақ бармыз» деп жауап беріпті. Сол кезде Түркияда 65 миллион адам тұратын. Қазір 80 миллионнан асты. Тұрғұт Өзәл қайтыс болып кетті. Иманды болсын. Ол кісі қазақтарды жақсы танитын. Оның өзі қазақтар тұратын ауданнан депутат болып шыққан адам», - дейді Серкан Динчтүрк.
Сөз соңында түркиялық қандасымыз бәрімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, отандастар сәлемін жолдады.
«Түркия қазақтары Қазақстанның Тәуелсіздігі күні келген сайын құқық қорғаушылардан рұқсат алып, қазақтар тұратын ең үлкен көшені жауып тастап, қолымызға қазақтың көк байрағын ұстап, көшедегі адамдарға гүл таратамыз. Түсте үлкен ас береміз. Қазақ болсын, түрік болсын, бәрін шақырамыз. Түнде үлкен тамаша концертпен аяқталады бұл күніміз. Қазақтың Тәуелсіздігін мәңгі болсын деп тілейміз! Көк туымыз желбірей берсін!» - деп түйді сөзін ол.