Өскенәлі Панзарбек: «Ауылшаруашылық жерлері түгенделуде»

Screenshot_4.jpg

Өскенәлі Панзарбек, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының бастығы:

- Қазақта бітпейтін екі даудың бірі жер дауы. Жер инспекциясы болғаннан кейін сіздердің негізгі міндеттеріңіз жердің пайдалануына мемлекеттік бақылау жүргізу екені түсінікті. Қандай кемшіліктер, қандай нәтиже бар?

 - Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысының жер аумағы 11724 мың гектар болса, соның 4,5 миллион гектары ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер. Ауылшаруашылық жерлерді түгендеу жұмыстары күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып тұр. Үстіміздегі жылдың 17 сәуірінде Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырсында пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерінің егесін анықтап, не себепті пайдаланылмай жатқанын зерттеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Бұл тапсырмаға дейін, яғни 2009 жылдан бері біздің облыста егістік жерлерді түгендеу жүргізілді. Биылдан бастап шабындық да, жайылым да, ауылшаруашылық мақсатындағы басқа жерлер де түгенделуде. Нәтиже көрсеткендей, облыс бойынша 43575 гектар жер егесіз екендігі анықталып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек 196 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер келісім-шартта көрсетілген міндеттердің толыққанды орындалмауы салдарынан аудан-қалалардың арнайы жер қорларына қайтарылды. Ал енді жерді де пайдаланбай, оны кері қайтарғысы келмей отырғандар да бар. Бүгінге дейін 281 жер  теліміне қатысты 23 мың гектарға өңірдегі жұмысшы топтар тарапынан материалдар түсті. Осының негізінде мемлекеттік инспекторлар тексеру жүргізіп, нәтижесінде әлгі 281  жер телімінің 122-сіне байланысты ескерту беріліп, 50-іне 408 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жерді ауылшаруашылық мақсатында пайдалану үшін алып, басқа мақсатта пайдаланғандарға қатысты 6 материал түсіп, ол бойынша 483 мың  теңге айыппұл салынды. 6 әкімшілік іс қозғалды.

- Бұл ескертулердің мерзімі қанша уақытқа дейін созылады?

- Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлеріне қатысты ескерту мерзімі бір жыл, яғни биыл берілген ескертуге байланысты келесі жылы тағы тексеру жүргізіліп, орындалмаған жағдайда тиісті шаралар көріледі. Ал жерді пайдалану мақсатын өзгерткендерге берілетін ескерту мерзімі үш аймен шектеледі. Осы мерзім ішінде заңбұзушылықты қалпына келтірмесе, сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып алуға кірісе береміз. Осы мерзім ішінде жер пайдаланушы жергілікті атқарушы органға арызын беріп, ауылшаруашылығы шығасын төлеп, дер кезінде мақсатын өзгертетін болса, жерді әрі қарай пайдалануына мүмкіндік беріледі.

Былтырғы жылы 14500 гектарға қатысты 270 ескерту берілген болатын. Соның нәтижесінде көпшілігі жерлерін игеруге кірісті. Мәселен, 2009-2010 жылдары облыс аумағында 77 мың гектар жер игеріліп, қайта айналымға қосылды. Өткен жылғы ескертулерден нәтиже шығармаған жер иелеріне қатысты сотқа 22 арыз берілді. Оның 11-і сот шешімімен қанағаттандырылса, қалғандары қаралу сатысында. Биылғы берілген ескертулерден кейін жерін бос тастамай, игеріп жатқандар қатары көп. Жалпы алғанда облысымыздағы пайдаланылмай жатыр деген 260 мың гектар жердің қыркүйек айында 196 мың гектары  қайтарылды.

- Жер пайдалануды тексеру тәртібі қандай?

- Инспекцияның жұмысы мемлекеттік бақылау болғандықтан, тексерістерден құралатыны түсінікті. Ол жоспарлы және жоспарсыз негізде жүргізіледі. Әр жылдың соңында келесі жылғы жоспарлы тексерудің жобасы жасалады. Онда атқарушы билік тарапынан берілетін жердің, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің, қоршаған ортаға, адам денсаулығына зияны болуы мүмкін жұмыстардың заңдылығы қадағаланады. Ал жоспардан тыс тексерулер прокуратура, қаржы полициясы, ҰҚК секілді құқық қорғау органдары тарапынан хаттар, азаматтардан арыз-шағым түскен жағдайда жүргізіледі. Соңғы жылдары мұндай шағымдардың қатары артып кетті. Биылдың өзінде 425 тексеру жүргізілсе, соның 103-і ғана жоспарлы тексеру негізінде іске асырылды. Ал жер пайдалану заңдылығына қатысты түрлі мекемелерден түскен хаттардың саны 900-ден асып жығылады. Қозғалған әкімшілік істердің арқасында 12,5 миллион теңге айыппұл салынды. Өздерінің келеңсіздік әрекеттеріне немқұрайлы қарағандарға қатысты сот органдарына 108 талап-арыз тапсырылып, оның 43-і қанағаттандырылды, 15-і қанағаттандырылудан бас тартылды. 50-і қаралу үстінде.

- Негізінен қандай заңбұзушылықтарға жиі жол беріледі?

- Көбінше кәсіпкерлік, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер конкурссыз, аукционсыз беріліп кетеді. Ал бұған 2009 жылдың ақпан айынан бері тыйым салынған. Сондай-ақ, азаматтардың өтініштерін қарау мерзімінің сақталмауы да жиі кездеседі. Нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбайтын жайттар да жоқ емес. Оларға тиісті шаралар көріледі. Мәселен, Түлкібас ауданы жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ботбаевқа өтініштердің қарау тәртібінің белгіленген мерзімін бұзғаны үшін  45360 теңге көлемінде айыппұл салынды. Одан бөлек жоспардан тыс тексеру барысында Бәйдібек ауданы әкімдігі заң талаптарын бұзғаны үшін заңсыз қабылданған қаулының күшін жойды.

- Жеке азаматтардың тұрғын үй салу мақсатында сұраған жер телімін алу үшін жасалған тізімнің сақталуына бақылау жасай аласыздар ма?

- Кезектің сақталуын бақылау біздің құзыретімізге жатады? Талап бойынша түзілген тізім тоқсан сайын баспасөз беттерінде жарияланып тұруы немесе ол тізім арнайы жасалған стендке, қолжетімді, көпшілікке көрінетін жерге ілінуі тиіс. Бұл кезек иелерінің өз кезегін біліп отыруы үшін қажет.

- Осы талап сақталып отыр деп ойлайсыз ба?

- Мұны біржақты айту қиын. Кейбір аудандарда сақталады, ал, мәселен, Шымкент қаласында жер алу үшін кезекке тұрғандар саны 60 мыңның шамасында. Бұл кесте жасауға, баспасөзде жариялауға мүмкіндік бермейді. Бірақ, тізімнің өзгермеуіне бақылау жасау үшін интернетте жарияланып, тиісті органдарда сақталуы қажет. Мұның қаншалықты сақталып отырғаны жайында толыққанды ештеңе айта алмаймын. Мысалы үшін, бізге Шымкент қалалық әкімдігі тарапынан тізім кестесі беріліп жатқан жоқ. Қалалық жер қатынастары бөлімінің жұмысын тексергенде осындай ұсыныс бергенбіз, бірақ, нақты жауап жоқ. Жер кодексінің талабына сай, әр тоқсан сайын жерді алғандардың да тізімі жарияланып тұруы тиіс.

Жер телімін алуда, шыны керек, заңсыздықтар жиі кездеседі. Кейде ауылшаруашылық жерлерін қала, елді мекен шегіне кірмесе де жеке тұрғын үйдің құрылысы үшін немесе саяжай үшін деп беріп жіберетін жағдайлар көп. Мәселен, Шымкент қаласының бас жоспары соңғы рет 2004 жылы бекітілген. Сол жылдан бері осы бас жоспарға кіретін қала жерлерінде жер  телімдері беріліп жатқан жоқ. Ал қазіргі беріліп жатқан жер телімдері елді мекен аумағынан тыс, яғни ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер. Ол жер телімдері тұрғын үй құрылысы, дәлірегі саяжай құрылысы үшін берілуде.

Бұл заңға қайшы әрекет. Мұндай жағдайда алдымен ауылшаруашылық жердің санатын ауыстыру керек. Одан кейін ауылшаруашылық шығасы төленуі тиіс. Мұның біреуі де орындалып жатқан жоқ. Бұл заңсыз әрекеттер жайлы құзырлы органдарға да, жергілікті атқарушы органдарға да хабар беріп жатырмыз. Дегенмен, әзірге нәтиже жоқ. Тізімнің жылжымай жатқаны да осы себептерге байланысты. Қала әкімдігі жер телімдерін саяжай үшін беріп жатырмыз деп түсіндіргісі келеді. Шын мәнінде қала ішінде саяжай үшін деп белгіленген жер жоқ, болмауы да керек. Ал 60 мың адам кезекте тұрғанда саяжайға жер берудің қандай қажеттілігі бар?  

- Жер телімін алуда қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?

- Жер кодексінде ешкімге де жеңілдік қаралмаған. Тіпті, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де, мүгедектерге де, оралмандарға да. Барлығы да кезекпен алады.

Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы.

 Мұрағаттан, 06.10.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: