Көкшетауда қазақ тілінің рухын асқақтатқан құрылтай өтті

 Қазақ-тілі-мен-әдебиет-josparlarkz-670x300.jpg

Жуырда еліміздің көрікті өңірі Көкшетауда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V Құрылтайы өтті. Оған еліміздің барлық облысынан, алыс-жақын шет елдерден делегаттар, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкіл-дері, тіл мамандары және баспасөз өкілдерінен құралған 200-ден астам адам қатысты.

Құрылтайда ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев кіріспе сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрылтай делегаттары мен қонақтарына жолдаған құттықтауын жеткізді.

Құрылтай барысында Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы баяндама жасады. Одан кейін Мәскеу қалалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов, Талдықорған қалалық медицина колледжінің студенті Светлана Бабкина, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті Алла Платонова және «Қазақ тілі» қоғамы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Шаруа Пірмат пен Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Орал Шәріпбаев т.б. сөз сөйледі. Ауқымды шараға айналған Құрылтай еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына талдау жасау мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңейе түсуіне ықпал ететін тың ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді. Ол ұсыныстарды Ө.Айтбайұлы,  Ш.Пірмат, Ә.Дербісәлі, А.Платонова, С.Бабкина айтты. Құрылтайда баяндама жасағандар мен сөйлегендердің сөздерін ықшамдап беріп отырмыз.

Құрылтай делегаттарының қазақ тіліне қатысты көтерген проблемалық сұрақтарына жиын соңында М.Құл-Мұхаммед пен М.Әшімбаев жауап берді.

Жиында ұйымдық мәселе қаралып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып Ө.Айтбайұлы қайта сайланды. Орталық кеңес мүшелігіне 38 адам сайланды, оның ішінде біздің облыстан Ш.Пірмат, Қ.Садриддин және осы мақаланың авторы бар. Жиын соңында Құрылтайға қатысушылардың Үндеуі қабылданып,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алдағы жұмыс бағдары айқындалды.

 

Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко қазақ тілінде жасаған баяндамасында, облыстағы мемлекеттік тілдің жай-күйіне тоқталып, облыста мемлекеттік тілді білетіндер саны 48 пайызды құрайтынын, соңғы жылдары қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшалардың саны 40%-ға көбейгенін, мектептердің 63%-ында оқушылардың қазақ тіліндебілім алуына жағда жасалғанын және былтыр тілдерді дамытуға 54 миллион теңге, ал биыл 60 миллионнан астам теңге бөлінгенін айтты. Сонымен бірге облыстық және аудандық, қалалық мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ тіл саласында орындалмай келе жатқан бірқатар жұмыстардың да бар екенін алға тартып, бүгінгі жиын осы олқылықтарды түзетуге серпін береді деген ойын да жеткізді.

Құрылтайда бакяндама жасаған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде: - 1990 жылы Қазақстандағы барлық қазақ мектептерінде 910 мың оқушы оқыған болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллионнан асып түсіп, Тәуелсіздік жылдары қазақ мектебінің саны 700-ден астам бірлікке артты. Бүгінгі таңда, республикадағы 2261 бала-бақшаның – 1178-і қазақ тілінде тәрбие, білім беруде, бұл 2001 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар саны 876 бірлікке артқандығын көрсетеді. Мемлекеттік органдарда іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жұмыстары кезең-кезеңмен іске асырылып, 2006 жылы қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы 32,7%-дан, 2010 жылы   80%-ға, 2011 жылы 85%-ға жетті. Елімізде мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай инфрақұрылымы құрылып, 5 жыл ішінде тіл оқыту орталықтарының саны 8-ден 101-ге жетті, оның 67-сі мемлекеттік тіл оқыту орталықтары. Тілдерді оқыту орталықтары Астана, Алматы қалалары мен көптеген облыстарда өз жұмыстарын жалғастыруда. Десек те, қазақ тілін үйренуге тілек білдірушілерге арналған тегін курстар ұйымдастырылмаған Оңтүстік Қазақстан және тағы үш облысқа тілді оқыту орталықтарының жанынан осындай курстарды ашу жөнінде облыс әкімдеріне хат жолданды. Қазақ тілін оқыту бағдарламасын қайта құру ісі жалғасын табуда. «Тіл туралы» жаңа заң дайындалуда. Тілдерді қолдану мен дамытудың алдағы 10 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітіліп, жаңа міндеттер жүктеп отыр. Соңғы санақ бойынша еліміздегі халықтың 64,4%-ы қазақша сөйлей және жаза біледі, енді 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80%-ға, ал 2020 жылға қарай, ол көрсеткішті кемінде 95%-ға жеткізуге толық мүмкіндік бар, – деді.

«Мемлекеттік тіл білім жүйесінде» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков мынадай деректер келтірді:

Еліміздегі 2261 балабақшаның 32,9 пайызы ғана қазақ тілінде білім-тәрбие беретінін, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артқанын, қазақ тілінде дәріс беретін мектептер саны 1991 жылғы 2768-ден (33,9%), 2010 жылы 3821-ге жетіп, 63%-ды құрағанын атап өтті. Қазақ тіліндегі кәсіптік-техникалық мектептер саны 1991 жылғы 718-ден (5%), 2011 жылы 894-ке жетіп, 15%-ға өскенін және жоғары оқу орындарында қазақ топтарында оқитындардың үлесі 42,6%-дан 2011 жылы 52,8%-ға жеткенін, сондай-ақ білім мекемелеріндегі 50 миллион кітаптың 8 миллионы ғана қазақша екенін айтты. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде оқытатын балабақша, мектеп, кәсіптік-техникалық лицей және жоғары оқу орындарында оқитын оқушылар мен студентердің жалпы саны 10-30 пайызға артқанын байқауға болады.

Осы мәліметтерден республика бойынша білім саласындағы мемлекеттік тілдің көрсеткіштері әлі де болса төмен екенін байқап, мынадай тұжырымға келдім. Қазіргі кезде еліміздегі тұрғындардың 65 пайызы қазақ ұлтының өкілі болғанымен, бүгінгі таңда қазақ тілінде тәрбиеленіп, оқитындардың үлесі балабақшада 32,9%, мектепте 63%, кәсіптік-техникалық лицейде 15%, ЖОО-да  52,8%-ды ғана құрайтыны өкінішті жағдай екен! Біз таяу жылдарда осы көрсеткішті 65-70 пайыздан асыруымыз керек. Өйткені, мемлекеттік тілдің бүгіні де, болашағы да білім саласына тікелей қатысты болып отыр. Соған байланысты, оқу орындарында қазақ топтарын көбейту мәселесіне білім саласының барлық деңгейдегі басшылары мен Үкімет және «Қазақ тілі» қоғамның тарапынан қатаң бақылау орнату қажет! Оған бүкіл ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылғанымыз абзал. Егер біз осы мәселені жүйелі түрде әрі дер кезінде шеше алмасақ, онда Елбасымыздың халыққа арнаған биылғы Жолдауында мемлекеттік тілге қатысты айтқан тапсырмасының кейбірі көрсетілген мерзімдерде орындалуы неғайбыл.

 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның президенті Өмірзақ Айтбайұлының Құрылтайда жасаған баяндамасынан үзінді.

Есеп беру кезеңінде елімізде екі рет Президенттік сайлау болды, Парламент депутаттары жаңарып, қайта сайланды, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті, биыл Ислам конференциясына төрағалық етуде, бүкілхалықтық халық санағы өтті, алдағы он жылдыққа тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ал, Қоғам қызметі – қоғамда жүріп жатқан құбылыстардың айнасы іспетті.

2005 жылы өткен ел Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілден біліктілігін анықтауға арналған сынақтың ұйымдастырылуы және Қоғам Президентінің осы комиссияның төрағасы болуы тіліміздің әрі «Қазақ тілі» қоғамының мерейін үстем еткен елеулі оқиға болды. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған келесі қадамдардың бірі – ҚР Үкіметінің жанынан Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөнінде комиссияның құрылуы. Оған Премьер-министрдің өзі төрағалық етіп, жиі-жиі басқосулар өткізді. Қоғам басшысы осы комиссияның отырыстарында мынадай ұсыныстар берді:

● Қазақстанның қазіргі жер-суларының, елді мекендерінің тарихи атауларын қайта қалпына келтіруге, қалалар мен елді мекендердегі көшелерді ресейлік, советтік атаулардан арылтып, қайта атауға байланысты істерді жүйеге келтіру тәртібін реттейтін арнайы нормативтік акті қабылдау;

● Павлодар мен Петропавл қалаларының атауларын Қазақ мемлекеттілігіне өлшеусіз еңбек сіңірген қос ханымыз – Абылай мен Кенесарының аттарымен атау;

● ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің емле ережесіне сай ресімдеу мәселесін бір жүйеге түсіру;

● бірыңғай тәулік бойы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын телеарна ашу;

● қазақ әліпбиін латын жазуына негіздеу жайын Елбасы бірнеше рет көтеріп, осы бағытта едәуір жұмыстар жасалған еді. Бірақ шүйіліп басталған іс сұйылып барып тынды.

● соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілге қатысты қаншама заң бұзу фактілері, сот процестері орын алды. Алайда бұл сот процестерінде дауды сот қалай шешсе, солай шешілді. Сот процесінің өзі мемлекеттік тіл бойынша қоғамда қандай проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Бұған арнайы талдау жасалған жоқ. Сондықтан Жоғарғы сот осыны талдап, халыққа жеткізуі керек;

● «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсыну;

● бұдан былайғы уақытта елімізге сырттан келетін компьютерлік бағдарлама өнімдерінің қазақша нұсқасының болуын міндеттеу.

Міне, осы ұсыныстардың бірқатары шешімін тапты, көпшілігі әлі ашық күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, Қоғам басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының, Қазақстан мұсылман-дары діни басқармасының, Мемлекеттік терминологиялық комитеттің мүшесі ретінде де аталған ұйымдардың іс-шаралары мен алқалы жиындарында қазақ тілінің мүддесін қорғап келеді. Осы орайда Қоғам Елбасыға, Мемлекеттік хатшыға, министрліктерге, қалалық, облыстық әкімдіктерге тұрақты түрде тіл тағдырынан туындайтын түрлі ұсыныстар беріп, бастамалар көтеріп келеді. Кезінде Мемлекеттік хатшы О.Әбдікәрімовке ҚР Премьер-министрі кеңсесі басшысының 2007 жылғы 1-ақпандағы №И-81 тапсырмасына сәйкес Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттік орган-дардан құжаттарды мемлекеттік және орыс тілдерінде жіберу туралы  тапсырма (12.02.07ж., №18-2-3/1664) берілуіне байланысты, бұл нұсқаудың орынсыз екені дәлелденді. Соның негізінде тиісті шара қолданылып, аталған тапсырманың күші жойылуына қол жеткізілді.

Жасыратыны жоқ, Қоғамның Орталық кеңесі мен жергілікті ұйымдарының арасындағы байланыс бәсеңдеп,  бірқатар облыстардағы ұйымдардың жұмысы тоқтап қалды. Түрлі қиындықтарға қарамастан, өз жұмыстарын жүргізіп келе жатқандардың ішінде Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстық және Байқоңыр қалалық ұйымын атауға болады. Биыл Қызылорда филиалына жаңа төраға сайланып, оның жұмысы жанданып келеді. Ақтөбе облыстық ұйымы биыл басшылығын өзгертті. Алдағы уақытта облыстық, қалалық, аудандық ұйымдардың жұмысын қайта қарап, жүйелі жолға түсіру мақсатында, Жарғыға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізгелі отырмыз.

Білікті мамандардың күш-жігерін ортақ мақсатқа шоғырландыруды көздеп,  Жетпісбай Бекболатұлының мұрындық болуымен «Интернеттегі қазақ тілі», «Қазақ тілі және ақпараттық технологиялар» тақырыбына Орталық қоғам бірнеше «Дөңгелек үстөл» өткізіп, басқосуларға ғаламтордағы қазақ тілінің өріс алуына Асхат Еркімбай, Ізгілік Нағиев, Айна Айтжанова, Болат Бөтеев сияқты ұлттық интернет-ресурстарды өмірге әкелген білікті мамандар қатысты. Бүгіндері қазақ тіліндегі интернет-ресурстар, жедел дамып келеді. Порталдар саны көбейді.

Қазақстанның ақпараттық кеңістігі Ресейдің ықпалынан әлі арылған жоқ. Құдайға шүкір, «Қазақстан» телеарнасы қазір түгел қазақша сөйлей бастады. Жуырда ашылып, балаларға арнап қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасы ақылы желі арқылы көрсетіледі. Оған бүкіл қазақ баласының қолы жете ме?! Әрине, жоқ. Болашағын ойлаған ел баладан бастаушы еді. Осы орайда біздің биліктің болашақты қалай елестететінін түсінбейсің. Көшедегі көрнекі ақпарат пен жарымжан жарнама тілі жайлы айта-айта жақ талды. Кітап дүкендерінің 99 пайызы Ресейдің өнімдерін таратады. Бұған Ресейдің газет-журналдары мен елімізде Қазақстанның бюджет қаражатына шығатын орыс тіліндегі баспа өнімдерін қосыңыз.

Ел Үкіметі Елбасының Жолдауларында қойылған міндеттердің орындалу барысы туралы Парламентте, сол секілді қоғам алдында жыл сайын есеп беріп тұрғаны жөн. «Қазақ тілі» қоғамы да осы қоғамдық бақылау, қоғамдық талап ету, қоғамдық тыңдау шараларына баса назар аударғаны абзал. Еліміздің білім заңына сәйкес баласының қай тілде білім алатынын ата-анасы таңдайтындықтан, ата-аналар саналылық танытар деп үміт етеміз. Қоғам мүшелерінің күш салатыны, көп болып қолға алар іс осы деп білеміз. Қазақстандағы барлық балабақшалар мен бастауыш сыныптар тек қана қазақ тілінде болуы талап етілуі керек.

Жоғары оқу орындары қауымдастығының мәліметінше, ЖОО-дағы қазақ тіліндегі оқулықтар 7-ақ пайызды құрайды. Бұл не сұмдық! Жаратылыстану саласын былай қойғанда, бұрыннан қазақ бөлімдері бар журналистика, филология, заң саласының студенттерінің өздері оқулыққа мұқтаж. Білім және ғылым министрлігі студенттерді тиісті оқулықпен қамтамасыз ете алмаған ЖОО-ға неге лицензия береді, неге осы мәселені талап етпейді? 20 жылдан бері қазақ тіліндегі оқулықпен қамтамасыз етуді жүйелі түрде шешуді неге қарастырмайды? Басқасын былай қойғанда, бұл адам құқығын өрескел бұзу емес пе?

Біз елдің санасын өзгертеміз дейміз. Ал бірақ өз санамыз туралы ойланбаймыз. Қазір қоғам өзгерді, ел жаңарды. Жаңарған қоғамға жаңа сана, жаңа идеялар, жаңа құрылым қажет. Біз осыған қам қылайық. Қоғам қызметінің нақты әрі жемісті болуы үшін осы Құрылтайдан соң арнайы жұмыс тобын құрып, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын дамыту тұжырым-дамасы мен оның алдағы жылдарға арналған даму стратегиясын» қабылдауды ұсынамын.

Өткен ғасырдың 90-жылдарымен салыстырғанда еліміздің этнодемографиялық ахуалы айтарлықтай өзгергендіктен, Қазақстанның этнолингвистикалық картасын жасауымыз керек және соған сәйкес іс-шаралар жүргізуге тиіспіз. Содан кейін көңіл аударатын мәселе – Қоғам қайраткерлерінің еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы Сенат пен Мәжіліске, жергілікті Мәслихаттарға депутат етіп сайлауды, өзге де алқалық ұйымдарға мүше етіп ұсынуды ұйымдастыру жайы. Мұндай алқалы орындарда «Қазақ тілі» қоғамы қайраткерлерінің болуы мемлекеттік тілдің мүддесін тиісінше қорғауға мүмкіндік береді.

Қоғамның Құрылтайының өтуіне Елбасы және мемлекет қолдау көрсетіп келеді. Қалған мәселені өзіміз реттеуіміз керек. Қоғамдық ұйымдарға арнап жыл сайын конкурстар жариялайды. Ұтымды ой, тиімді бастама болса, соны жеңіп алу мүмкіндігі бар. Бірқатар облыстық ұйымдар осы мүмкіндікті жақсы пайдалануда. Биыл Қызылорда облыстық ұйымы осы грантты иеленді. Павлодар облыстық филиалы «Ертіс дидары» интернет газетін шығарып, Байқоңыр қалалық филиалы «Байқоңыр» журналын шығарып, ел алғысына бөленді.

Қоғамда құндылықтарды қайта бағалау үрдістері жүруде. Соған сай қазақ қоғамында бірнеше қатпарлы субмәдениеттер қалыптасты. Тіл саясатын жемісті жүргізу үшін осынау үдерістерді зерттеп, ғылыми негізде жүргізу мақсатында түрлі сала мамандарынан арнайы топ құрып, олардың ішінде тілшілер, әлеуметтанушылар, заңгерлер, психологтар, философтар, мәдениеттанушылар, дизайнерлерден жұмыс тобын жасақтап, ортақ кешенді зерттеу жүргізу керек. Соның нәтижесін негізге ала отырып, тіл саясатын іске асырсақ, дұрыс болады.

Заңгер мамандардан жұмыс тобын құрып, ҚР Тіл заңына түсіндірме дайындалуы керек. Сөйтіп ол халық арасында жан-жақты насихатталғаны жөн. Қоғам мүшелері осы заң бойынша жүрген жерлерінде заң талабының орындалуын талап етеді. Заң бұзғандарды сотқа береді. Яғни қоғамдық тіл сақшысының рөлін атқарады. Бұл ретте Алматы телеарнасындағы «Тіл сақшысының» рөлін күшейткен абзал. Қоғамдық бақылаудың бір көрінісі осы болу керек.

Қазір мүмкіндіктер мол ашылған заман. Ендігі кезекте Қоғамның жұмыс жүргізу тәсілін, ұйымдық құрылымын түбегейлі қайта қарауымыз қажет. Қоғамның қалалық, облыстық, аудандық филиалдары мен ұйымдарының, өкілдіктерінің құрылымы, жұмыс жүргізу жүйесі, қаржыландырылу жайы нақтылануы тиіс. Сондықтан филиалдар туралы ереженің жаңа нұсқасын дайындап, соған сай жергілікті ұйымдар жұмысын ұйымдастыруымыз қажет. Қоғам  заман талабына сай икемді, өзін-өзі қаржыландыра алатындай жағдайға жетуі үшін, мынадай шараларды қолға алған жөн деп білемін:

- Қоғам қызметін жетілдіретін ішкі нормативтік-құқықтық актілер жасауға мән беру;

- Жарғыға сай Қоғамның орталық аппараты мен жергілікті ұйымдарында құрылымдық-ұйымдық өзгерістерді жүзеге асыру;

- Қоғамдық тіл сақшысының рөлін күшейту;

- Қоғамға мүше тарту мен мүшелер қызметінің белсенділігін арттыру;

- Қоғамның өзін-өзі қаржыландыру тетіктерін ойластыру;

- мемлекеттік тіл саясатының іске асырылу барысына мониторингті жүзеге асыру;

- мақсатты аудиторияны нақты айқындау, сегменттеу, соған сай жұмыс жүргізу.

Ұлттың тұтастығы – тілдің тұтастығы. Біз алдағы уақытта да ұлттық құндылық-       тарымызды түгендеу, құрметтеу жолында ауызбіршілігімізден ажырамауымыз керек. Бірігіп атқарар әр алуан шараларымыз әлі де жетерлік.  Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады…».     Айтайын дегенім осы еді, ағайын!

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі: Дін мен тіл мәселесін бөліп қарауға болмайды. Тілдің тұғырын даурықпамен, шерулермен көтере алмаймыз. Әркім өз саласы бойынша қазақ тілін қолдануға байланысты тиісті жұмыс атқарса жөн болар еді. Еліміздің мешіттерінде уағыз қазақ тілінде. Тиімді әрекеттерден бір ғана мысал келтірейін. Біздің мүфтиятқа АҚШ елшілігінен ағылшын тілінде  хат келді. Бізде іс қағаздары тек қана қазақ тілінде жүргізілетіндіктен, ол хатқа жауап бермедік. Соны білген соң, олар бізге қайтадан қазақша хат жазып, біз оған жауап бердік. Бірде кеңсемізге француз журналистері келіп, жұмысымызбен таныспақ болды. Бірақ аудармашысы қазақ тілін білмегендіктен, оларды кері қайтардық. Олар ертеңіне-ақ қазақ аудармашысын тауып келді. Егер қоғам барлық адамдарға мемлекеттік тіл жөнінде осындай талап қоятын болса, онда жақсы нәтиже де болады.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті      Алла Платонова: Менің түсінігімде, тіл – тек қатынас құралы ғана емес, ол – тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы. Тіл арқылы бүкіл халықтың жан-дүниесі ашылады, рухани ой-санасы көрінеді. Мұны, мен қызыл сөз үшін емес, қазақ тілін жақсы білгендіктен, бұл тілде еркін сөйлей алатындықтан айтып тұрмын. Мен пейілі кең дархан қазақ халқын өз ұлтымнан кем көрмеймін. Кімге де болса, есігі ашық, достыққа өте бейім, ешкімді жатырқамайтын халықтың тілін ана тіліммен қатар алып жүргенімді мақтан тұтамын. Соңғы жылдары қалалық, облыстық, республикалық түрлі дәрежедегі «Тіл» сайыстарына қатысып жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Қазақ әндерін айтумен бірге, Ұлы Абайдың өлеңдеріннен сусындап өстім. Сабақтан бос уақытта Қостанай қаласындағы «Қазақстан – Қостанай» телехабарында қазақ жаңалықтарын және басқа да бағдарламаларды жүргіземін. Өзге ұлт өкілінің мемлекеттік тілде бағдарлама жүргізгені көрерменнің көзіне жағымды әсер қалдырады деп ойлаймын.

Қазақ тілі туралы әңгіме үнемі нақты, әрі батыл айтылуы керек. Мен барлық қандас бауырларымды, оқушы және студент жастарды қазақ тілін білуге, сүюге, оны өз өмірлерінде рухани азық етуге шақырамын. Бірнеше тіл білгеннің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ және айтарым қай мемлекетте тұрып, өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге міндеттісің. Мемлекеттің тілін білмеген орыс Ресейіне, татар Татарстанына бара берсін. Бұл – өркениетті өмір талабы. Сөзімнің соңында айтарым, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл күнде егеменді ел болып, еңсесін көтерген Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін өркендетуге бір кісідей ат салысайық! Елге, жерге деген ыстық ықыласымызды ісімізбен дәлелдейік. Жүректен шыққан жылы сөз жаңаша өмірдің жарқын бастауына нұр болып құйылсын дегім келеді.

Талдықорған медицина колледжінің студенті Светлана Бабкина: Мен Алматы облысының Талдықорған қаласындағы «Айналайын» Балалар үйінің түлегімін, Жетісу жерінде туып-өстім. Киелі қазақ тілінде сөйлеп тұрғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында мен де үлкен жетістіктерге жетіп,.Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мемлекеттік тілді білу – парызың» атты республикалық олимпиадасында бірінші орынды иелендім. Қазақстанның жетістігі еліміздің татулығы мен бірлігін сақтау –  әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп білеміз.

Бүгінгі таңда жоғары және орта оқу орындарына жүктеліп отырған міндет – әлемдік нарық жағдайында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осыған орай, Президентіміздің айтқан сөзі ойға оралады: «Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз. Ол – біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз. Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс», – деген сөзінен мен өзімнің өмірлік мақсатымды таптым. Республикада біздің облыста ғана Тіл Сарайы бар. Онда қазақ тілін оқытып-үйрететін облыстық орталық бар және осындай орталықтар аудандар мен қалаларда да жұмыс жасауда. Сонымен қатар Достық Үйінде де тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тілді терең оқытуға бағытталған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осындай үлкен игілікті істерге ұйтқы болған Серік Әбікенұлы Үмбетовтің еңбегі зор.

Бүгінгі таңда жастардың мемлекеттік тілді үйренуіне үлкен көңіл бөлінуде. Өйткені жастардың болашағы мемлекеттік тілмен тікелей байланысты, оның қажеттілігі өндірісте де, қоғамның саяси-әлеуметтік өмірінде де бар. Тілсіз ұлттың болуы мүмкін емес десек, біз жастар – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге тиіспіз. Өз басым қазақ елінің абыройын асыруға, мемлекеттік тілді жетік меңгерген сауатты маман болуға ұмтыламын.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Шаруа Пірмат: Қоғам президенті құрметті Өмірзақ Айтбайұлының баяндамасына, одан кейінгі жарыссөзге шыққан шешендердің сөзіне қарап біз үлкен бір мерекеге, толағай табыстарға жеткен қоғамның аста-төк тойына жиналғандай сезімде отырмыз. Шындығында да солай ма? Тіпті де олай емес. Заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі іс жүзінде, бұрынғысынша, орыс тілінің, соңғы кезде тіпті ағылшын тілінің көлеңкесінде қалып отыр. Мұны біз жақында ғана 138 зиялы қауым өкілдерінің қол қойып республика басшыларына жіберілген үндеуінен көре аламыз. Бұл үндеуге Ө.Айтбайұлының да қол қойғанына қуандық, бірақ ол кісінің баяндамасында бұл туралы және де үндеуді қолдау туралы қоғамның қанша мүшесіне қол қойдырғаны туралы ешнәрсе айтылмады. Баяндамада соңғы екі Құрылтай аралығында қоғамға қанша адамның, қанша жекелеген ұйымның мүше болып кіргені, жаңадан қанша бастауыш ұйымның құрылғаны, Үкімет пен Парламенттің, министрліктердің алдына қандай мәселелер қойылғаны, олардың нәтижелері туралы тұщымды ешнәрсе жоқ. Тексеру комиссиясының баяндамасында қоғамның қалтасында көк тиын да жоқ екені айтылды. Сонда қалай, көк тиыны жоқ қоғам қалай жұмыс істейді?

Біздің облыстық филиалдағы жағдай да дәл сол бүткіл қоғамдағыдай. Филиалдың құжаттары мен мөрінен және мөртабанынан басқа ешнәрсесі жоқ. Бүгінгі күні «Қазақ тілі» қоғамына қамқорлық көрсететін азаматты немесе ұлтжанды мекеме басшыларын таба алмайсыз. Сол мекеме басшылары, кәсіпкер азаматтар шетелге барып демалып, шетелдің дәмін татып, тауарын тұтынуға құмар. Соңғы кезде олар балаларын қайтадан орыс мектебінде, мектеп бітірген соң шетелде оқытуға, оған дейін ақы төлеп ағылшынша, тіпті, қытай тілін оқытуға көшкен.

Қоғам жұмысы көпірме сөзге, бос мақтануға, әлде біреулерді мақтауға құрылса, онда дәл бүгінгі күні қоғамды таратып, бет-бетімізге кеткеніміз дұрыс. Не болмаса Парламентке жаңа «Тіл туралы» заң қабылдаттырып, Республика Үкіметінен тіл инспекциясын құрдырып, қоғамға қомақты қаржы бөлдіріп, тұшымды жұмыс істеуіміз керек.

 

Құрылтай барысында делегаттардың көтерген түрлі сұрақтарына жиын соңында      М.Құл-Мұхаммед пен М.Әшімбаев жауап берді.

М.Құл-Мұхаммед мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл мәселесіне және  «Қазақ тілі» қоғамына қаржылай көмек көрсетуге қатысты пікірін былай қорытты: «Мемлекеттік қызметте істейді екенсің, мемлекеттік тілді білуің тиіс! Біз арандатушы-лардың айтқанына жол бермейміз. Олар айтқандай болмайды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін тіл заңнамасына тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, 2012 жыл-дың басында жаңа жобаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, оны жалпыхалықтық талқылаудан өткізіп аламыз. Содан кейін осы заң жобасын Парламенттің қарауына ұсынамыз. Біз Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына қаржылай көмек көрсетуге қарсы емеспіз. Мен ол жөнінде Үкіметке ұсыныс беремін. Ол үшін Сіздер қоғамға қанша қаражат қажет екенін нақты есептеп, бізге хат жолдаңыздар.

 

М.Әшімбаев өз сөзінде бүгінгі Құрылтайда көтерілген проблемалардың барлығын жоғарыдағы басшыларға жеткізетінін және осы айтылған ұсыныстарға байланысты елімізде арнайы жиын ұйымдастыру мәселесін де қарастыратынын айтты.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

«Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

 


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  «ҚАЗАҚ ТІЛІ»  ҚОҒАМЫНЫҢ  V  ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕЛЕГАТТАРЫНЫҢ  БАРША  ОТАНДАСТАРЫМЫЗҒА

Ү Н Д Е У І

Ардақты ағайын!

Бүгінгі күннің ақиқаты біздің алып планетамыз ұшы-қиыры жоқ кеңістік емес, жұдырықтай Жұмыр жер екендігін, оны табанға салып тоздырмай, алақанға салып аялау қажеттігін көрсетіп берді. Осынау ауқымды тұжырым ғаламның әлеуметтік-экономикалық өміріне де, соның ішінде тіл мен діл сияқты руханият пен мәдениет ұстындарына да тікелей қатысты. Бүкіләлемдік банк дерегі бойынша жыл сайын 6 тіл қолданыстан шығып, өлі лұғаттар қатарын толықтырады екен. Бұл бүкіл адамзат үшін де, өзінің болмыс-ерекшелігінен айырылған бейкүнә халық үшін де қасіретті, қайғылы жағдай.

Міне, қазіргі таңда қалыптасып отырған осындай күрмеуі қиын ахуал қазақ тілінің болашағын бүгіннен бастап ойлауды талап етеді. Тіліміздің мемлекеттік дәрежесі де, оның сөздік қорының молдығы, көркемдігі мен әуезділігі де тарих қойнауына сіңу қаупін сейілдіре алмайтындығын терең сезінуіміз қажет. «Қазақ тілі» қоғамы халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен, әсіресе өскелең буынмен қоян-қолтық жұмыс істеп, ана тілінің тағдыры – ел тағдыры екендігін ұғындыруды маңызды міндет санайды.

Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» деген пікірін және ел халқы алдына қойып отырған осы міндетін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қолдайды. Оның іске асуына қоғамдық бақылау жасайды. Бұл үшін барша отандастарымызды, білім жүйесі қызметкерлерін 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстандағы барлық орта мектептердің 1 сыныптарын толықтай мемлекеттік тілде білім беруге көшіруге шақырамыз.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы барлық балабақшаларды бірыңғай мемлекеттік тілге көшіруді ұсынамыз. Сондай-ақ мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, қолданысқа кеңінен ендіру сұралсын.

Қазақстанның құзыретті органдарына мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, жаңа заңдар қабылдау туралы ұсыныс енгізілсін.

Ұлты қазақ азаматтарымызды бүгіннен бастап өз аты-жөндерін қазақ тілінің заңдылықтарына сай ресімдеуге және дүниеге келген сәбилерінің, кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік алатын балаларының аты-жөндерін де қазақ тілінде ресімдеуге шақырамыз.

Қазақ елінің әрбір азаматының өз отбасында, араласатын ортасында, қызмет орнында қазақша сөйлеу, қазақша іс қағаздарын жүргізу, қызметтердің қазақ тілінде көрсетілуін талап ету, қазақ атына сай салиқалылық салтын сақтау арқылы мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылуына үлес қосуы – ұлттың аманаты деп білеміз.

Аманатқа адалдық таныту – азаматтық. Осы атқа лайық болайық!

Тіл болашағы – бүгінгі күн қам-қарекетінің қолында. Тіліміздің туын әрқашан жоғары ұстайық, ағайын!

Мұрағаттан, 06.10.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: