Берік Оспанов осалдық танытып жатыр

Screenshot_3.jpg

Ал Алмира Орманшина қызметінде қашанғы отырады?  

«Рейтинг» газетінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың пәрменімен   оның орынбасарлары арасында жаңадан міндет бөлісу болғанын кезінде кеңінен жазған едік. Сол кезде бұрын-соңды кездеспеген өзгеше өзгерістің нәтижесінде  құрылыс саласы облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың құзырына қараған болатын. Шуы басылмаған, шатағы бітпеген құрылысқа   қатаң талап пен темірдей тәртіп орнатуға ауылшаруашылық саласының маманы Оспанов осалдық танытпай ма деген  сауал сонда-ақ айтылған еді. Көпшіліктің көкейіндегі күдік бекер болмай шықты.  Ол бұл салаға басшылық жасағалы бері әлі бірде-бір рет батыл қадамға бара қойған жоқ. Керісінше, соңғы уақытта онсыз да дау-жанжалы басылмаған құрылысқа қатысты сын көбейіп кетті. Оған қоса Оспановтың осалдығын сездірмеуге септігі тиеді дейтін, «жақсыны асырып, жаманды жасырып» жүруі керек облыстық құрылыс басқармасының бастығы Алмира Орманшинаның әуел баста—ақ бұл қызметке тағайындалуы қателік екені, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қарым-қабілеті, тәжірибесі  жетіспейтіні, «көтере алмас шоқпарды беліне байлағаны» туралы көпшіліктің ортасындағы   пікірталас әлі басылар емес. Қайта Орманшинаның шыңдалу орнына жұмысын қожыратып жібергенін жұрт айтып жүр. Бірақ, неге екенін кім білсін, кемшілікке бой алдырған  командасындағы кадрлардың ешқайсысына кешіріммен қарамай, елдің аузындағы әр алуан сөзден де қорықпай бір жылдың өзінде кейбір басқармалардың басшысын бірнеше рет ауыстырудан жасқанбаған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құрылыстағы шаш-етек  шикіліктер «көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрса да Орманшинаға келгенде көңілжықпастық, жұмсақтық танытуы түсініксіз. Оспановтың осалдық тантып отырғаны-анау. Ал Орманшина қызметінде қашанғы отырады? Екеуінің епсіздігінен ертеңгі күні бюджеті қомақты салада елге, елдің экономикасына орны толмас зиян келіп жатса оның обал-сауабын, жауапкершілігін кімнен сұраймыз? Мұның жауабын айтпасақ та ішіңіз сезіп отырғаны анық. Сөзіміз құрғақ айыптау болмасын,  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының  «Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын азаматтық бақылау» акциясы барысында құрылыс саласынан кезекті мәрте анықтаған келеңсіздіктердің бірқатарына тоқталайық.

     Арыс қаласы Задария елді мекеніндегі 250 орындық бастауыш мектептің құрылысын мердігер компанияның талапқа сай атқармағаны, жұмыс кестесінен 34 күн қалып қойғаны былай тұрсын, құрылыс барысындағы барлық 96 жұмысшының тек алтауы ғана жергілікті жердің тұрғыны екені анықталған. Қалған жұмысшылардың барлығы да шекараның арғы жағынан келген келімсектер болып шыққан. Дәл осындай жағдай Кентау қалалық балалар емханасын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Мадест» ЖШС-інің жұмысшыларынан да тіркеуге алынбаған 23 өзбекстандық табылған. Ал жергілікті тұрғындардың арасында «екі қолға бір күрек таппай жүрген» азамат қаншама? Олай болса жергілікті халықтың несібесін әлдебіреулерге жырып беруге жол беріп жүргендер кімдер?    Құрылыс жұмыстарының жоспарын өз бетінше өзгертуге де жол беріліп отыр. Арыс қаласындағы  П.Арапов ауылына кірме жолын жөндеп жатқан  мердігер жобаға өз бетінше өзгерістер енгізгені , соның нәтижесінде бюджет қаржысын желге шашқаны осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Дәлірегі жолдың ені 4,5 метрдің орнына 4 метрге қысқарып, есесіне үнемделген 200  метр жұмыс көлемінің орнына деп жол ауыл мектебіне дейін ұзартылған. Бірақ артық қыламын деп тыртық қылыпты деген осы шығар, жұмыстар сапасыз атқарылып асфальттің жұқа төселуіне байланысты қазірдің өзінде жолдың жиектері бұзыла бастаған. Ауыз су саласында атқарылып жатқан құрылыста да шикілік көп. Айталық,  Арыс қаласы Монтайтас елі мекенінде сумен қамтамасыз ету үшін 580 үйге 23 шақырымдық құбыр тарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Құрылыс жүргізіліп жатыр, бірақ ол ертең кәдеге асады жоқ па дәл қазір оны тап басып ешкім айта алмайды. Себебі ауылдағы бұрын салынған 3 су жинау қоймасы мен су мұнарасы жеке меншіке өтіп кеткен. Ал оны мемлекетке сатып алуға қаржы қарастырылмаған. Дәл осындай жағдай Ордабасы ауданы Бөген ауылындағы ауыз су құрылысында да туындаған. Мердігер ескі су жүйесін талқандап, бірақ жаңа ауыз су жүйесін аяқтай алмай отыр. Осыған орай қазіргі таңда бөгендіктер ауыз суды 2 шақырымнан тасып әуре. 

«100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған мектеп Шаян елі мекеніндегі 700 орындық мектеп пен 350 орындық интернаттың құрылысы 2010 жылы аяқталуы тиіс еді. «Сақалды құрылыс» биыл 1 қыркүйекте пайдалануға  берілгенімен нысан әлі күнге мемлекеттік қабылдаудан өтпеген.  Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы аталған бағдарлама бойынша салынып, 2010 жылы пайдалануға берілген  1200 орындық мектептің сапасы бір жыл өтпей жатып сыр беріп қалды. Ғимараттың сылақтары түсіп, шатырынан су ағып тұр. Одан бөлек ғимараттағы жылу қазандығының мектепті толық жылытуға шамасы жетпейді.

Мәссаған, Созақ ауданы Қаратау ауылындағы мәдениет үйінің спорт залы мен жылыту қазандығы жаңадан салуға 2010 жылы 46 миллион теңге бөлінген. 2010 жылы спорт залының құрылысы аяқталған. Бірақ жылыту қазандығының құрылысы бітпегеніне қарамастан жерілікті әкімдік қабылдау актісіне қол қойып, ақшаны мердігерге толығымен аударып жіберген. Ал мердігер « іс бітті, қу кеттінің» керін келтіріп, жұмысты аяқтамастан тайып тұрған.   Кентау қаласында Алтынсарин атындағы мектепте жөндеу жұмыстарын мердігер компания кестеден кешіктіріп, оқу жылының жақындап қалуына байланысты сыпыру, қоқыс-қалдықтарды тазалау жұмыстарына мектеп ұжымы да жұмылдырылған.

Құрылыстың сапасыз жүргізу, мойынға алған міндетті орындамау бірінші кезекті мердігердің жауапкершілігіне, күш-қуатына, тәжірибесіне байланысты. Ал мердігерлердің арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды» анықтап, майлы жілікті үлестіретін облыстық құрылыс басқармасы екені белгілі. Олай болса Алмира Орманшина жетекшілік ететін басқарманың сенген мердігерлері үмітті ақтамай жатыр?  Орманшинаның өзі де...

Мұрағаттан, 06.10.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: