Құқықтық мемлекет саналатын Қазақстан үшін ең қымбат қазына адамның өмірі мен бостандығы, денсаулығы, қауіпсіздігі екені Ата заңымызда көрсетілген. Адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, тыныштығын күзететін органның бірі – полиция. Сол себепті, соңғы жылдары полицияның жұмысын сапаландыру үшін жан-жақты жағдай жасалып келеді. Соңғы технологиялармен қамтамасыз етілуде. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде қылмысты болдырмау, қылмыскерді құрықтау мүмкіндігі әлдеқайда күшейген. Ал қылмыс деңгейі қай дәрежеде?
Рас, өткен жылдың алғашқы 5 айына қарағанда үстіміздегі жылдың осы мерзімінде тіркелген қылмыстар саны төмендеген. Жалпы қылмыстың ашылу пайызының да аздап өскендігі байқалады. Алайда, үстіміздегі жылы ауыр және аса ауыр қылмыстар қатары арта түскен. Мәселен, өткен жылдың 5 айында 991 осындай қылмыс тіркелсе, биыл 1086-ға көтеріліп кетті. Оның ішінде кісі өлтіру қылмысы 54-тен 65-ке өскен. Есірткіге қатысты қылмыстар да 235-тен 249-ға көбейген.
Осы мәліметтерді таратып айтар болсақ, Шымкент қаласында аса ауыр қылмыс саны 16,7 пайызға өссе, оның ашылуы былтырғы 75,0 пайыздан биыл 70,6 пайызға төмендеген. Облыс орталығындағы көрсеткішті кейін тартуға Абай аудандық ішкі істер басқармасының қосқан «үлесі» қомақты. Бұл ауданда аса ауыр қылмыс 216,7 пайызға дейін күрт көтерілген. Тіркелген 19 қылмыстың небәрі 10-ы ғана ашылыпты. Қасақана кісі өлтіру де бұл ауданда 6-дан 11 көтерілген. Биыл 11 адам өлімінің 6-ы ғана ашылып отыр. Жалпы алғанда қала бойынша қасақана кісі өлімі 15-тен 27-ге өскен. Ал Әл-Фараби ауданында 3-тен 9-ға, яғни 200 пайызға дейін көбейген. Аудандар арасында Сайрам, Созақ, Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал аудандары мен Түркістан қаласында артқан. Осы тұста қадағалаушы орган – прокуратураның пікіріне құлақ түрсек, ішкі істер органы тарапынан арнайы есепте тұратын, сотталып шыққан азаматтардың күнделікті іс-әрекеттері назардан тыс қалып, олармен алдын-алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегенін аңғаруға болады. Соның салдарынан аса ауыр қылмыс түрі жиілеп барады. Ал ішкі істер органдары аса ауыр қылмыстарды ашуға және оларды жасаған қылмыскерлерді анықтап, жауапкершілікке тартуда дәрменсіздік танытумен келеді. 2007 жылдан бері бұрын сотты болған қылмыскерлер, қылмыстық топтың белсенділері және мүшелері өздерін еркін сезініп, соның салдарынан аса ауыр қылмыстары қайталануда. Облыстық прокуратура тарапынан 2007-2008 жылдары өткізілген алқа мәжілісінде облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жұмысына қатысты қатаң сын-ескертпелер болғанымен, тиісті нәтиже шығарар түрі байқалмайды.
Полиция жасөспірімдермен жүргізілетін жұмысты да қожыратып алғанға ұқсайды. Үстіміздегі жылдың 5 айында жасөспірімдер қолымен жасалған 172 қылмыс тіркелген. Өткен жылдың осы мерзімінде 159 қылмыс есепке алынған болатын. Аталған қылмыстың екеуі адам өлімімен аяқталса, 9 оқиға бойынша денеге ауыр жарақат салған. Сондай-ақ, бір зорлау, алты қарақшылық, 42 тонау, 75 ұрлық, 7 көлік айдап кету, 11 бұзақылық секілді жаға ұстатар қылмыстарға барған. Осы қылмыстарды жасаған 189 баланың 153-і қылмыстық жауапқа тартылса, оның бесеуінің жасы небәрі 12-13-те ғана. Тағы бір көңіл аударар жайт, аталған жасөспірімдердің біреуінен өзгесінің барлығының да ата-аналары бар, толыққанды отбасында тәрбиеленіп жүргендер.
Учаскелік инспекторларға да айтылар сын аз емес. Негізінде қылмысты құрықтауда осы инспекторларға артылар жүк ауқымды. Өйткені, жергілікті тұрғындармен тікелей, қоян-қолтық жұмыс істейтіндер осылар. Мысал үшін айтайық, 2008 жылдың 10-қаңтарында Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 18 мөлтекауданның №9 үйдің алдында белгісіз біреулер тапа-тал түсте Стальмаков пен Черный деген азаматтарды атып өлтірген. Көпшіліктен еш қаймықпастан. Осы оқиғадан кейін де учаскелік инспекторлардың жұмыс сапасын арттыруға онша мән бермегені байқалады. Себебі, дәл осы мөлтекауданда, дәл осы тұрғын үйдің ауласында үстіміздегі жылдың 4-маусымында тағы да ауыр қылмыс орын алған. «Мерседес-190» маркалы автокөлікпен келген белгісіз азаматтар аталған үйдің алдында тұрған 1991 жылғы Бақытжан есімді азаматқа қаратып екі рет оқ атқан. Бақытжан оң қолынан жарақаттанып, ауруханаға түседі. Бұл оқиға бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалып, бір жерде екінші рет қайталанып отырған оқиғаға қатысты қатаң шара қолдану орнына оны қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық деп, жеңіл дәрежеленген. Ал шын мәнінде бұл қоғамдық орында көптеген адамдардың өміріне қауіп төндірумен адам өлтіруге оқталу екені айқын. Осы себепті қозғалған қылмыстық іс прокуратураның пәрменімен қайта дәрежеленді.
Соңғы кезде пәтер ұрлығы да жиілеп кеткен. Былтыр осы уақытта 237 пәтерге ұры түссе, биыл 272 пәтер тоналған. Оның небәрі 14,8 пайызы ғана ашылды. Демек, қалғандары әлі де бостандықта жүр деген сөз. Дер кезінде жауаптылықты сезінбеген олардың кезекті «сапарларына» дайындалып жатпасына кім кепіл? Міне, мұның барлығы учаскелік инспекторлардың сылбыр жұмысының салдары болса керек.
Халық арасында «полиция қорғайды ма, қорлайды ма?» деген көзқарас бұрыннан бар. Әлі де жойыла қойған жоқ. Мәселен, облыстық прокуратура тарапынан үстіміздегі жылдың 5 айында тергеу органдарының уақытша тергеу изоляциясына жүргізген 814 тексеру барысында заңсыз қамалған 35 адам босатылған. Оның ішінде жетеуі кәмелетке толмаған жасөспірімдер. 28-мамыр күні Төлеби аудандық прокуратура тарапынан ішкі істер бөлімінің қызметтік ғимараттарына жүргізілген тексеру барысында бес бірдей азаматтың құқы тапталып, заңсыз қамауда отырған жерінен босатылды. Тіркеуді қажет етпеген оларды мал ұрлығына қатысы бар күдікті ретінде ұстаған сыңайлы. Ең сорақысы, уақытша ұстау жөнінде ешқандай тиісті құжаттар әзірленбеген. Сол секілді Еңбекші ауданының кезекші прокуроры Ф.Айтымбетов түнгі сағат 22.45-тер шамасында қызметтік бөлмелерді тексеру барысында тергеушінің кабинетінде бір жасөспірімнен ұялы телефонды ұрлаған күдікті ретінде сұрау алынып жатқаны белгілі болады. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалмаған және жасөспірімнен түсінік алу үшін ұсталғаны жөнінде құжат дұрыс толтырылмаған. Оның үстіне жасөспірімнен оның ата-анасының немесе бауырларының, мұғалімінің қатысуынсыз сұрау алынған. Осылайшы жәбірленуші жасөспірім тергеушінің бөлмесінде 9 сағаттан астам заңсыз ұсталған. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Жалпы алғанда азаматтар полиция қызметкерлерінен күдіктенбеуі, қорықпауы керек. Керісінше қорған тұтуы тиіс. Өкінішке орай, біздің қоғамда полицейлер әл-әзірге мұндай сенімге толық ие бола алмай отырған сыңайлы.
Шадияр Молдабек, «Заң», «Қазақстан Заман» газеттерінің меншікті тілшісі