Сот жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өзара байланысы қандай болуы керек? Жоғарғы сот, судьялар одағы және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының бастамасымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен халықаралық форумда осы тақырып жан-жақты талқыға түсті. Абай Рахметулин төрағалық ететін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұсынысымен ұйымдастырылған бұл жиынға Қырғызстан Республикасы жоғарғы сотынан, көршілес Қызылорда, Жамбыл облыстық сотынан, жергілікті ақпарат құралдарынан өкілдер қатысты.
- Сот жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тығыз байланыс орнатудың маңызы зор, -- деді алғаш сөз алған облыстық соттың төрағасы Абай Рахметулин. -- Өйткені, сот саласында жүзеге асып жатқан көптеген игі істер мен жағымды жаңалықтар жұртшылыққа толық жетпей жатады. Есесіне, халық арасында сот жүйесіне қатысты келеңсіз әңгімелер көп тарайды. Осындай олқылықтарға жол берудің негізгі себебі ретінде сот жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы байланыстың тиісті деңгейде үйлесімдік таппағандығынан деп айтуға негіз бар. Жабық деп танылған сот мәжілістерінен өзгесіне журналистердің, жалпы қызығушылық танытқан кез-келген азаматтың қатысуға құқы бар. Дегенмен, ашық мәжіліске журналистердің кейде кіре алмай кететін жайттың кездесетіні шындық. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеуге тырысамыз. Сондай-ақ, жоғарғы сот төрағасының тапсырмасы бойынша ай сайын баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, журналистерді қызықтырған сауалдарға толыққанды жауап беретін боламыз.
Қырғызстан Республикасы жоғарғы сотының судьясы Г.Бекбоева өз еліндегі қалыптасқан тәжірибемен бөлісті. Қырғыз елінің сот жүйесі мейлінше ашық саясатты ұстанады екен. Ашық сот мәжілісіне қатысамын деушілерге ешқандай кедергі келтірілмейді.
Байдулла Қонысбек, журналист:
-- Ашық саналатын сот мәжілісіне журналистердің қатысуында бірқатар қиындықтар бар екені жасырын емес- Екі жақты тығыз байланыс жасау үшін ең алдымен осы олқылықтың орын алмауын ойластырған жөн. Тағы бір айтарым, кішігірім қылмыс үшін жап-жас жігіттерді түрмеге тоғыта беруден құтылудың жолын қарастыру қажет-ақ. Әрине, сіздер заңмен жаза тағайындайсыздар. Бірақ, сол заңды шығарып отырғандар да сіз бен біз секілді адамдар ғой. Ол кісілермен де осындай форум өткізіп, заңға өзгеріс енгізу жағын ойластырса болмайды ма? Әйтпесе, түрмеге отырып шыққан жас жеткіншектің барлығы ол жақтан түзеліп шығады дегенге өз басым сенбеймін. Оларды жаппай соттағанша айыппұл салу жағын қарастыру керек. Сонда ғана ұсақ қылмыстардың қатары кемуі мүмкін. Қазақ тарихында құн төлеу деген бар ғой. Неге соны қолданбасқа?
Сот пен БАҚ-тың байланысына талдау жасаған Ордабасы аудандық сотының төрағасы Е.Рахманберді журналистер тарапынан мақалалар біліктілікпен, сауатты, судьялармен бірлесе, ақылдаса отырып, заң шеңберінен ауытқымай жазылса деген ұсыныс айтса, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы К.Жаппасова судьяның бұқаралық ақпарат құралдарына сот мәжілісі жайында түсінік беруге міндетті еместігін алға тартты. «БАҚ туралы» заң бар да, оны реттейтін арнайы ереже жоқ. Осы мәселені бір жолға қою қолға алынса, журналистер тарапынан да түсініспеушілік туындамас еді» деді ол.
Форум осы тұсқа келгенде пікірталастар да қыза түсті. Судьялар ақпарат құралдарына арызданып келушілердің көп екенін, олардың шағымын қарау барысында журналистің бір жақтың ғана көзқарасын ескеріп, екінші жақтың уәжін тыңдауды ұмыт қалдыратынын айтса, өз кезегінде журналистер де судьялар тарапынан заңсыз шешімдерге жиі жол берілетінін нақты дәлелдермен айтты. «Отырар» телеарнасының тілшісі Сергей Павленконың орынды пікірлері көпшілікке терең ой салды. «Судьялармен жеке таныстығы жоқ журналистер үшін сот жүйесінен мәлімет алу өте қиын. Азаматтық кодексте сот мәжілісі ашық өтуі тиіс делінгенмен, тәжірибеде мүлдем бөлек. Журналист мәжіліске қатысу үшін неліктен рұқсат сұрайды, сонда судьялар жоғарғы соттың бұрынғы төрағасының бұйрығын білмегені ме?» деген Павленко осы тақырыптағы Қ.Мәмидің бұйрығын оқып берді. Екі жақтан да сынға құралған ашық әңгіме өрбіді. Байланыстың неліктен төмен деңгейде екені де тереңінен талқыланды. Ал шындық пікірталастан туатыны белгілі.
Облыстық соттың судьясы Ы.Мәтібаев сот саласындағы жұмыстарды әділ түрде БАҚ қана тарата алатынын, кезінде Нұри Муфтах секілді заң саласына қалам тартатын мықты маманданған журналистердің болғанын айта келіп, «қазір заң саласына маманданған журналистер бар ма?» деген сауалды төтесінен қойды. Әр басылымда немесе телеарнада заң тақырыбында жақсы жазып жүрген журналистердің бар екенін айтқан жазушы-журналист Мархабат Байғұт бұл судьялар мен журналистердің ортақ мәселесіне айналуы керек деген ұсынысын білдірді. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының заңгері Г.Красильникова әрбір судьяның заңды қарапайым тілмен түсіндіре білуі керектігін, сонымен қатар, журналист те қозғалып отырған тақырыпты түсініп, орынды сұрақ қоя білуі қажеттігін ескертті.
М.Әміров, облыстық соттың судьясы:
- Осы форум арқылы үлкен белеске шығуға мүмкіндік туады деген үміттеміз. 4-5 жыл бұрын ақпарат беттерінде судьялар жөнінде теріс пікір қалыптастыратын сыни мақалалар көбейіп кеткен еді. Кейін оның себебін зерттесек, сот пен БАҚ-тың арасындағы байланыстың дұрыс қалыптаспағандығынан екеніне көз жеткіздік. Олқылықтың орнын толтыру жолында жұмыс жасалып еді, нәтиже шыққандай болды. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта да жандандыруымыз керек.
Басқосудың екінші күнінде судьялар мен журналистер семинар өткізді. Онда лингвистикалық зерттеулер тақырыбы талқыланды.
Әуезнұр Бейсенұлы, жоғарғы соттың судьясы, судьялар одағының төрағасы:
-Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Абай Рахметулиннің ұсынысы бойынша ең халқы көп облыста, ақпарат құралдарының жиі шоғырланған аймағында сот жүйесі мен БАҚ өкілдерінің басын қосып, жиын өткізу өзінің жемісін берді десек болады. Судьялар әрқашан бір саты биік тұруы керек. Форумға дайындықпен келген судьялар этика сақтап, заң жүзінде қызмет жасай білетіндерін көрсетті. БАҚ өкілдерімен бірлесіп, мемлекет пен сот саласының мерейін өсіріп, шындық жолында бірлесіп жұмыс істейтін форум мүшелерін сайлады.
Ғалия Хакімқызы, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры жанындағы БАҚ істері жөніндегі қоғамдық орталық жетекшісі:
- «Сот жүйесі және БАҚ» форумы – ортақ мәселелер мен мүдделерді талқылауға салу үшін еркін негізде кездесетін, осы екі институттың қарым-қатынасын жақсарту мақсатындағы судьялар мен журналистер тобының түсінісуі болып табылды. Даулы мәселелердің шешілуіне байланысты сұрақтар, лингвистикалық сараптама ролі талқыланады.
Динара Мұқашқызы, Қырғыз Республикасы жоғарғы сотының судьясы:
-Қазақ бауырлар істі қарауда ана тілінде еркін сөйлеп, өте сауатты қарайтындарын дәлелдеп отыр. Оған толығымен көзіміз жетті. Ал Қырғыз елінің жоғарғы сотында осы кезге дейін ана тілді мамандардың аздығынан істерді қарау аудармашылар арқылы жүзеге асырылып келеді.
Қырғызстанда Ресей мен Қазақстанның лингвистикалық тәжірибесінен үйреніп, көп мәлімет алып отырамыз.
Судьялар туралы Қырғыз газеттері көп жазады, тіптен интернетке де судьялар жайлы жағымсыз ақпараттар таратылып, жазықсыз қаралау етек алуда. Бүгінгі өткен форумнан мол әсер алдық, өз елімізге барып, осындай іс-шараларды қолға алуға мұрындық боламыз.
Алмат Нұрмұратұлы, Қызылорда облыстық сотының судьясы:
-Еліміздің барлық өңіріндегі іс-шаралар дәл осылай мемлекеттік тілде өткізілсе екен деймін. Жақсы басталған бастама нәтижелі жалғасын тапса деймін.
Шадияр Мекенбайұлы,«Заң» газетінің меншікті тілшісі,
Мадина Тасқұлова, облыстық соттың баспасөз хатшысы