Жарты әлемді жаулаған Шыңғысханның өміріне қатысты анықталмаған жайттар, әлі ашылмаған құпиялар көп. Мәселен, Ұлы қағанның туған жылы осы уақытқа дейін нақты емес. Бір деректерде ол 1155 жыл деп көрсетілсе, бір деректерде ханның 1162 жылы дүниеге келгені жазылған. Екінші талас қағанның суретіне қатысты. Біздің заманымызға жеткен Шыңғыс ханның суретін ортағасырларда қытай суретшісі салған екен. Бірақ кейбір тарихшылар оның Шыңғыс хан екеніне күмән келтіреді. Олардың айтуынша, бұл суретте Шыңғыс хан емес, Қытайдағы Құбылай ханның әулетін тақтан кетіріп, Минь династиясының негізін қалаған қолбасшының бейнесі салынған. Ал, үшінші талас Шыңғыс ханның моласы жөнінде.
Шыңғыс хан 1227 жылы таңғұт еліне жасаған жорық кезінде қайтыс болған. Оның өлімі туралы бірнеше болжам бар. Олардың бәрі де ханның өз ажалынан өлмегенін айтады. Атақты қолбасшының моласын жаулары қазып, әруағын қорлайды деп қорыққан монғолдар Шыңғыс ханның көмілген жерін жасырын ұстаған. Моланың орнына мыңдаған жылқы жайып, тып-типыл еткен. Жерлеу рәсіміне қатысқан 2 мың адамның түгелдей бастары алынған. Оны орындаған 800 атты нөкердің ғұмыры да бір тәуліктен аспай, барлығының көзі жойылған. Қазіргі әдебиттерде осындай рас-өтірігі белгісіз деректер келтіріледі. Бірақ ертегіге бергісіз мұндай әңгімелердің қайдан шыққаны беймәлім.
Кеңес одағы тарап, Монғолиядан КСРО әскері әкетілген соң ханның сүйегін іздеуге мұхит асып келген американ, жапон ғалымдары да қызығушылық танытты. Монғол үкіметі бұған қарсылық білдірген жоқ. Үкімет бір-ақ нәрсені—ханның моласы табылған жағдайда оны қазбауды, Шыңғыс ханның тыныштығын бұзбауды талап етті. Экспедицияларға миллиондаған доллар жұмсалғанымен, олардың жұмысы нәтижесіз аяқталды. Алғашқы экспедициялардың бірін 1990 жылы Жапонияның «Иомиури» газеті өз қаржысымен ұйымдастырды. Экспедиция төрт жыл бойы тер төккенімен, Шыңғыс ханның моласы туралы нақты ештеңе таба алмады. Қайта жапон ғалымдарының іс-әрекеті монғолдар арасында «Шыңғыс ханның моласын сылтауратып, жер асты пайдалы қазбаларын зерттеп жүр» деген күдік-күмән туғыза бастады. Ұзамай экспедицияның жұмысы тоқтатылды. Кезекті экспедицияны бұрынғы саудагер Мори Кравиц және Чикаго университетінің тарихшысы Джон Вудс ұйымдастырды. Бірақ 2002 жылы олардың қазба жұмыстарымен танысқан Монғолияның бұрынғы премьер-министрі америкалықтардың ата-баба қорымын қорлап жатқаны жөнінде байбалам салды. Ұзамай бұл экпедиция да елдеріне құра алақан қайтып кеткен. Қағанның сүйегін іздеуге қытайлар да білек түре кірісті. Олар моланы Монғолиядан емес, Шыңғыс ханның ақтық демі таусылған жер—Солтүстік Қытайдан іздеді. Осылайша «Шыңғыс ханның моласын тапқалы жатырмыз» деп баспасөзді бірде америкалықтар, бірде қытайлар, бірде жапондықтар шулатты. 2008 жылы Шыңғыс ханның моласының табылғандығы жөнінде Монғол үкіметі ресми түрде мәлімет таратты. Осы жөнінде былтыр филология ғылымдарының докторы, халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы қазақ баспасөзінде көлемді мақала да жариялады.
Қаржаубай Сартқожаұлының жазуына қарағанда, 1227 жылы таңғұт жорығында қазіргі Қытайдың Гансу өлкесінің Чин Сүн Сян деген жерінде көз жұмған Шыңғыс ханның сүйегін нояндары қазақ арбасына артып елге қайтады. Монғол қолбасшылары ханның өлімін қарапайым халықтан жасырып ұстаған. Қаралы хабар Шыңғыс ханның жылы өткеннен кейін ғана жария етіледі.
--Соңғы 200 жылда Шыңғысханның моласын іздеуге шыққан 100-ге жуық экспедиция Орталық Азияны кезіп, басын тауға да, тасқа да ұрды. Сол жолда мерт болғандар да бар. Өздерінің аттарын шығаруды мақсат еткен алаяқтар бірнеше мәрте «Ұлы ханның жатқан жерін таптық» деп ақпарат таратқан. Бірақ оның жалғандығы ұзамай-ақ әшкере болды. Шындығында соңғы 200 жылда шетелдік бір ғана адам Ұлы қағанның басына барып қайтыпты. Ол 1903 жылы Монғолияға барған америкалық кезбе. Американдық сонда алты ай бойы тұрып, ел аузындағы аңыздарды жазып ала отырып, Бұрқан-Халдұн тауына шыққан. Сапарын аяқтаған соң еліне барып «Шыңғыс ханның мазары Бұрхан-Халдұн тауының үстінде» деген тұжырым жасаған,--дейді ғалым.
Ханның моласы Бұрхан-Халдұн тауында жатқандығы туралы деректі 1795-1847 жылдары өмір сүрген монғолдың атақты ғұлама тарихшысы әрі жазушы Ванчинбал жазып кеткен екен. Ол өзінің «Көк судар» (Киелі шежіре) атты тарихи еңбегінде: «Шыңғыс ханның мүрдесін Онон, Керулен өзендері бастау алатын Бұрқан-Халдұн тауының төбесіне тас үй орнатып жерлеген» деп жазыпты. Осы тарихи кітапты және ел аузындағы Шыңғыс ханға қатысты аңыз-әңгімелерді бала кезінен бойына сіңіріп өскен Нямаагийн Даваа деген монғол азаматы Ұлы қағанның мүрдесін іздеуге бел буған.
Нямаагийн Даваа – көктүріктер қағанатының билеушілері Күлтегін, Білге қаған ескерткіштеріне жақын жерде дүниеге келді. Оның аталары Күлтегін мен Білге қаған кешенінің шырақшысы болған. Н.Даваа есейгеннен кейін бизнеспен айналысып, туристік база, коммерциялық банк құрады. Бұдан кейін ол аталар аманатын орындау үшін Шыңғыс ханның моласын табуға кіріседі. Алдымен ол тарихшы-ахеологтармен бірге Күлтегін ескерткішінің алдында тұрған Шіветі-Қайрхан тауын қазады. Қазба жұмыстары кезінде Білге қағанның мүсіні табылған. Бұдан кейін ол «Тәңір тегі» деп аталатын ғылыми-зерттеу қорын құрып, Монғолия ғылыми зерттеу академиясының лицензиясын алады. Осылайша болашақ жоспарына тас-түйін дайындалған Даваа енді Бұрқан Халдұн тауындағы құпия кешенді қазуға кіріседі. Бұл жұмыстарға тарихшы археологтармен бірге геологтар, геофизиктер, радиофизиктер жұмылдырылған. Қазба жұмыстары екі жылға созылған. Нәтижесінде олар 2008 жылы Шыңғыс ханның сүйегін тапқандығын жария етеді. Ғалымдар бұған бірнеше дәлелдерді келтіреді.
--Ханның сүйегі Бұрқан Қалдұн тауында жатыр дегенге болжамды растауға дәлел жеткілікті.-- дейді олар. Мәселен:
Теңіз деңгейінен 2367 метр биіктікте жатқан Бұрқан-Халдұн тауын Шыңғыс хан киелі санаған. Оны өмірі осы таумен байланысып жатыр. «Монғолдардың құпия шежіресінде»жазылғандай Темучинді (Шыңғыс ханның туылған кездегі есімі) тәйжуіт тайпасы ұстап алып, өлтірмекке ұмтылғанда оған Бұрқан-Халдұн тауы пана болды. Таудағы бұлақ басында жеті күн бойы түнеген Темучин жау қолынан аман шығады. Хорезмшах мемлекетіне жіберген керуені Отырарда ойран болған кезде Шыңғысхан осы таудың басына шығып, мойынына кісесін салып, үш күн бойы Тәңіріге жалбарынады. Осыдан кейін Орта Азияға шабуылын бастаған. Ең ақыры, тарихшы Рашид ад-Диннің жазуынша, Ұлы хан көзі тірісінде-ақ ұрпақтарына сүйегін осы тауға жерлеуді аманат етіпті.
Екіншіден, осы таудың басында жатқан биіктігі 22 метр, ұзындығы 280 метр келетін кешенге радиомагниттік әдістеме арқылы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде 30 метрлік тереңдікте бағалы меттал және адам сүйегі орналасқан табыттың жатқандығы анықталған. Тіпті табыттың суреті арнайы техникалардың көмегімен суретке де түсіріліп алынған.
Үшінші дәлел, жоғарыда айтқан тарихшы Ванчанбал «Көк судар» атты еңбегінде Бұрқан-Халдұн тауының айналасындағы кіші таулардың үстінде Шыңғыс ханның ұлдары Үгедей, Толуй, немерелері Мөңке, Күйіктің жерленгені жазылған. Міне, қағанның төрті ұлының қабірі де осы арадан табылып отыр. Егер Шыңғыс ханның сүйегі табылмаса, мұндай дәлме-дәл сәйкестіктердің кездесуі мүмкін бе?
Алайда Ұлы Қағанның мазарын ашуға Монғол өкіметі рұқсат етпеді. Монғол ғалымдарының мұндай сенсациялық мәліметіне әлем ғалымдары үнсіздік танытып отыр. Әлде үнсіздік келіскендіктің белгісі ме екен?!
Oinet.kz мұрағатынан