27 сәуірде, дүйсенбіде Шымкенттің аспанын қою қара түтін қаптады. Облыс орталығындағы ірі сауда орны - «Самал» базарындағы өртті ауыздықтау үшін жедел жеткен өрт сөндірушілердің өзіне оңайға соқпады. Тілсіз жау күндізгі 11-ден өте тұтанған. Жалын шарпыған аумақты жедел жеткен өрт сөндіру қызметі екі сағат шамасында ауыздықтады. Бірақ, өте қиын болды. от ырыққа көнер емес. Сөндірген бір нүктеге төрт-бес рет қайта келуге тура келуде. Куәгерлердің айтуынша от алғашқыда орта бөліктен шыққан. Лезде аяқ киім, тұрмыстық заттар және кілем сататын жабық ғимаратты өрт шалды. Абырой болғанда от базардан небәрі 30-40 метр жердегі май құю бекетіне жеткен жоқ. Зардап шеккендер тіркелмеген. Алайда материалдық шығынның көлемі орасан.
Бұл оқиғадан бәрінен бұрын сауда жасаушылардың зардап шекті. Шығарып үлгермеген тауарларының өртеніп кеткенін көрген жұрт таусылып отыр.
- Мен затымды шығарайын дегенде полицейлер жолатпады, - дейді ызаға булыққан сатушы Арман Бұйрабаев. - Барлығы құрдымға кетті. 300 мың доллардың тауарын жоғалттым. Соны кімнен сұраймыз? Шығынның орнын қалай толтырамын? Не істерімді білмей отырмын.
Өрттің салдарынан 500 адам жұмыссыз қалып, құны жүздеген миллион теңгеден асатын тауарлар өртеніп кетті
Журналистерге мәлімдеме жасаған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Асылбек Бекжігітов өрт болып жатқан кезде 2 баллон жарылғанын айтты. «Ол деген сөз – базарда ереже сақталмайтынын білдіреді».
Алайда, базар қожайындарының бірі Қарлығаш Бекбосынова мұның барлығы қолдан ұйымдастырылған қасақана қылмыс екеніне бек сенімді:
-Егер өрт электр желілерінен шыққанда оны лезде өшіріп тастауға күшіміз жетер еді. Базарда 15 қызметкер жұмыс істейді. Алайда, өрт тым күшті болды. Кейін өрт шыққан жерден екі канистра тауып алдық. Оның ішінде жанар майдың болғанына сенімдімін, - дейді Қарлығаш Бекбосынова.
Бұл пікірді сатушылардың көпшілігі де қостап отыр. «Мен көптеген бас киімдерді қапқа салып, осында қалдырып кеткенмін. Соның өзі миллион теңгенің заты. Енді тым болмаса қабымның күлін де таппай тұрмын. Соны көрсем не болғанына көзімді жеткізер едім. Себебі, темір орындықтың жанып кетуі мүмкін емес», дейді сатушы Мейрамкүл Тұяқбаева.
Айта кету керек, сол күні базарда кезекті тазалық күні болатын. Тілсіз жауды тізгіндеуге жалпы 23 техника мен 135 адам жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі жайлы мамандар алғашында от дәнекерлеу кезіндегі ұшқан шоқтан болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда арада бір күн өткен соң облыстық ішкі істер департаменті «Самал» базарына қатысты оқиғаға қылмыстық іс қозғады. Оның нәтижесінде оқыс оқиғаның себеп-салдары қаншалықты анықталатынын уақыт көрсетеді. Ал тауарынан қапыда айырылып қалған сатушылар кеткен шығынның орнын толтыру үшін әбден әуре-сарсаңға түскелі тұр. Банктен несие алып саудаға араласқандар ертеңгі күндеріне қатты алаңдаулы. Шығын қаншалықты өтеліп, қандай айқай-шуға ұласатыны алдағы уақытта да назарымызда болады.
Айзада Төребекқызы, «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі