Журналистің басы екеу емес, бірақ, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ

Screenshot_3.jpg

Журналистикадағы ең маңызды жанрлардың бірі – сын. Несібесін журналистикадан тауып жүрген азаматтар арасында «азусыз газет газет емес» деген ұғым қалыптасқан. Өйткені, қоғам бар жерде бармақ басты, көз қысты, белден басушылық, қателіктер болмай қоймайды. Осының бәріне көзжұмбайлықпен қарап отыра алмайсың, әрине. Сынайсың, қаламыңды жебе орнына жұмсайсың. Нысанаға іліккен кейіпкерлер, әсіресе, шенеуніктер  де әр түрлі келеді. Бірі, сын шын болса, түсініспеншілікпен қарап, қатесін түзеуге тырысады. Енді бірі қоқан-лоққы көрсетіп, қолшоқпарын ала жүгіруге бейім болады. Мәселені қара күшпен шешкісі келеді. Әлемде сын жазамын деп із-түссіз жоғалып кеткен, белгісіз жағдайда көз жұмған журналистер аз емес. Сотқа сүйрелейтіндер де жетерлік. Мұндай қисық, қыңыр мінезділер барлық жерде кездеседі. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында да...

... Қолыма қалам ұстаған алғашқы жылдарым болатын. Аудандық «Төлеби туы» газетінің тілшісімін. Жарықтың жиі сөніп, қараңғылық «патшалық» құрып жүрген кез. Жарық мәселесіне қатысты қитұрқылықтардың бетін ашып жазғым келді. Журналистік зерттеу жүргізіп, тақырыпқа тереңдей түскенім сол, қарсылықтарға кезіге бастадым. Мәліметтермен қаруланып, жарықпен қамтамасыз етуші мекеменің ғимаратынан шыға бергенім сол еді, артымнан бір жігіт дауыстап тоқтатты. Өздерін ақтайтын бірдеңе айтқысы келген болар деп кідірдім. Сөйтсем, сабазым ескерту жасауға келген екен. Алған жерден «басың екеу ме, екеу болса жаза бер» деп төтесінен кетті. Алғашында түсінбей қалдым. Қорқытпақшы болғанына толық көзім жеткесін, мен де «жазбай қоймайтынымды» жеткіздім. Солай болды да. Өз қателіктерін түсінген болуы керек, әлгі батырмен қайта бетпе-бет жолықпадық. 

Газет бетінде «Сабақтан шығып, саунаға...» деген мақалам жарық көрді. Онда бір ғимараттың сол қанатында студенттер оқытатын болса, оң қанатында жын-шайтан жайлаған саунаның жұмыс істейтінін жария етіп, негізінен педагогтар даярлайтын жоғары оқу орнын сын садағына алдым. Оқу орны басшысының шымбайына қатты батса керек, бетпе-бет отырып сөйлесуге шақырды. Бардым. Кабинетіне кірдім. Өзімнің сауна туралы мақала жазған журналист екенімді айтқанда отырған орнынан атып тұрды. Көзін көзіме тікенекше қадап, дірілдеп кетті. Өзі ірі денелі, майы терісінің сыртына шыққан семіз кісі екен. Орнынан ұшып тұрғанда салбыраған мойны жейдесінің жағасын бір жауып, бір ашты. «Есікті іштен құлыптап, мойныңды бұрап алайын ба, менің оқу орным, саунам туралы жазып нең бар, басқа тақырып құрып қалды ма?» деп тоқтаусыз айқайлап жатыр. «Менің кім екенімді білесің бе?» деп лауазымды ағасының атын есіме салуды да ұмытпады. Сабыр түбі сары алтын, сабыр сақтап отырдым. Айтарын айтып, ашуы басылды-ау дегенде үлкен қателікке бой алдырып отырғанын бетіне қайта бастым. Сынның шын екеніне көзі жетсе де мойындағысы келмейді. Баяғы ашуының бірі де қалмапты. Енді арқамнан қағып, «аға-іні болып араласып тұрайықты» айтты. Қайта жазбай-ақ қоюымды өтінді. Арада біршама уақыт өткеннен кейін қайта айналып соқтым. Шынында да сабақ өтетін жерде саунаның жұмыс істегенін дұрыс көрді ме, әйтеуір қателігін түзетіпті. Саунаның орнында жап-жаңа әкімшілік ғимараты бой көтерген. Іштей қуанып қалдық. 

Облыстық сотта жыл қорытындысын саралаған үлкен жиналыс өтті. Соның негізінде «Төрелік айтуы үшін судьяның өзі тәртіпті болуы керек» атты сын мақалам шықты. Облыстық соттың сол кездегі төрағасы кездесуге шақыртты. Судьяларға тән сабырлылықты, төрағаға тән этиканы тарс ұмытқан төраға кабинетін басына көтерді. Төрде отырып, төрелік айтатын судьялар қылмыскердің де пікірін тыңдамаушы ма еді. Ал бұл төраға өзінің ғана ойын дұрыс көріп, өзгенің пікіріне құлақ аспақ түгілі, тыңдауды да дұрыс көрмейді екен. Қызды-қыздымен өзінің «мен сенімен басқа жерде, басқаша әңгімелесемін» деп қойып қалғанын да байқамады. Сондағы ойы қылмыс әлеміндегі авторитеттермен қорқытпақ болғанын жазбай түсіндім. Сонда қылмыскерді жазаға тартатын азаматтың сол қылмыскердің өзімен тікелей байланысы бар болғаны ма? 

Ең бастысы ешкімге жала жауып, орынсыз қаралаған жоқпын. Жердегі жарты құдайлардың емес, Алланың қаһарына ұшыраудан сақтасын. Қашан да ашу өре түрегелгенде ақыл бой тасалап қалмаушы ма еді. Төраға да ақылға тұсау салып, ашуға бой алдырғанын кейіннен түсінген болуы керек, мақалада айтылған сынға орай арнайы бұйрық шығарып, келесіде ол кемшіліктің қайталанбауын қатаң ескертіпті. Бізге керегі де осы – кемшіліктің түзелгені.      

Мұндай ардың-гүрдің адамдар, шекесі қатты түйілетін, соңыңнан түсіп шүйлігетін шенеуніктер барлық жерде кездеседі. Алайда, олардың шүйлігуінен журналистикадағы сын жойылып кеткен жоқ. Қайта жандана түсуде. 

Шадияр Молдабек 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: