Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»

Screenshot_3.jpg

Ақын Мақпал Жұмабай өз өлеңдерін әуенмен жеткізеді. Өзі «мақамды жырларым» деп атайды. Сырттай топшылап, «мақамды жыр деген болушы ма еді?» деуіңіз де мүмкін. Бір рет тыңдап көріңіз, шынында да бұл Мақпалдың өлең әлеміндегі өзіндік жолы екенін танисыз. Қазір Алматыда Мақпалдың жарты ай аралатып беретін шағын кештерінің тыңдарман-көрермендері көбейе түскен. Жас ақынды аз-кем сұхбатқа шақырдық.

Есей Жеңісұлы: Мақпал, алғашқы өлеңдеріңмен жарқ етіп көрініп, біраз уақыт жұрт назарынан алыстап қалдың. Осы кезеңде өмірді көбірек таразыладың ба, өлеңді көбірек таразыладың ба?

Мақпал Жұмабай: Адамның өмірінде тағдырына ықпал ететін ерекше оқиғалар болады ғой. Сондай оқиға менде де болды. Он сегізге енді толғанымда «Қазақтың ақын қыздары» атты республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері атандым. Мен әп-сәтте ақын атанып, аға буынның ықыласына бөлендім. Редакциялар маған құшақ жайды. Өлеңдерім әдеби басылымның бәрінде еркін басылды. Мұндай қамқорлық әдебиетке ерте келген жастың әрқайсысына бұйырмайтын бақ қой. Сол аға-әпкелерімнің сенімінен шығуға тырыстым. Жұрт назарынан алыстасам, өлеңімді, өнерімді таразылап, тың дүние ұсынуға дайындалған шығармын. Өзіме әрқашан сыни көзбен, үлкен талаппен қараймын. Өзін оңай кешіре салатын адамдардың қатарынан емеспін.

Есей Жеңісұлы: Өзін оңай кешіре салатын адамдар және шығармашылық иелері көп пе, қалай ойлайсың? 

Мақпал Жұмабай: Өкініштісі, олар көп. Сондықтан да, біздің өміріміздің барлық саласы тұралап жатыр. Өнерде де солай. Адам баласы өз арының алдында адал болуы керек деп санаймын. Әр ісі ар сотына түсетінін түсінген адам, меніңше, қателік жасамауға тырысады. Қателескен күннің өзінде оны реттеуге жанын салады. Ары мен ұятын кір шалдырмаған адамдар ғана қоғамды алға жылжытып келеді. Біз барлығымыз сондай таза адамдардың алдында қарыздармыз. Кіршіксіз өнер де сондай адамдардан туады. Олар бар. Бірақ олардың алтын уақыты күреспен өтіп жатыр. Көзге көрінбейтін күрес ол. Егер олардың шынайы шығармашылығын құрметтеуге жігеріміз жетсе, біздің өнер дамудың жаңа сатысына көтерілер еді. Біз әлі түсінісу дәуіріне аяқ басқан жоқпыз.

Есей Жеңісұлы: Көп жағдайда адам баласының өзі ары алдында таза болмай тұрып, өзгенің тазалығына қызығатыны несі? Ақын жүрегі осыған жауап таба ала ма?

Мақпал Жұмабай: Адам баласы қызығатын, ынтық болатын бір нәрсе болса, ол – тазалық. Ол таза су сияқты, адам баласына өте қажет. Онсыз адамзат күн кеше алмайды. Бір-бірімен түсінісе алмаған сан миллион адам, сан миллион ой осы тазалықтың алдында қауқарсыз болып қалады. Тазалыққа «таза емес» адамның да сонша ынтығатыны сондықтан. Тазалық «тазару» үшін керек. Жаныңды тазалау үшін керек. Тазалық адам болып қалу үшін керек.

Есей Жеңісұлы: Демек, адам баласы тіршілік ығымен аққанмен, бәрібір Жаратушы ие әу баста жаратқан періште қалпын сағынып жүреді ғой...

Мақпал Жұмабай: Иә, солай. Адам неге бүкіл саналы ғұмырында балалық шағын сағынып өтеді? Өйткені, ол тазалығын сағынып өтеді. Тіршіліктің өзі тазалыққа іңкәрліктен тұрады. Ал өнер тазалықтан һәм тазалыққа іңкәрлықтан туады.

Есей Жеңісұлы: Тазалыққа ұмтылған өнердің бүгінгі бейнесіндегі бейшаралық, тамырсыздықтың көптігі ше?

Мақпал Жұмабай: Мен шынайы өнердің болмысы туралы айттым. Бүгінгі бейшаралық уақытша құбылыс. Тазалығын жоғалтқан қоғамның, тазалығын жоғалтқан адамдардың істеп жүргендері. Уақыт өзі саралап, келешекке тек саф өнерді қалдырады. Тамырсыздық өзін өзі жояды. Күресіп, дәл осы кезеңде біз оны жеңе алмасақ та, ол жоғалады. Бұған сеніңіз.

Есей Жеңісұлы: Дәл осы қоғамда өмір сүріп отырғандықтан, бәрібір мұны көрмей-білмей жүре алмаймыз ғой. Сенің осыншалық оптимист болуыңа өлеңіңнің әсері бар ма?

Мақпал Жұмабай: Егер жақсылыққа сенбесем, өзім айтып отырған тазалыққа сенбесем, қалай өлең жазамын? Көре-біле тұрып, жылай отырып, Жаңа күннің келетініне сенгендіктен ғана өлең жазып жүрмін.

Есей Жеңісұлы: Және өлеңдеріңді ерекше мақамдармен жеткізіп те жүрсің. Бұл ақындықтың жаңа формасы немесе формуласы ма? Әлде Мақпалдың ақындық болмысының өз қалпы ма?

Мақпал Жұмабай: Бұл – біздің топырағымызда бар ақындық дәстүр. Мен соны жаңғыртып, жаңаша формасын ұсынып жүрмін. Егер бұған келіспейтіндер болса, ақындықтың жаңа формасы деп қабылдаса болады. Әр сезімнің, әр ойдың, тіпті, әр сөздің өз сазы болады. Соны дөп баса алсаңыз, ол міндетті түрде тыңдаушының жүрегіне жетеді. Сол сәтте сіз жалғыз емес екеніңізді, сіздің жүрегіңіздің лүпілімен бірге соғатын, бірдей соғатын жүректердің бар екенін сезінесіз. Оны сезіну – ғажап сезім. Оны жеткізуге сөзім жетпейді.

Есей Жеңісұлы: Алғаш рет қалай келді бұл әуен? 

Мақпал Жұмабай: Анам Биғайша Медеу ақын ғой. Ол өлең жаза бастаған кезімде-ақ «өлеңдеріңнің дауысын естисің бе?» деп «түсініксіз» сұрақтар қоятын болды. Мен күлетінмін. Ал анам болса, «соны естуге ұмтыл, сенің өлеңдеріңде әуен бар» деп айта беретін. Күндердің күнінде мен ол дауыстарды еститін болдым. Өлең мақамынен бірге туатын болды. Олар бір-бірінен балталасаң да, ажырамайтындай тұтасып кетті. Алғашқы рет келген кезі – осыдан 9-10 жыл бұрын.

Есей Жеңісұлы: Өз әуенін таппаған ақынды өлең "тастап кете" ме?

Мақпал Жұмабай: Ақындардың бәрінің атынан жауап беру қиын ғой. Мен өзімнің ақындық болмысым туралы білемін. Сол үшін ғана жауап бере аламын. Бірақ шын ақынның көкейіне өлең әуен болып тірелетінін білемін.

Есей Жеңісұлы: Өз өлеңіңде жазғаныңдай, «барлығын кешіріп» өмір сүру қаншалықты қиын?

Мақпал Жұмабай: Мен сіз айтып тұрған «Ана» атты өлеңімді жазғанда, әлі балаң едім. Қазір өзім анамын. Бұл өлең маған жыл өткен сайын ыстық боп барады. Осы жырды айтқан сайын анамның неліктен жылай беретінін енді түсіндім. Бұл – өмір жыры. Ұлым ер жетіп, маған осы тектес сөздер айтса, аналық миссиямды адал атқарғаным үшін тізерлеп тұрып жылар едім. Анаң мен Отан-Анаңның болмысы бір. Олар – бір-бірінен бөлінбейтін біртұтас ұғым. Анам үшін барлығын кешіруге дайынмын. Отан-Анам жыламайтын күнді күте берем.

Мұрағаттан, 23.01.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: