Соңғы деректерге жүгінсек, еліміздегі орташа жалақы мөлшері 64730 теңгені құрапты. Ресми мәліметке дауа жоқ. Дағдарыстан жұмыс сыз қалғандардың саны күн санап артып келе жатқанына қарамастан, Статистика агенттігінің веб-сайтында осындай ақпарат беріліпті. Облысымыздағы орташа көрсеткіш - 47418 теңге.
Хош. Қатардағы жұмысшылардың жағдайын білдік. Енді, жоғары лауазымды шенеуніктердің табысы қандай? Рейтинг түзіп, жоғары шенділердің шеруін жасауға мүмкіндік болмады. Себебі, табысы жайлы декларацияны шенеуніктердің дені жариялаған жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев интернетте өзінің табыстары мен жылжымайтын мүліктері туралы декларацияны жариялап, өзгелерге үлгі көрсеткісі келді. Қалетаевтың «бұл бастаманы қолдауға барлық мемлекеттік құрылымдар, ұлттық ходингтер мен Ұлттық компаниялардың басшыларын да шақырамын» дегені есімізде. Алғашқылардың бірі болып бастаманы еліміздің бас қаржы полицейі Қайрат Қожамжаровтың бірден қолдай жөнелгеніне қарап, көп ұзамай барлық шенеуніктер жеке табысы жайлы ақпаратты үйіп-төгеді деп күттік. Алайда... содан бері талай уақыт өтсе де, әкімдер мен министрлер табысын есептеп үлгере алмай жатқандықтан ба, көбісі үнсіз қалды. Абырой болғанда, табысын жариялаған шағын топтың бел ортасында облысымыздың әкімі Асқар Мырзахметов жүр.
Асқар Мырзахметовтың 2008 жылы тапқан табысы - 5 356 965 теңгені құрады. Орта есеппен айына 446413, күніне 14676 теңге. Америкада қайдам, Шымкентте осындай айлықпен тәп-тәуір-ақ өмір сүруге болады. Бұйыртса, еңбегінің зейнетін де көрмек. Зейнетақы қорына 2 584 366 теңге аударып үлгерген.
Облыс әкімінің атында мынадай мүлік тіркелген: Астана қаласында пәтер, Астана қаласы, Комсомольскеий поселкесінде жер телімі. Сондай-ақ, Алматыда саяжайы да бар.
Асқар Исабекұлы әсіресе банкте депозит ашуға әуес. Жеке атына төрт бірдей депозит тіркелген. Үшеуі «Халық банкінде», үшіншісі «БТА-Банкте». Халық банкінде «Халық универсальный» депозитінде – 5 005 286 теңге, «Долгосрочный» депозитінде – 3 313 теңге, және бір депозиттегі шотында 477 274 теңге жинақталса, «БТА-Банкінің» «Формула успеха» депозитінде 1 398 029 теңге жатыр. Аблязовқа қатысты дау-дамай туып, «БТА-Банкке» қатысты гу-гу әңгіме бұрқ ете қалғанда жұртшылық банктегі депозиттерін шұғыл түрде шығарып алуға ұмтылған. Алайда, Мырзахметов – сенімді клиент екенін тағы бір рет дәлелдеп, «БТА-банкпен» ат құйрығын кесуге асықпады. Сондай-ақ, Мырзахметовтың жеке қалтасында 20 мың АҚШ доллары және бар.
Асқар Мырзахметов бұл табысты «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарып жүріп тапқанын ескеру қажет.
Шенеунікке қандай жалақы керек?
Жалпы, еліміздегі жалақы мәселесі ел-жұртты қашаннан қызықтырып жүрген тақырып. Бұл жайлы сұрақ тіпті премьер-министр Кәрім Мәсімовтың интернеттегі блогына да келіп түскен. Мәсімов тұрғындардың өтінішін жерде қалдырмай былай жауап жазған: Азаматтардың көптеген өтініштерін (менің блогыма келгендері де бар) ескере отырып, мен бүгінгі Үкімет отырысында ұлттық компания басшыларының (топ-менеджерлерінің) жалақысы Премьер-Министрдің жалақысынан аспауы керек деген ұсыныс жасадым. Жалақы мөлшерін азайту туралы ұсыныс мемлекет акционерлік капиталына кірген екінші деңгейлі банктердің басшыларына да қатысты. Менің айлық жалақым мөлшермен 700 мың теңгені құрайды».
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының президенті айына 365 мың АҚШ доллар табыс алатыны мәлім болған. Сондай-ақ, Қазақстан Даму банкінің сол кездегі президенті Қамбар Шалғымбаев ай сайын мемлекеттің есебінен 100 мың доллар алып отырғаны да жария етілді.
Осы ретте Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембинді өзге шенеуніктерге үлгі ретінде көрсетсек те жарасады. Жексембин өзінің ғана емес, орынбасарларының да табыс декларацияларын жариялауға тапсырма берген. Мәселен, К. Ақсақалов дейтін орынбасары бір жылда ресми түрде 4 057 438 теңге табыс тапқан. Әрине, мұның барлығы тек ресми дерек. Бейресми табыспен арадағы айырмашылығы жер мен көктей болуы да ғажап емес.
Бұл деректердің шынайылығына күдік келтіретіндердің аз еместігін жасырмаймыз. Декларацияны тапсырған бір шенеуніктің Астананың көшелерінде құны 150 мың доллар құрайтын джип көлігімен жүйткіп жүргенін көрген адамдар «мынаның шынайы декларациясы қандай екен, ә?» десті. Декларацияға келгенде жақын шетелдегі лауазымды тұлғалар да «сыпайылық танытатыны бар. Айталық, Шешенстанның президенті Рамзан Қадыров беті бүлк етпестен «жылдық табысым 3 миллион 422 мың сом. Жеке меншігімде Грозный қаласындағы 3 бөлмелі пәтер мен ВАЗ-2153 автокөлігім бар» деп мәлімдегенде тіпті көпті көрген журналистер де естен танып қала жаздапты. Долларға айналдырғанда Қадыровтың табысы 110 мың долларды құрайды. Бұл ақпаратты естіген ресейліктер миығынан күліп жүр.
«Рамзан өмірінде ВАЗ көлігіне отырып көрмеген, - дейді «Солидарность» қозғалысының мүшесі Илья Яшин. – Қадыровтың кортежінде 10 «БМВ», 9 «Порше Кайенн» джипі, 2 «Мерседес», 8 «Лексус» джипі жүреді. Шешенстан президенті кортежінің орташа құны 2 миллион доллар. Қадыровтың жеке гаражында «Ламборджини»спорт автокөліктері мен «Хаммерді» де табасыз. Сонымен қатар, құны 300 мың доллардан 2,5 миллион долларға дейінгі аралықтағы керемет сәйгүліктері бар. Оның барлығын қайдан алды?» деп күпті ойын жасырмайды.
Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Игорь Шувалов жайлы да айтылып жүрген әңгіме көп. Бұл шенеуніктің жылдық табысы 4,7 миллион рубльге жетіпті. Теңге тілімен айтсақ 23 миллионның арғы жақ, бергі жағы. Солай бола тұра, Шувалов көлігін күн сайын ауыстырып тұратындардың қатарына кіреді. «Хаммер», екі «Гелендваген», элиталық «Мерседес»... барлығын қосқанда Шуваловтың жылдық табысынан 5 есе асып түседі. Бірақ, Шуваловтың сүйікті жұбайына алғысы шексіз. Бір жылда 364 миллион рубль табыс табатын Ольга Шувалова күйеуін тым қатты «еркелететінін» байқатты.
Жалпы, Ресей губернаторларының арасында ең бай шенеунік ретінде Красноярск өлкесінің басшысы Клександр Хлопонин есептеледі. 2008 жылы бұл азамат 635 миллион рубль пайда тапқан. 20 367 000 Оның ішінде айлығының үлесі 2 миллион рубльден аспайды. Қалған қаржы коммерциялық жобалардағы үлестерінен түскен. Екінші орында Тверь облысының губернаторы Дмитрий Зеленин жайғасты. Губернатордың қалтасына былтыр 387 миллион рубль түскен. 12, 5 миллион доллар.
Олардың қасында Мәскеу қаласының мэрі Юрий Лужковты кедей деп атауға болады. Былтыр Ресей астанасының басшысы бар-жоғы 6 миллион 214 мың рубль (200 мың долларға жуық) тапқан.
Декларация мәселесіне ресейлік қоғам қайраткерлері философиялық тұрғыдан қарайды. Мәселен, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Марков бұлжайында былай дейді:
- Мен декларацияларға сенемін. Ондағы көрсетілген ақпарат толығымен шындыққа жанасады. Бір ғана нәрсені ескеріңіз: бұл толық ақпарат емес. Себебі, шенеуніктерден ешкім бейресми табыстардың декларациясын сұрап жатқан жоқ. Губернаторлар мен министрлердің басқа да табыс көздері бары онсыз да белгілі. Бұл – қалыпты жағдай. Тіпті Англияның парламентінде де жиі кездесіп жатады.
Дерек:
Әлемдегі ең жоғары жалақы алатын басшылардың рейтингісін Сингапурдың премьер-министрі Ли Сянь Лун бастап тұр. Жылдық ресми жалақысы 1 миллион доллар бола тұра, мемлекет премьер-министрге 1,5 – 2 миллион доллар мөлшерінде қосымша бонустар төлеп отырады. Сингапурлықтар ел басшыларына осыншама көлемде жалақыны тектен-тек беріп отырған жоқ. Жоғары жалақы тағайындау – сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді жолы екеніне сенетін ел тұрғындары мінсіз қызмет атқарып, мемлекеттің дамуына барынша үлес қосқан азаматтарға 55 жастан соң жалақысының жартысынан көбіне тең зейнетақыны да төлеуді жөн көрді.
"Рейтинг" газеті