Соғыстың тағдырын Гитлердің қателігі шешті

1-16-752x440.jpg

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына  биыл 64 жыл. Аз уақыт еместігіне қарамастан, Екінші жүниежүзілік соғысқа қатысты талас-тартыс пен көзқарастардың қарама-қайшылығы жойылудың орнына тек күшейіп барады. Бұрын текетірес кеңестік және еуропалық тарихшылардың арасында өрбісе, қазір қарама-қайша пікірлер ТМД елдеріне көшті. Әсіресе, Балтық жағалауының елдері мен Украинадағы жағдай ушығып тұр. Латвия, Литва мен Эстония халқы біраузыдан орыс әскерлерін азат етуші емес, керісінше бодандыққа түсірген оккупанттар  ретінде мойындаса, Украинадағы қоғамдық пікір екіге жарылып отыр. Және де текетіресті бастап отырған қатардағы тарихшы емес, ел президенті Виктор Ющенконың өзі. Оның ұсынысы – соғыс жылдарында Қызыл әскерге қарсы шайқасқан атышулы Бандераның тобы – Украинаның көтерілісшілер армиясын халық қаһармандары ретінде тану. Президенттің бұл бастамасын естігенде украиналықтардың жартысы ашуланып, өре түрегелсе, қалған жартысы қолдай жөнелді. Соңғылардың пікірінше, фашистердің сойылын соққанымен Бандера Украинаны кеңес одағының қыспағынан азат ету үшін күресті. Әйтеуір, Ющенконың ендігі арманы – Ұлы Отан соғысында майданның екі жағында бірін-бірі қырған украиналықтарды енді татуластырып, төс қағыстыру. Бұл арман тек саяси жолмен орындала қоймас. Ол үшін өткен тарихты қайта қарап, саралау қажеттігі түсінікті.

Бір нәрсе анық. Жарты ғасыр бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келген кеңестік идеология саласы Ұлы Отан соғысы жайлы шындықты толық ашпай, маңызды деректер мен құжаттарды жасырып келді. Адамзат тарихындағы ең үлкен соғыс туралы құпия мәліметтерді Мәскеу тек  соңғы жылдары ғана жариялай бастады. Онда да, ақырын ғана. Екінші дүниежүзілік  соғыстағы Сталиндік режимнің жіберген қателіктері, кемшіліктері мен қатыгез саясатын білгіңіз келсе, шетелдік тарихшы-ғалымдардың еңбектеріне назар аударған жөн. Рас, оларда да бұрмалаушылықтар бар. Мәселе идеологияға тірелгенде көрпені өзіне қарай тарту  белгілі әдет қой. Осы ретте белгілі еуропалық зерттеушілер Эндрю Нагорский мен Норман Девистердің еңбектеріне сүйенгенді жөн таптық. 

Әңгіме арқауын Гитлерден бастағанды дұрыс санадық .Неге? Гитлер – адамзат тарихындағы ең залым тиран екенін, оның кесірінен ондаған миллион адам жазықсыз мерт болғанын кез-келген мектеп оқушысы жатқа біледі. Бірақ, адамзат қарғысына ұшыраған Гитлерді кезінде бір топ жазушылар Нобель сыйлығына ұсынғанын көпшілік біле бермейді. Жалпы, фюрердің өмірбаянын зерттей келе тарихшылар мынадай қорыындыға келді: егер Гитлер 1939 жылдың 1 қыркүйегінде дүниеден озғанда, ол 20-ғасырдағы Еуропаның ең ұлы қайраткері ретінде атанар еді. Қазақтар Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Тұрар Рысқұловты, түріктер Мұстафа Кемаль  Ататүркті  қалай қастерлесе, батыс еуропалықтар да Адольф Гитлерді  солай құрметтейтініне куә болар едік. 

Бірақ, 1939 жылдың 1 қыркүйегінен кейінгі оқиғалар Гитлерді ұлы қайраткер атағынан тиранға айналдырып жіберді. Осы күні ол Ұлыбританияға қарсы соғыс жариялап, екінші дүниежүзілік соғысты бастап кетті. 

Гитлер жайлы белгілі ғалым Норман Девис былай дейді: 

«І Дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген  Германия масқара халге түсті. 1919 жылғы Версаль келісім-шартына сәйкес, жеңілген мемлекет құрлықта соғыс ашқаны үшін айыппұл ретінде бүкіл теңіз және сауда флотынан, 800 паровоз бен 232 мың вагонынан, сондай-ақ Эльзас, Лотарингия, Батыс Пруссия жерлерінен айырылды. Тізе бүккен Вермахттың (қорғаныс министрлігі) әскер саны күрт қысқарып, бар-жоғы 100 мың адамды құрады.  Ол аздай, жыл сайын Франция, Англия елдеріне миллиардтаған доллар салық төлеп тұруға міндеттелді. Германияның өндіріс ошақтары дағдарысқа ұшырап, елде жаппай жұмыссыздық белең алды.  Халқының тентіреп кеткені  І дүниежүзілік соғыста ерлікпен күрескен 30-жасар Адольф Гитлер үшін ауыр соққы болды. Бүкіл өмірін Германияны жандандырып қана қоймай, әлемнің көшбасшысына айналдыруға арнауға ант  еткен Гитлер билік басына келген  соң мақсатын жүзеге асыруға көшті. 1932-1937 жылдар аралығында Германия экономикасы екі есе өсті. Батыс Еуропа елдеріне соғыс жариялап, нәтижесінде 1942 жылы неміс әскери зауыттарында  2 миллион француз бен 10 миллион шығыс еуропалық тұтқындар жұмыс істеді. Осындай алып ресурстарды иеленгендіктен дүниежүзілік соғыста жеңіске жетулері тиіс екеніне барлық немістер кәміл сенді. 

Алданған сенім

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының басшысы Сталин үлкен қателіктерге бой алдырды.  Танымал тарихшы Эндрю Нагорскийдің пікірін тыңдайық: 

«Сталин немістердің шабуылына тойтарыс беруге дайын еместігін жақсы түсінді. Гитлер КСРО-ға соғыс ашпайтынына өзін-өзі сендірді. Бұл сенімнің күшті болғаны соншалық, тіпті еуропадағы тыңшылар мен елшілердің Германияның шабуыл жасауға  әзірленіп жатқаны жайлы ескертулеріне құлақ аспады. Ұлыбритания мен АҚШ-тан да осы тектес хабарлар тыңдаған Сталин «бұл арандатушылық, КСРО-Германия қарым-қатынасын нашарлатудың жолы» деп күдіктенді. Тіпті 1941 жылы неміс әскерлері шекарадан өтіп, КСРО-ға баса көктеп кіргенде де бұны түсініспеушілік ретінде қабылдады. Тек неміс елшісі келіп, Германияның ресми түрде соғыс жариялағанын мәлімдегенде ғана есін жиып ... Подмосковьедегі  саяжайына кетіп қалды. Көсемге тек арада бірнеше күн өткен соң тіл бітіпті. 

Қызыл армияны басқарған генералдардың көпшілігі сауатсыз болғанын тарихшылар растап отыр. Саяси қуғын-сүргін кезінде Сталин елдегі талантты да сауатты кадрларды, оның ішінде әсіресе әскери қызметкерлердің көзін жойған. Кеңес жауынгерлерінің  тактикалық тұрғыда қателіктерге жиі баруының себебі осында.  Сталин тағы бір өрескел қателік жіберді.  Польшаның бір бөлігін жаулап аламын деген мақсатта батыс шекараның маңына топтастырған қару-жарақтарының басым көпшілігі күтпеген жерден шабуылдаған немістердің оңай олжасына айналды. Сөйтіп, Қызыл армия дұшпанымен қарусыз күресуге мәжбүр болды. 

Қате шешім

Адольф Гитлердің соғыста жасаған қателіктері Сталиндікінен де асып түсті. Неміс диктаторы әскерін КСРО-ға 1941 жылдың маусым айында жіберіп, жылы киіммен қамтамасыз етуді қажетсіз деп тапты. Жалпы, «блиц-криг» маусымда емес, мамыр айына жоспарланған  еді, бірақ, фюрер  Кеңес Одағын қыс мерзіміне дейінгі уақытта толық бағындыратынына кәміл сенді. Шілденің ортасында Смоленскіге дейін жеткен Вермахттың генералдары небәрі 360 километр қашықтықта орналасқан Мәскеуге жорыққа шығуды көздеді. Алайда, Гитлер басқа шешім қабылдады. Генералдардың қарсылығына қараматсан, алдымен Украинаны жаулап алғанды жөн санап, әскерін оңтүстіктегі Киевке қарай бұрды. Мәскеуді жаулап алуға бағытталған  «Тайфун» атты әскери операциясын тек 30 қыркүйекте қолға алды. Сол кезде жаңбыр жауып, артынша қар борады. Мұндай суықты бұрын-соңды көрмеген немістер жылы киім іздеп, әуреге түсті. 1941-жылдың соңы мен 1942-жылдың басында суықтан  тоңған фашистер қойдай қырылды. 

Кеңес жауынгерлерінің қатты қарсылық көрсетуіне Гитлердің қатыгездігі де себепші болды. Жаулап алған жерлерде террор орнатқан фашистер тұтқынға түскендерді  азаптап өлтіретіндіктен кеңес жауынгерлері өліспей беріспеуге тырысты. 

Шешуші шайқас

Адамзат тарихындағы ең үлкен шайқас -  Мәскеу қаласы үшін ұрыс болып есептеледі. Бұл ұрысқа екі жақтан да 7 миллион жауынгер қатысқан. Бұл Ленинград блокадасы мен Сталинград түбіндегі шайқасқа қарағанда екі есе көп. Әрине, Мәскеу үшін шайқаста Кеңес одағының жауынгерлері көзсіз ерлікке барды. Дегенмен, еуропалық тарихшылар КСРО астанасындағы жағдай ресей оқулықтарында жазылғандай керемет болмағандығын алға тартады. Қалада ұрлық пен тонау өршіп, жаппай тәртіпсіздік орын алды.  Жақындап қалған фашистерден  сескенген мыңдаған халық шығысқа қарай үдере көшті. Министрліктер мен әскери басқарма Мәскеуден 800 километр қашықтықта орналасқан Куйбышевке көшірілді. Соңғылардың қатарында Сталин де кетуге тиіс еді. Алайда, теміржол вокзалына келген Сталин перронда ерсілі-қарсылы жүріп, ақыры Мәскеуде қалуды ұйғарды. Осыны білген майдан шебіндегі  жауынгерлердің әскери рухы қайта өсіп, сенім пайда болды. Кремльге оралған бойда Сталин бірінші кезекте дезертир, мародер, тыңшыларды, жалпы, күдікті адамдардың барлығын  атып тастауға бұйрық берді. Осынау қатыгездіктің арқасында мыңдаған мәскеуліктер қырылды. Әйтсе де диктатор көздегеніне жетті: қалада темірдей тәртіп орнады.   

Гитлердің әскерді  Украинаға қарай бұрып, стратегиялық қателік жасағанының КСРО үшін маңызы өте зор болды. Сталин Жапониядан қатты  сескенді. Сондықтан Сібірде  400 мыңнан астам жауынгерлі үнемі дайындықта ұстаған. Алайда, Токиода жүрген атақты тыңшы Рихард Зорге жапон әскерлеріне жылы киім берілмегенін байқап, азиялық империя шығысқа емес, оңтүстікке қарай аттанатынын түсінді. Сөйтіп, Сталинге жедел хабар береді. Осыны пайдаланып Кремль  Сібірдегі 400 мың солдатты  Мәскеу түбіндегі майданға лақтырады. Қыс мезгілінде ұрыс жүргізуді шебер меңгерген жауынгерлер Мәскеу үшін шайқаста шешуші маңызға ие болды. 

200 күнге созылған кескілескен ұрыста немістер тұңғыш рет жеңіліс тауып, кері шегінді. Осы сәттен бастап Екінші дүниежүзілік соғыста жаңа кезең басталды. 

Алдағы күндері Жеңістің 64 жылдығын тойлағалы отырмыз. Ал соғыс ардагерлері болса әр жыл жылжыған сайын қатарлары тым тез сиреп азайып келеді. Осындайда ақиық ақын  Мұқағалидың мынадай жыр жолдары еріксіз ойға оралады:

...Неменеңе жетістің бала батыр, 

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне ,

Бірі күтіп әнекей жағада тұр..

Нақты фактіге жүгінсек, бүгінде облыста 1760  соғыс ардагерлері тұрады.  Соңғы бір жылдың ішінде Отанын жаудан қорғаған аталарымыздың саны 400 адамға азайған.   

Мира Муслим

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: