Шымкенттегі Тоқаев көшесінің Президенттің әкесіне қатысы бар ма?

Screenshot_22.jpg

Фото: Rgmedia.kz

Шымкент қаласында Тоқаев деген көше бар. Бірақ, бұл көшенің аты Президенттің әкесіне қатысы бар ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз болып тұр. Себебі, қала әкімдігіне қарасты аудан әкімдігі Президенттің әкесіне қатысы бар десе, шаһардағы зиялы қауым өкілдері мүлдем қатысы жоқ дейді. Бұл жөнінде Rgmedia.kz сайты хабарлайды. 

Сайт тілшілері Тоқаев көшесіне экскурсия жасап көріпті. 

"Көше Шымкенттің «Ескі қалашық» деп аталатын бөлігіндегі ескі үйлерден бастау алады. Ескі демекші, жалпы Тоқаев көшесі Шымкенттегі көшелердің бірі болуы әбден мүмкін. Мұны көше бойындағы қырқыншы жылдары салынған ескі екі қабатты үйлер де растап тұрғандай. Ұзындығы бар-жоғы жарты шақырымды ғана құрайды. Орта жолда ол Сауқымбек Тұрысов көшесімен қиылысып, Түркістан көшесіне барып аяқталады. Тоқаевтың бойында бір кездері атағы алыс-жақын шет елдерге дүркіреген «Восход» тігін фабрикасы, коммуналдық қызметтерге ақы жинаумен айналысатын «Энергопоток» серіктестігі,  Қаратау аудандық және қалалық тергеу соттарының ғимараттары орналасқан. Тоқаевтың бойынан  бұдан басқа пәлендей іліп алар фактілерді   көзіміз шала қоймайды. Қаланың қарапайым ғана көшесі. Әрине, Назарбаев даңғылымен салыстырғанда. Бірақ Тоқаевтың қаланың шетіндегі тас төселмеген, лай-батпағы  өте көп көшелерге қарағанда әлдеқайда бақытты екендігі рас.  Көпшілік  көше атауы қазақтың жазушысы, қазақ әдебиетінде детективтік жанрдың негізін салушылардың бірі Кемел Тоқаевтың құрметіне қойылған деп ойлайды. Көпшілікпен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де солай деп ойласа керек. Ақпарат құралдарында жазылған мәліметтерге қарағанда, жуырда Шымкентке келген сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл көшенің  әкесінің құрметіне қойылғанын айтыпты. Президенттің өзі солай деген соң бұған қандай күмән келтіруге болады дерсіз? Бірақ оңтүстіктің атқамінерлері Тоқаевты дәлелі жеткіліксіз фактімен алдап жүр ме деген күдік, күмәніміз бар. Неге деймісіз? Айтайық" дейді сайт тілшілері.    

Уикипедиядан алынған деректерге қарағанда, Президенттің әкесі Кемел  Тоқаев 1923 жылы Алматы облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолында «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтерді атқарған. 1960-1977 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болып істеген. 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының әдеби кеңесшісі болған. 1986 жылы қайтыс болған. Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы екен. 

 Шымкентте қазақ жазушыларының аты берілген көшелер көп емес. Кемел Тоқаев атауын бұл көше қашан алғанын білу үшін біз алдымен қоғам белсендісі, тоқсаныншы жылдардың басында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып істеген Шаруа Пірматпен  хабарласқан едік. Оның жауабы тосындау шықты. 

-Тоқаевтың есімі бұл көшеге бұрын берілген. Оның қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесіне ешқандай қатысы жоқ,  түсінікті тілмен айтқанда олар жай ғана «однофамильцы»,-деді Ш.Пірмат.

-Қалайша?

-Тоқаев деген төңкеріс жылдарында өмір сүрген, ұлты қазақ емес азамат көрінеді. Нақты кім болғанын мен білмеймін. Бұл көшенің тарихын толық білу үшін мұрағатты көтеру керек. Әйтеуір, бұл көше Тоқаев деп алпысыншы жылдардан, бәлкім жетпісінші жылдардан бастап атала бастағанға ұқсайды. Бірақ Кемел Тоқаевқа ешқандай қатысы жоқ,-деді қоғам белсендісі.  

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында облыстық ономастика жөніндегі комиссия құрылғалы оған мүше болып келген, белгілі ақын, ұзақ жылдар облыстық мұрағатқа басшылық жасаған Қабылбек Төретай да мұны жоққа шығарған жоқ. Ол:

-Бұл Тоқаев жазушы Тоқаев болмауы мүмкін. Татардың Ғабдолла Тоқаев (кейбір деректерде Тоқай деп аталады) деген ақыны бар. Бұл сол Тоқаевтың құрметіне қойылған-ау. Өйткені  Кемел Тоқаев әлі танымал болмай тұрған кезде бұл көше Тоқаев деп аталатын. КазГУ-ді бітіріп, Шымкентке келген алпысыншы жылдардың аяғында Тоқаев көшесі еді,-деді ақын. 

Тіл жанашыры, ономастика жөніндегі көптеген еңбектердің авторы Қабыл Дүйсенбидің пікірі мен болжамы да осыған саяды: 

-Сексенінші жылдардың аяғында бұл көшені жұрт «улица Токая» деп атайтын. Кейіннен Тоқаев болып кеткен шамасы. Белгілі ақын Ғабдолла Тоқаевтың құрметінде қойылған болуы мүмкін,-деген ол мұны құжат жүзінде дәлелдеу қажеттігін айтты. 

Бір қызығы, Тоқаев көшесіндегі тақтайшаларға «Тоқаев көшесі» деген сөз ғана жазылған. «Кемел Тоқаев» немесе «К.Тоқаев» деген бірде-бір тақтайшаны кездестірмейсіз. Неге? Бұл да Тоқаев көшесінің ашылмаған бір құпиясы болып тұр. 

Осы жерде Ғабдолла Тоқаевтың кім екендігіне тоқталсақ. 

Screenshot_31.jpg

Ғабдолла Тоқаев

Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Ғабдолла Тоқаев (немесе Тоқай) 1886 жылы дүниеге келген. Татардың халық ақыны, әдебиет сыншысы, публицист, қоғам қайраткері, аудармашы. Жігіттік шағында Орал қаласындағы медреседе оқыпты. Әуезов Тоқай шығармашылығын жоғары бағалай келіп, оның Абай поэзиясымен рухани жақындығын жазған екен.

Бірақ Тоқаев көшесі тұрғындары Тоқаевтың кім екендігін білмейді. Бірақ олар да Тоқаевтың детектив жанрындағы жазушы еместігіне сенімді. Түркістан-Тоқаев көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйде тұратын жасы жетпістен асып қалған Людмила есімді апай осы үйде 1974 жылдан бері тұратынын, бұл көше сол кезде Тоқаев деп аталатынын айтты:

-Ол Президент Тоқаевтың әкесі емес. Ал көше атын иемденген Тоқаевтың кім екенін білмейміз,-деді. Ол «бұл мәселені менен жақсы білетін адам тұрады» деп, көрші дәлізді нұсқады. Сол жерде Мәнсия апаймен сөйлестік. 

-Мен Шымкентте 1967 жылдан бері тұрамын. Бұл көше сол кездегі Тоқаев деп аталатын. 1971 жылы осы үйге көшіп келдік. Сол кезде бұл көше Тоқаев, ал мына көше Түркістан деп аталатын,-деді Мәнсия апай. 

Сонда қалай,  президент қателесіп отыр ма әлде оны қателестірді ме?  Бізге мәлім болған деректерге қарағанда, Шымкенттің іргесіндегі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы елдімекенде Кемел Тоқаев көшесі болған. 2014 жылы елді мекен Сайрам ауданынан Шымкентке өткен кезде Тоқаев көшесінің атауы өзгертілген. Неге өзгертілгені тағы да жұмбақ. Бірақ Президент Тоқаевтің не ауыз суға, не жарыққа жарымайтын елді мекендегі көшені айтып отырмағаны онсыз да түсінікті ғой. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловпен сөйлескен едік. Ол Тоқаев көшесі жазушы Кемел Тоқаевтың атымен аталатынын айтты.

1555575277140656.jpg

Кемел Тоқаев

-Оның есімі көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде берілген,-деген әкім осы жөнінде құжаттардың барын алға тартты. Алайда біз Тоқаев деген көшенің Шымкентте алпысыншы жылдардан бері барын хабардар еткен соң, Мәуленқұлов бұл мәселені қалалық мәдениет басқармасының басшыларынан сұрау қажеттігін айтты. Ал қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы  Әбдіжаппар Сәкен өкінішке қарай, Тоқаев көшесіне қатысты мәліметтерді білмейтінін, оны мұрағаттан іздеу қажеттігін айтты...Мәссаған безгелдек!уір, әрқайсысы бір-біріне сілтеген тірлік. Өз сөзіне сенбесе, айтқан сөзін дәлелдей алмаса онда аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов  әуелде көше атауы қазіргі президент Тоқаевтың әкесінің атында, соның құрметіне қойылған  деп  көпшілікті адастыратын пікірді неге алға тартады? Әзірге әкім бір жақ, зиялы қауымның пікірі бір жақ болып тұр? 

Міне, сындай шым-шытырық, детективке бергісіз дүние. 

Тоқаев көшесінің құпиясын енді кім шешеді? Жарты ғасырдан астам уақыт бойы өзінің кім екендігін білдірмей келе жатқан бұл неғылған тұлға? Ақын ба, әлде жазушы ма? 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент «Жусан» операциясы бойынша мәлімдеме жасады
  • Назарбаев Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысты
  • Бүгін Сенат төрағасы 56 жасқа толды
  • Түркістанның сауда орындары қала сыртына көшіріледі
  • Шөкеевтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: