«Рейтинг» газетінде жиі сыналып, ақыры криминогендік ахуалды бетімен жібергені үшін абыройсыз жағдайда орнынан кеткен генерал Серімжан Досымовтың орнын алмастырған оның бірінші орынбасары Асқар Оспанов облыс полициясында бірқатар кадрлық өзгерістер жасады. Басшысы ауысқан мекемеде ауыс-түйістердің болатыны заңдылық қой. Десек те, А.Оспановтың бұрынғы генералдың кезіндегі кем-кетіктің орнын толтырып, құрғақ сөзден нақты іске көшкені байқалады. Оның жасаған жүрісі «баяғыдан осылай істеу керек еді» дегізгендей.
Досымовтың тұсында облыстағы криминогендік ахуалдың күн санап күрделеніп келе жатқаны айтылып та, жазылып жатты. Бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ. Әр тоқсайын сайын облыста қылмыстың қаулап өскенін, ал ашылуы көрсеткішінің төмендеп бара жатқанын прокуратура органдары жария етеді. Тіпті облыс прокурорының өзі де осыған байланысты ішкі істер департаменті басшыларының жауапкершілігін қарауды Ішкі істер министрінің өзіне ұсынғанын білеміз. Десек де қылмысты құрықтауға қажетті шаралардың барлығы жасалды десеңіз қателесесіз.
Мәселен, Түркістан қаласындағы ауыр қылмыстар, оның ішінде қарақшылық шабуылдар өршіп кетті. Осыған орай рухани астана «күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» деген атаққа таңылып, киелі қаланың атына елеулі нұқсан келді. Алайда қылмысты ауыздықтауға жергілікті полицияның дәрменсіздігі қанша жерден айтылса да «Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының бастығы қызметінде 5-6 жылдан бері отырған Мұхтар Ермековты орнынан алу керек» деген жергілікті әкімдіктің, прокуратураның ұсынысының ішкі істер департаменті тарапынан қолдау таппайтынына таң қалатынбыз. Жаңа бастық Асқар Оспанов ә дегеннен осы шаруаны жайғастырып тастады. М. Ермековты орнына алып, ол жерге облыстық ішкі істер департаментіндегі криминалдық полция басқармасын соңғы 3-4 жылдан бері тапжылмастан басқарып келе жатқан Серік Шалқаровты отырғызды. С.Шалқаровтың басына дәл қазін сын туып тұр. Ол өзінің қаншалықты кәнігі ізкесуші екендігін көрсететін уақыт жетті.
Криминалдық полиция жалпы қылмыстардың 60-70 пайызын ашумен айналысады. Оның ішінде тонау, қарақшылық шабуылдар, мал ұрлығы сияқты белең алған қылмыстарды ауыздықтау да қылмыстық полицияның шұғыл уәкілдерге тиесілі. Осындай маңызды саланың кейінгі жылдары тоқырап кеткені рас. Шалқаров жылы орнын суытқаннан кейін бұл қызметке Кенже Оңдасынов тағайындалды. Кенже Оңдасынов облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары қызметін соңғы оншақты жылдан бері атқарып келген. Жасыратыны жоқ, кримналдық ахуалды бес саусағындай білетін, полицияда беделі бар жігіт. Оның үстіне аталған басқарма мен криминалдық полиция екеуі біте қайнасып жатқанын ескерсек, Кенже Оңдасынов жаңа қызметті игеріп кетеді деген сенімміз мол. Иә, айтқандай, өзінің қызметтік жолында аталған басқарманың бастығы қызметін атқарған, бұдан кейін Мақтарал аудандық ішкі істер басқармасын басқарып, Досымовтың қызмет жөніндегі орынбасары болып тағайындалған Қайрат Дәлбеков Асқар Оспановқа бірінші орынбасар болды. Қайрат Дәлбековтың орнына бұған дейін Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы болып істеген Нұралы Қырғызалиев отырды. Ал Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы қызметіне Кентау қалалық ішкі істер басқармасының бастығы болған Сейітжан Сапарбеков барды.
Облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасын Орынбасар Қабыштаевтың басқарып келе жатқанына жаңалыспаақ 5-6 жылдың жүзі болып қалған еді. Облыстың тергеушілеріне Батырбек Отыншиевтен кейін жетекшілік етіп келе жатқан О.Қабыштаев Қазығұрт аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Нүриддин Даулыбаев екеуі орынтақ ауыстырды. Бұған дейін Еңбекші аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып істеген Нүриддин Даулыбаев жас кадр саналады. Ал өсемін деген жас кадрға қолынан қаншалықты іс келетінін дәлелдеу үшін біраз тер төгуі керек қой. Осы қағидаға салсақ, жас кадрлар Оспановты ұятқа қалдырмайтын сияқты.
Жалпы Асқар Оспановтың ішкі істер департаментін бұған дейін басқарған Серімжан Досымов пен Хибратулла Досқалиевтен бір өзгешелігі бар. Алдыңғы екеуі--генерал, ал Оспанов--полковник. Бірақ әзірге ғана. Департаментті басқарып, генералдық лауазымды атқарып отырған Оспановтың генералдық шеннен дәмесі жоқ емес. «Генерал болуды армандамаған солдат, солдат па?» Сондықтан да ол «асарымды асадым, енді тып-тыныш зейнеткерлікке шығып алсам болды» деген пиғылдан таза. Полковник генералдық шенге жету үшін алдына қадау-қадау міндеттер қойып, жемісті жұмыс істеуге құмбыл. Ал іс тетігін қашанда кадрлар шешкен емес пе? Сондықтан да Оспановтың алғашқы өзгерістерін сол жемісті жұмысқа бастар баспалдақ деп қабылдайық...
Мұрағаттан, 06.10.2011 ж