Болат Үркімбаев, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік кеңестің төрағасы:
Дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарламалардың барлығын жүзеге асыру мен стратегиялық жоспарларды ойдағыдай орындауда ең алдымен өзімізге қойылатын талаптарды өзгерту қажет. Жұмысқа қатысты жаңа немесе ұмытылып кеткен, алайда бүгін қайтадан сұраныс пайда болған көкейтесті көзқарасты қалыптастыруды талап етеді.
Өкінішке қарай құзырлы органдар жүргізген жұмыстардың нәтижесінде түрлі құқық бұзушылықтардың тіркелуі, оның ішінде әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар мен азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдардың көбеюі кейбір мемлекеттік қызметкерлер өз мансабын тек табыс көзі ретінде қарайтынын көрсетеді. Өз қалтасының қамы үшін заңды белден басып, тіпті қылмыстық әрекетке барудан тайынбайтындар да баршылық. Мұндай шенеуніктердің бір бөлігін басқарушы азаматтар, яғни, мемлекеттік орган басшылары құрайтыны ащы болса да шындық.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін Кентау, Жетісай, Арыс қалалары мен Созақ ауданының әкімдері, сондай-ақ, Сайрам ауданынан бірқатар лауазымды адамдар қызметтерінен шеттетілді. Соңғы 6 ай көлемінде тексерулер мен тәртіптік кеңестің отырыстарында 617 заң бұзушылық анықталып, 98 шенеунік жауапкершілікке тартылды. Олардың 25-і – мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары. Екі басшы – Созақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Пархад Өтепов пен Кентау қаласы, Ащысай ауыл округінің әкімі Жаңабай Әбдиев тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қызметтерінен босатылды.
Қарамағындағы қызметкерлеріне тәртіптік шара тағайындау туралы мекеме басшыларының негізсіз шығарған 22 бұйрығы жойылды. Бұл жоғары лауазымды шенеуніктердің құқықтық сауатсыздығын айқын көрсетіп берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдар үнемі жетілдірілуі тиіс. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп отырған жемқорлыққа қарсы күрес саясаты, тәртіптік кеңестердің жергілікті биліктен тәуелсіз болуының жемісі қазірден-ақ байқалып тұр. Атап айтқанда, мұндай қадамдар басшылардың өзіне тапсырылған ісі үшін жауапкершілігін күрт арттырып, барлық кінәні қатардағы қызметкерлеріне таға салатын әдетті жоюға мүмкіндік берді.
Қазір халықтың шенеуніктерге деген сенімі аз. Себебі, қарапайым азаматтар лауазымды қызметкерлердің адалдығына күмән келтіреді. Бұған әлеуметтік мәселелерді шешуде кездесіп жатқан қиындықтарды тағы қосыңыз. Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер күрт көбейіп, мекеме басшылары сол қызметтердің сапасын қадағаламайтын жерде селқостық пен парақорлық қылаң береді. Соңғы жарты жылда бізге 132 жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік қызметкерлердің құқық бұзушылық әрекеттеріне шағымданып, арыз жазды. Көшпелі және жеке қабылдауларға 442 адам ауызша арызын айтып көмек сұрады. Көптеген азаматтар өз мәселесін шешуге үміт артып, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестерге келеді. Бірде-бір арыз-шағым қараусыз қалмайтынын атап өткім келеді. Бұған қуануға да, алаңдауға да болады. Қуантатыны - биліктің мәселе шешіп, көмектесе алатынына халық әлі де сенеді. Ал, билікте қарапайым адамдардың ызасын келтіретін шенеуніктердің азаймай тұрғаны алаңдатады.
Сондықтан, дағдарыс кезінде халыққа жақын жүру керек. Көшпелі жиындар өткізіп, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, сонымен қатар түсіндіру жұмыстары мен мүмкіндігінше мәселені сол арада шешуді қолға алған жөн. Соңғы уақыттарда біз облысымыздың көптеген аудандарында осындай 10 көшпелі жиын өткіздік. Бұл шараның тиімділігі өте жоғары болып отыр.
Құқық бұзушылықты анықтау, қолданылған тәртіптік жазалар бойынша соңғы үш жылда атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік орган басшыларының кейінгі әрекеттерін саралай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте таңдалған бағыт жақсы нәтиже беріп жатқанын сеніммен айтуға болады. Заңдардың одан әрі қарай жетілдірілуі мен белгіленген бағдарламаларды жүзеге асыру жемқорлықпен күресті жаңа деңгейге шығаратыны сөзсіз. Алайда, осы сараптаманың қорытындысы бойынша әсіресе қазіргі қиын кезде азаматтық қоғамды біріктіру үшін басқару кадрлары мен олардың ізбасарларын дайындау мәселесіне айрықша көңіл бөлу керектігін атап өткім келеді.
Мемлекеттік қызметкерлердің кадрлық ізбасарларындаярлаудың қолданыстағы жүйесі мемлекеттік қызметке лайықты үміткерлерді шақыру міндетін атқарып, қазіргі таңда тек мемлекеттік қызметке алуды айналып өту тәсілі ретінде қолданылады. Арнайы сараптама жүргізгенде анықтағанымыз, ізбасар кадрларды мемлекеттік органдардың тек 10 пайызы ғана пайдаланады екен. Қалған жағдайларда ізбасарлар басқа мемлекеттік органдарға конкурстан тыс жұмысқа алу үшін қолданылады.
Кадрлық ізбасарларды даярлау қағидаларына мүлдем басқа жолмен қарау керектігі анық. Бұл әсіресе аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма бастықтары мен облыс әкімінің орынбасарлары секілді жауапты қызметтер үшін басқарушы кадрлардың облыстық ізбасарларын құруға аса қажет дүние.
Мұндай ізбасарлар тобын құрудағы мақсат – облыстың кадрлік әлеуетін мейлінше пайдалану, кадрларды іріктеуде демократиялық қағидаларды сақтау, мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін дұрыстау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша маңызды ұсыныстар енгізу мен облыстың толыққанды дамуын қамтамасыз ету.
Басқарушы қызметтер үшін ізбасар жасаудың тәртібі, талаптанушыларды есепке алу мен одан шығару облыс әкімі бекіткен ереженің негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің аймақтық басқармасы мемлекеттік қызмет бойынша өкілетті орган ретінде үміткерлерді таңдау комиссиясының жұмысын қамтамасыз етіп, ізбасарлық есепте тұрған адамдармен жұмыс жүргізеді. Дәлірегі «әкімнің тобы» құрылып, оның тізімі ақпарат құралдарында жарияланады.
Облыстың басқарушы кадрлық ізбасарларын жасақтаудың артықшылықтары неде? Ең әуелі бұл облыстың кадрлық потенциалын тиімді пайдалану үшін қажет. Басқарушы кадрлардың ресми ізбасаралары болуы мемлекеттік орган басшыларының жұмысын жандандыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ, есепте тұрған үміткердің газет беттерінде жариялануы оның жұмысын психологиялық тұрғыда тәртіпке келтіріп, кәсіби маман, патриот, адал болуға деген ынтасын арттыра түседі. Үміткерлердің арасында бәсекелестіктің орнауы оларды белсенді болуға итермелеп, аймақтың көптеген маңызды мәселелерін шешуге деген қызығушылығын оятады.