Қазақстандағы медицина мәселесі
Қазақстанның денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген қай дәрігерден сұрасаңыз да ауру түрлерінің жылдан жылға жасарып бара жатқанын айтады. Мұның басты себебінің бірі – отандастарымыздың басым бөлігі ауруы асқынғанға дейін дәрігерге қаралмайды. Оған дейін өз бетінше емделетіндер көп. Сөзімізге дәлел келтірсек, елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысында халықтың 42 пайызы дәрігердің кеңесінсіз дәріні өз бетімен қабылдайтыны анықталды. Ал қазақстандықтардың 53 пайызы тек дәрігердің қатаң бақылауымен ғана тағайындалуы тиіс антибиотиктерді арнайы маманның қадағалауынсыз қолданданады екен. Дерті дендеп кеткендердің 31 пайызы емді өз бетінше қолдану салдарынан, дәрінің жанама әсерінен денсаулықтарының сыр бергенін мойындаған. Олардың қатарын бір жылда бір рет те емхана есігін қақпайтындар мен медициналық тексеруден өтпейтіндер толықтырып тұр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздің әрбір үшінші тұрғыны антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз сатып алып тұтынады. Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зерттеудің нәтижелері қазақстандықтар аурудың барлық түрін әуелі өздері емдеуге тырысатынын, тек қолданған емі оң нәтиже бермей, дерті асқынғанда ғана дәрігерге жүгінетінін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы ақ халаттылардың көмегінен бас тартудың себебін уақыттың аздығымен түсіндірсе, 14 пайыздан астамы отандық дәрігерлердің білім-білігіне күмәнмен қарайтынын жасырмаған. Ал респонденттердің 26 пайызы елімізде медициналық қызмет ақысы қымбаттығын және саланы жемқорлық жайлағанын алға тартқан.
Десек те елімізде өзін-өзі емдеудің соңы қатерлі ауруларға, тіпті өлімге әкеліп соғуы мүмкін екенін ескермейтіндер көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша өзін-өзі емдеу барысында дәрі-дәрмекті орынсыз пайдалану әлем бойынша өлім-жітім көрсеткіші артуының жарақаттанушылық, қан айналым жүйелері, онкологиялық және тыныс алу мүшелерінің ауруларынан кейінгі бесінші себепкері болып отыр. Көбінесе өлімге әкеліп соқтыратын негізгі жағдайлардың қатарына улану, дәріні мөлшерден тыс пайдалану, дәрілік заттарды пайдаланудағы кері әсерлер мен басқа дәрі-дәрмекпен үйлеспеушілік те кіреді.
Дәрілік препараттарды теледидарда жаппай жарнамалау да оның қадағаланусыз қабылдануына әкеліп соқтыруда. Сондықтан ондай жарнамаларда «қолданбас бұрын дәрігермен ақылдасыңыз» немесе «қарсы көрсеткіштері бар» деген дәйексөздер қолданылуы тиіс. Дегенмен, мұның түйткілді тұстары да жетерлік. Бүгінде науқас ауыра қалған жағдайда тұрғылықты жері бойынша емхана дәрігерінің кеңесіне жүгіну үшін оның қабылдауына бір ай бұрын, кемі 15 күн бұрын жазылуы қажет. Өйткені, дәл қазіргі таңда емханалардағы кезекті азайтудың бір амалы ретінде дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу жүйесі ұйымдастырылған. Ал «ауру айтып келмейтінін» ескерсек, дәрігердің қабылдауына күні бұрын жазылып қоюдың мүмкін еместігі де түсінікті. Ауруды асқындырып алмас үшін, амал жоқ, ем-дом іздеген сәтте ақылы медициналық орталық дәрігерінің қабылдауына жүгіну қажет. Ал ақылы медициналық орталық дәрігерлерінің дәрігерлік кеңесі, яғни дәрілік рецепт жазуы – 3000-8000 теңге аралығында. Демек, білікті маманның кеңесінен гөрі танысының ақыл-кеңесі немесе теледидардағы жарнаманың көрсетілімі арзанға түсетіндіктен, науқастар өз бетінше ем қабылдауды әдеттеріне айналдырған. Қолындағы дәрісін тезірек сатуға асыққан дәріхана сатушылары да дәрігердің рецептінсіз дәрі сата береді. Демек, халықтың өз бетінше емделуге әуестенуіне дәріханалар да себеп болып отыр.
Зерттеулер көрсеткендей, қазіргі таңда антибиотиктерді кез келген ауруға қарсы қолдану белең алған. Тіпті жеңіл-желпі салқын тигізіп алған адамдар да бас салып дәрінің осы түрін қабылдауды әдетке айналдырған. Ал дәрігерлер өз бетінше емделмей бұрын аурудың себебін анықтау керек екенін қатаң ескертеді. Ол үшін міндетті түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгіну қажет. Дертке бактериялар себепші болғанда, мысалы, пневмония немесе ангина сынды ауруларға шалдыққанда ғана антибиотиктер құтқарушымыз бола алады. Ал егер ауруды қарапайым вирустар тудырса, антибиотикті қолдану дерттің асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал.
Антибиотиктер – микроорганизмдердің өсуін, көбеюін тежейтін өсімдіктер мен жануарлар жасушасынан алынған органикалық зат. Олар әртүрлі бактерияларға байланысты туындаған инфекцияларды емдеу кезінде қолданылады және адамның барлық ағзаларына күшті әсерін тигізеді. Әсіресе, ауыр инфекциялық аурулардан зардап шеккендер осы дәрі түрі арқылы ғана сауыға алады. Алайда, бұл кез келген сырқатты жазуға көмектеседі дегенді білдірмейді.
Антибиотиктерді жаппай қолдану мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағының құрамында болған барлық мемлекеттерде жиі кездесетін жағдай. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, біз Еуропаға қарағанда антибиотикті төрт есе көп қолданады екенбіз. Себебі бұрын бір шаңырақтың астында өмір сүрген 15 республиканың көпшілігінде ашық медициналық жүйе қалыптасқан, яғни дәрі-дәрмектің барлық түрі дәріханаларда еркін саудаланады.
Мамандардың айтуынша, антибиотиктерді өз еркімен жиі пайдалану ағзаның микробтарға қарсы препараттарға төзімділігін арттырып, антибактериалды дәрілік заттардың инфекциялық ауруларға қарсы тиімсіз болуына әкеліп соғады. Кез келген дәрі бауыр мен бүйрек арқылы сыртқа шығарылады және олардың жағымды, жағымсыз әсерлері болады. Сол сияқты антибиотиктердің де екі жақты әсері бар. Егер оларды дәрігердің нұсқауынсыз пайдаланатын болсақ, ағзаның өзге бір жерін ауруға шалдықтыруымыз мүмкін. Сондай-ақ, белгілі бір антибиотикті жиі қабылдаған кезде сол препаратқа төзімділік артады, яғни келесі ауырғанда ол дәрі көмектеспейді.
Ауруханаға барып, диагнозды анықтап, одан айығу үшін не қолдануға болатынын, қандай дәрі ішуге тыйым салынатынын білудің орнына өзім білемге басатынымыз, бас ауырса да, балтыр сыздаса да, ауру әсерін бәсеңдететін дәрілерге тұра жүгіретініміз шындық. Біз дәріханаға барып, кез келген препаратты шектеусіз ала аламыз. Ал, ағылшындар немесе америкалықтарға дәрігердің рұқсатынсыз тек бинт, мақта және дәрумендер ғана сатылады. Дамыған елдер тіпті йодтың өзін еркін саудадан алып тастаған. Онда біздегідей дәріханаға барып, «Жөтелге қарсы не ішсе болады?», «Бас ауруға бірдеңе беріңізші» деп сұрайтындарды көрмейтініңіз анық. Өйткені дәріханашы «бірдеңені» дәрігердің тілдей қағазынсыз қолға ұстата қоймайтынын біледі. Бас ауруы ағзағадағы үлкен ақаулардың белгісі болуы мүмкін екенін ескеріп, еуропалықтар әуелі дәрігердің қабылдауына жазылады.
Дамыған елдерде дәрі-дәрмекке ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарайды. Дәрінің бақылаусыз сатылмайтыны былай тұрсын, басқа елдерден жеткізілетін дәрілік заттардың санын шектеп, керісінше ел азаматтарының денсаулығына тікелей әсер ететін дәрілердің отандық өндірісін артыруға тырысады. Ал бізде дәрі-дәрмек өндірісінің аяқ алысы бәсеңдеу. Фармацевтикалық өндірісті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 2014 жылдың соңына дейін халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысының 50 пайызын отандық өніммен өтеу туралы меже қойылған еді. Бағдарлама жүзеге асырылған алғашқы жылы ел тұрғындарының сұранысын төл өндіріс арқылы қамтамасыз ету мақсаты орындалды. Тіпті 2012 жылы дәрі-дәрмек өндірісі нарықтың 49,3 пайызын еншілеген. Алайда 2013 жылы бұл көрсеткіш белгісіз себептермен 15,4 пайызға дейін құлдырап кетті. Содан бері әлі күнге дейін ел тұрғындарын отандық дәрі-дәрмекпен қамту көрсеткішін 15 пайыздан асыра алмай келеміз. Бүгінде Қазақстанда дәрінің 7 мың түрі бар. Көбі Германия, Франция, Ресейден әкелінеді.
Еліміздегі баға нарығын сараптаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қазақстанды дәрі-дәрмегі ең қымбат елдердің қатарына кіргізген. Онсыз да осылайша халықаралық ұйымдардың көзіне іліккен дәрілеріміздің бағасы өткен жылдың соңғы екі айында 100 пайызға дейін қымбаттапты. Мамандар бұл қымбаттауды күн санап шарықтап бара жатқан азық-түлік, киім-кешек бағасынан қалыспау мақсатында қолдан жасалған қымбатшылық деп санайды. Ал зейнеткерлеріміз «дәрі-дәрмектің қымбаттығы соншалық, тіпті, зейнетақымыз да жетпей қалатын болып жүр» деп ренжулі.
ДДСҰ мәліметінше, елдегі дәрі-дәрмек бағасы Армения, Молдова, Украина, Беларусь, Қырғыз және Ресей елдерінен де жоғары көрінеді. Мәселен, Армения өзінің халқын дертінен жазып алу үшін сатылымға түсетін дәрі-дәрмегіне 7,1 пайыз ғана үстеме қосса, Украинада бұл көрсеткіш 5,5 пайызды, Ресейде 7,5 пайызды, Қырғыз елінде 6,2 пайызды құрайды екен. Ал бізде ше? Қазақстанда сатылымға түсетін дәрі бағасына қосылатын үстеме құн 10-20, кейде 30 пайызға дейін жетеді.
Жалпы біз дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығымен ғана емес, дәріні ең көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейміз. Деректерге сүйенсек, өткен жылдың соңында еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы 50-70 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл көрсеткіш кей өңірлерде 100 пайызға жетіп жығылыпты. Негізі дәріхана сөресіндегі өнімдердің 80 пайызы шетелден әкелінеді және доллармен сатып алынады екен. Атап айтсақ, Қазақстандағы 7 мың түрі бар дәрінің көбі Германия, Франция, Ресейден әкелінеді. Алайда, шетелдік фармөндірісінен қалыспайын деді ме, отандық дәрі-дәрмектің құны да 5-15 пайызға көтерілген. Сала мамандарының ойынша, енді тұтынушылар әрбір дәрінің арзанырақ, қолжетімді баламасын іздейтін болады. Соның кесірінен белгілі брендтердің орнына қолдан жасалған жалған әрі арзан дәрі көбейіп кетуі де ғажап емес.
Министрлік өкілдері көбінесе «дәрі-дәрмек нарығы жекенің қолында. Нарық бағаны өзі реттейді» деген уәж айтады. Бұрын мемлекет бағасын реттеп отыратын 210 түрлі дәрі-дәрмек болатын. Соның 77-сі отандық «Химфарм» компаниясында шығарылады. Министрлік пен облыс әкімдіктері осы 210 дәрінің бағасын көтермеу жөнінде дәріханалармен тиісті меморандумға қол қойып жатады. Дегенмен, девальвация кезінде баға меморандумға қаратпайды. Әйтеуір, әзірге ісіміз бен сөзіміздің арасы тым алшақ болып тұр... Сондықтан, біз расымен де «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге» мәжбүрміз... Қымбат та болса халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда, сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз өкінішті.