Есей Жеңісұлы: «Сетка»

Screenshot_3.jpg

Осы біз ұлттық теледидар жасай алмаймыз ба? Тәуелсіздіктің таңын көргелі 22 жылдан асты. Бірақ төрімізде тікірейіп тұрған теледидар жарықтықтың әлі күнге қазақты жатырқайтыны несі? Жаңалықтарды там-тұм хабарлап, түнгі бірден ары қарай ғана қазақша сайрайтыны несі? Былай қарасаң, теледидарда ел қамын жеген Едігелер көп-ақ. Бастықтары да қарағай мүйіз, қалың қабақты. «Халықтан басқа бірдеңе ойлайды» деп ойлауға да қорқасың. Ендеше, не кедергі?

Ойланып-ойланып отырып, ұлттық болмаса да, эфирлік арналардың біріне өз «сеткамды» апарып көруді жөн деп шештім. «Сетка» деген – ТД тілінде бағдарламалар кестесі. Кім біледі, нән бастықтар ел қамын ойлап бастары қатып жүргенде, олардың шаршағанын пайдаланып, ақпараттық экспансия тыстан келіп жатқан болар. Әйтпесе, қаптап кеткен «ұлттық» шоулар, сериалдар қайдан енді? Негізі, біздің елде идея көп қой, соның біреуі ретінде менің «сеткам» да жарап қалар.

Ұрыста тұрыс жоқ, «сеткамды» жасауға кірісіп кеттім.

07:00. Сөз жоқ, Қазақстан Республикасының әнұраны ойналады. Әнұранға жаңа клип түсірілуі керек. Қазіргісі немене? Шалқыған көл, қалқыған белден кейін зауыт-фабрика, көзін күннен көлегейлеген ақсақал... Мен былай түсірер едім: қазақтың сайын даласы, шалқыған көл. Қарқаралы, Көлсай, Алакөл, Бурабай, Балқаш, Арал, Каспий... Одан әрі қазақтың мөлдіреген жеткіншегі жаңа шыққан күнге қарап қолын созады. Алақанының үстінде күн пайда болады да, жылдам кадрмен көк байрағымызға айналып кетеді. Керемет емес пе?! Тоқта!.. Ол неге тек қазақ баласы болуы керек? Қасында орыс, хохол, ұйғыр, түрік, күрд... үйбай, 130 бала бір-ақ тұрмай ма? Бәрі күнге қолын созбай ма? Саяси қате жібере жаздаппын-ау...

07:05-09:00. Таңғы бағдарлама. Бұл енді форматы бәрімізге таныс, көзімізді ашқалы көріп келе жатқан бағдарлама болғандықтан, онша өзгерісті қажет етпейді. Тек көтерілетін тақырыптарын өмірге жақын ету керек. Мысалы, дәл қазір олимпиада өтіп жатыр ғой, «қысқы спортта неге қазақтар жоқ?» деп қояйық. Жұрт ойлансын, балаларын секцияларға апарсын... Тұра тұр... Бұлай айқайлатып қойсақ, өзге отандастарымыздың көңіліне қаяу түсіріп алмаймыз ба? Олар немене, қазақстандық емес пе? Құрсын, студияға шақыратын бапкерлер ішінде де қазақша сөйлейтіндер жоқ екен-ау... Биатлон, шаңғы, сноуборд, хоккей – бір де бірінде қазақ бапкері жоқ. Әлде Өскеменнен жалғыз Ерлан Сағымбаевты шақырсақ па? Кезінде хоккейді жақсы ойнады, қазір жаман бапкер емес... Бірақ өзі қазақша сөйлей ала ма екен? Міне, мәселе! Одан да басты бекер қатырмай, «әйелдер ерте қартаймау үшін бетін қалай күтімдеуі қажет?» деген тақырыпты ала салайын, қоңырау қырғын болады. Мамандар да – «пішен».

09:00. Халық музыкасынан концерт. 45 минутқа қою керек! Қатып кетеді. Ұлттық арналардың қорындағы Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, Мәдениет, Жәнібек ағаларымның жазбаларынан тартып, бүгінгі Қайрат, Бекболат, Рамазан ағаларыммен қосып, өз замандастарым Еркін, Ерландарды жарқ еткізбеймін бе? Мысалы, Ғарекеңнің орындауында «Әдемі-ауды» қояйын, «Кеш you» тобының қыздары көзбен көріп, сабақ алсын! Жәкем, Жәнібек Кәрменов шырқаған «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын», артынша Бекболат ағам орындаған нұсқасын ұсынайын – ақсақалдар бір рақаттансын! Ммм... Жастар аудиториясына қызық емес, иә, бірақ... Одан да бұл уақытқа хит-парад қойған жөн бе? Сөйту керек шығар... Қазіргі клиптердің сапалысын кезек-кезек жарыстырып, ең мықтысын анықтайық! Сол ғажап! Жастар ең құрмаса қазір қандай әншілер, қандай бейнебаяндар барын біліп жүрсін... Жүргізушінің ұзын етек киген дұрыс па, қысқа кигені дұрыс па? Бас қатты ғой өзі! Құрсын, шалбар кие салсыншы... «Дольче-Габбананың» иығы жалтыраған бір футболкасы табылар...

09:45. «Халық таңдауы». Бірақ мұндай хабар ұлттық арнада бар, атауын өзгерту керек. Не деп атасақ болады?.. Таптым – «ТауарКО» деп қою керек! Осы менің басым анда-санда болмаса да, әйтеуір бір істеп кетеді-ей! «Тауар» деген – кәдімгі тауар, КО – кедендік одақ. Сонда Қазақстан, Ресей, Беларусь нарығындағы кез келген тауарды жарналамаласақ болады. Өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Анау Ресейдің Бірінші арнасындағы Олешко сияқты тауардың тасасына тығылып алып, жасырын жарнамалаудың қажеті жоқ. Бірақ бізде жарнамалайтын нәрсе – нанымыз ғана сияқты ғой... Басқасының бәрі сырттан келеді. Әлде кір сабынды жарнамаласақ па? Қалай дегенде де бір амалын табу керек!

10:00. Жаңалықтар. Басқа табылмаса да, жаңалықтар табылады. №48 балабақша ұжымының Жолдауды балақайлармен қосылып қызыға талдағанын көрсетеміз, еш болмаса.

10:10. «Арыстар». Бұл бір сойқан хабар болуға тиіс. Қазақтың игі жақсылары туралы тұрақты деректі фильм ұсынып отырмасақ, қазіргі ұрпақ кімнің кім екенін ұғудан қалды. Мысалы, Абай атамыздан бастайық. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Әлихан, Жүсіпбек... Түу, қандай ғажап! Бірақ... Әй, осы бірақтың алдымнан шыға келетіні несі? Дегенмен қаупім өте орынды. Мен Әлихан атамның видеосын қайдан табамын? Мәскеу мұрағатынан сатып алу үшін қаржы керек. Өкілетті мекеме бұл мақсатымды білсе, тендерді басқа біреуге ұстата салады, ол бейнемұрағатты 5 есе бағасына бір-ақ сатып алып келіп, маған 10 есе бағасына сатады. Қой, Мағжан атамды әйтеуір бір көрсететін күн туар, одан да бұл уақыт аралығына шетелден сатып алынған деректі фильмдерді кезек-кезек қоя берейін. Аш құлақтан тыныш құлақ.

10:40. «Уақыт». Ток-шоу. Қазіргі уақыттың басты мәселелері. Қазіргі көп ток-шоулардың бірі емес, бірегейі болуға тиіс. Кешкі 21-де көрсетіледі де, күн сайын 10:40-та қайталанады. Тақырыптары да әр  алуан болуға тиіс. Бірақ кейбір кейіпкер қазақша білмейді. Мәселе емес. Аударып береміз. Болмаса, орысша-ақ сөйлей берсін! Елдің бәрі түсінеді ғой. Мысалы, «мектеп жасындағы жас аналар» деген тақырып көтерсек. Кейіпкер де оңай табылады, даттаушы мен жақтаушы да жетіп артылады. Осының ұлтқа ұят екенін түсіндіре алсақ қой, шіркін... Бірақ қазір демократия заманы ғой. Жақтаушылар көп болып кетсе қайтеміз? Бәрі жүргізушінің шеберлігіне байланысты. Хабарды жасаушы команда да мықты болуға тиіс. Қой, құрсын, өз-өзімнен «қораға» кіріп неғылам? Ешкімнің намысына тимейтін, бейбағыт тақырыптарды қозғай бермеймін бе? Жетеді ондай тақырыптар!

11:25. «Сөз-садақ». Ұлттық арнадағы «Сөз-мерген» хабарының жаңарған түрін жасауымыз керек. Қазіргі қазақ өз тілін ұмытып барады. Көнерген сөздер түгілі, күні кеше айтып жүрген сөздерді түсінетін адам таппай зар боламыз. «Сөз-садақ» осы олқылықтың орнын толтырсын! Мысалы, «тайға таңба басқандай» деңізші, қазіргі бала бетіңізге ажырайып бір қарайды да, «тайды қайдан көріп тұрсыз?» деп қойып қалады. Әншейін нәрсені түсінбей күйдіреді ғой... Осы сөздерді, тіркестерді ойын ойнай отырып түсіндіріп, саналарға шегелеп жіберсек, арман қане? Ешкімнің намысына тимес үшін 1 мамыр, 22 қыркүйек қарсаңында 130 отандасымыздың оншақтысын әкеліп сайратып қою керек. Шіркін, солардың шынында да төбесінде тесігі барларын таба алсақ қой... «Мынауың тема екен!» деп қарап тұрады көбісі...

12:00. Күндізгі жаңалықтар. Зауыт жұмысшылары 36 жылдан кейінгі болашаққа болжам жасап жатыр. Қатып кетті!

12:10. «Парламент тынысы». Шетелдердегі қандастарымыздың келуін аяусыз шегерген осы заң шығарушы органды сын тезіне алу керек! Енді қай қазақ келіп, 4 жыл бойы азаматтық алуды күтіп жүреді? Оған дейін Ресейдегі қазақ – орыс, Өзбекстандағы – өзбек, Қытайдағы қытай болып, сіңісіп, жоқ болып кететін болды ғой! «Әлемде өз қандастарын жинап жатқан үш елдің біріміз» деп керілгенде, кеудеміз аяққаптай. Халық таңдаған депутаттардың заңға енгізген өзгерісі болса мынау! Аяусыз сынау керек оларды!.. Қой, құрсын, не деп кеттім?.. Жалмауызға да жан керек. Ол заңға ең үлкен қол қойылып кетті ғой, бос байбаламмен өзгерту мүмкін тіпті мүмкін емес. Одан да қалаулылардың қазақ туралы айтқандарын қағып алып, эфирге беріп отырайын, сол да халыққа пайдасыз болмас...

... Мәссаған, «сетка» жасау қиын екен ғой... Бір хабарды өз көңілімдегідей жасай алмай дағдардым-ау... Одан да барлық уақытқа шоу қойып, ара-арасына жаңалық тастай салсам ба екен? Халық «Ел дауысы», «Жұлдызды шақ» деген шоуларға тәуір алданды ғой.

Бүгін «сеткамның» жартысын ғана жасадым. Түстен кейінгісі өте толерантты болуы үшін тағы ойланамын. Күте тұрыңыздар!..

Есей Жеңісұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Есей Жеңісұлы: «Сетка»
  • Құрдастар қалжыңы
  • Жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: