Атағынан ат үркетін атақты адамдар, әсіресе, жаугершілік заманда тарихта есімі өшпестей болып жазылған ірі тұлғалар жайлы ойланғанда көз алдыңызға алып денелі, түсі суық адамның елестейтіні шындық. Мәселен, әлемдегі ең ықпалдылардың қатарынан ойып тұрып орын алған Шыңғысханды алайық. Дүниенің жарты бөлігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Шыңғысханның жорықтары жайлы білмейтін адам жер бетінде некен-саяқ болар. Ол туралы түсірілген фильм де әлемді шарлап кетті. Сол фильмде Шыңғысханның дене бітімі елден ерек ірі болмаса да алыпқа тән жалпақ жауырынды көрінеді. Ал «Алтын Орда» газетінде берілген деректерге сенсек, оның бойы бар болғаны 145 сантиметр екен. «Кіп-кішкентай» адамның жарты әлемді жаулап алды дегенге сену қиын сияқты. Бірақ, бұл шындық.
Александр Македонский. Бұл есім де жаһанға жақсы таныс. Келте ғұмырында үлкен жорықтар жасап, талай елді тізерлеткен Ескендір Зұлқайнарды алпамса денелі деп ойлау заңдылық. Алайда, оның бойы Шыңғысханнан 5-ақ сантиметр ұзын болғанға ұқсайды, яғни 160 сантиметр. Ел басқарған тарихи тұлғалардың арасындағы ең тұлғалысы І Петр екен. Бойы – 201 сантиметр.
Аса қатал, темірдей тәртіп орнатуға тырысқан Иосиф Сталиннің бойы 163 сантиметр болса, күн көсем атанған Владимир Лениннің бойы 164, Никита Хрущевтің бойы 166 сантиметр екен. Бұларға қарағанда Леонид Брежневтің бойы ұзын екен – 176 сантиметр. Ал тарихи фильмдерде керісінше пәкене бойлы көрінетін Наполеон Бонапарт пен Адольф Гитлер әжептәуір бойшаң болған екен. Француз императорының бойы 167 сантиметр болса, неміс көсемінікі--175 сантиметр.
Бүгінгі ел басқарып жүрген саясаткерлердің арасында да аласа бойлылар аз емес. Мәселен, Дмитрий Медведевтің бойы бар болғаны 162 сантиметр. Владимир Путин оның қасында бойшаңдау – 170 сантиметр. Кеңес Одағының соңғы басшысы Михаил Горбачевтің бойы 175 сантиметр болса, Борис Ельцин мен атақты киноактер, саясаткер Арнольд Шварцнеггердің, Барак Обаманың бойы 187 сантиметр. Француздардың сүйікті басшысының бірі болған Жак Ширак пен АҚШ-тың гүлденуіне үлкен үлес қосқан Билл Клинтонның бойы 189 сантиметр.
Қазақ саясаткерлерінің арасындағы бүгінде ең қысқа бойлысы шетелде жүрсе де шулатуын тоқтатпайтын Мұхтар Әблязов, ал эстарда жұлдыздарының ішіндегі ең тәпелтегі Сейфуллин Жолбарыс болса керек.
Дайындаған Ш.Қожамжар.