Соңғы кездері кітапханалардың қоғамдағы ролі тақырыбы қызу талқылануда. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерді кітапқа баулу тәрбие саалсындағы маңызды мәселелердің біріне айналды. «Шыны керек, теледидар, интернет пен компьютерлік ойындар кеңінен тараған бүгінгі заманда кітапхана бәсекеге шыдай алмайды» дейтіндер де табылды. Алайда, олар мына жайтты ескермейді. Осыдан 15-20 жыл бұрынғы кітапхана мен қазіргі кітапхананың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бұрын кітапхана дегенде көпшіліктің көзіне кітап сөрелері мен каталог жәшіктері орналасқан бөлмелер, кітапқа үңілген оқырмандары бар тыныш қана мекеме елестейтін. Қазір кітапхананың жұмысында көп өзгеріс бар. Мұнда заман талабына сай жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Оқырмандар компьютер арқылы электронды кітапханаларға еніп, электронды кітаптар оқитын дәрежеге жетті. Мұның негізгі артықшылығы – оқырман өзіне қажетті ақпаратты жылдам әрі оңай алады.
Оңтүстіктегі үздік кітапханалардың бірі – облыстық жасөспірімдер кітапханасы. Бұл мекеменің негізгі міндеті - жастардың интеллектуалдық, әлеуметтік және рухани дамуына ықпал етіп, мектеп жасындағы балаларға қажетті ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету. Балаларды кітапқа баулу бағытында кітапхана ұжымы көптеген іс-шараларды жүзеге асырып, қызмет көрсету сапасын анағұрлым арттыра білді.
Әуелі кітап қоры мәселесіне айрықша тоқталған жөн. Жылына шамамен 12 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсететін мекемедегі кітап қоры 132 мың дананы құрайды.
- Бүгінгі жасөспірім оқырманның сұранысы көбінесе, салалық оқулықтар, танымдық әдебиет, сондай-ақ, қазақ классикасы, қазіргі прозасы мен поэзиясы және тарихи оқиғаларға құралған көркем шығармалар болып отыр, - дейді облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Сәуле Рүстемова. - Қуантатыны - кейінгі жылдары келіп түскен жаңа кітаптардың 70-80% қазақ тіліндегі басылымдар. Біз жасөспірімдерге арналған танымдық және көркем әдебиетті бірінші кезекте алып отыруға тырысады. Дегенмен, қазақ тіліндегі балалар әдебиеті жеткіліксіз екенін мойындау қажет.
Жылдан жылға кітап пен мерзімді басылымдардың бағасы шарықтап бара жатқаны алаңдатады. Мұндайда жыл сайын алынып келе жатқан басылымдардың мерзімділігі бұзылуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде кітапханаға келушілерді өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуінің төмендеуіне әкеліп соғады. .
Қазіргі кезде жастар электронды басылымдарды жиі қолданатындықтан кітапхана қоры электронды тасымалдау мәліметтерімен де толықтырылуда. Өкінішке қарай, осындай басылымдар қазақ тілінде өте аз, оның үстіне ана тіліндегі электронды басылымдардың бағасы орыс тіліндегі басылымдарға қарағанда 2-3 есе жоғары. Компьютерге үңілген жас ұрпақпен жұмыс істей отырып, кітапханашылар олардың өз тілінде сөйлеп, жастардың жанына жақын жаңа технология мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тырысады. Ғаламтор арқылы да көркем әдебиетті насихаттап, жастарды көркем кітап оқуға тартуды мақсат тұтқан кітапхана ұжымының шығармашылық әрекетінің нәтижесінде кітапхананың арнайы library-uko.kz, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған kalamger-uko.kz және baigut-uko.kz сайттары құрылды. Республикадағы қазақ тіліндегі тұңғыш облысаралық әдеби бейне-интернет конференциялар да, сондай-ақ, халықаралық чат-конференциялар да осы кітапханада өтті.
Облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілді. «Тәуелсіздік шыңдары» атты республикалық интернет - акция барысында бірнеше қалалардың жастарымен он – лайн жүздесулер өтуде. Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл толуына орай «Мәңгі өшпес ерлік» атты еске түсіру акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында жасөспірімдер кітапханасы жариялаған «Жадымызда жаңғыртайық» атты облыстық деректі очерктер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Ал 23 сәуір – Халықаралық кітап күніне орай «Шәмші әлемі» гүлзарында «Кел, жастар, оқылық!» атты акция өтті. Кең көлемде ұйымдастырылған осындай іс-шаралар жастардың қызығушылығын тудырып, кітапханаға жиі келуіне септігін тигізуде.
Оқырмандардың санын көбейтуге бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Мәселен, «Келешекке кітаппен» бағдарламасы аясында «1 өлке–1 кітап» акциясын өткізу жоспарланған. Осы акция бойынша Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» повесін насихаттау мақсатында кешенді іс–шаралар желісі бекітілді.
Кітап оқымай өскен баладан болашақта елін, ұлтын сүйетін адамның шығуы екіталай. Бұл орайда белгілі жазушы Мархабат Байғұт «кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт» деген сөзі ойға оралады. Сондықтан бала тәрбиесіндегі кітаптың алар орны ерекше.
Мұрағаттан, 06.10.2011 ж