Бензин мен цемент қымбаттады

Screenshot_10.jpg

Егін орағы басталар тұста бензин қымбаттап еді, күн ысып, құрылыс жұмыстарының тамырына қан жүгірген тұста цементтің бағасы аспандап шыға келді. Бірер күннің ішінде. Осы кезге дейін тоннасы 14 мың теңгенің төңірегінде болған Шымкент цементінің құны бірден 20 мың теңгеге дейін көтеріліп кетті. 

Әдетте, жыл сайын цемент бағасы не зауыт жұмысын уақытша тоқтатқанда, не зауыттан босатылар баға өскенде қымбаттайтын. Бұл жолы құрылысқа ең қажетті материалдың қымбаттауына екі себеп те негіз болмаған секілді. Өйткені, зауыттан босатылатын баға бұрынғысынша – тоннасына 8700 теңге. Дәл қазір зауыт жұмыс істеп жатыр. Ендеше неліктен табан астында қымбаттап шыға келді?

Цементтің қымбаттауына зауыт пен тұтынушылар ортасында жүріп, ауадан ақша жасайтын делдалдар себепкер тәрізді. Олар ел арасында «зауыт уақытша тоқтатылатын болды» деген қауесет таратып, цемент бағасын қолдан көтерген. «Жақында тазалағыш фильтрін орнатуына байланысты зауыт жұмысын уақытша тоқтатуы мүмкін» деген сөздің шеті шыққанын құлағы шалған делдалдар мұны сәтті пайдаланғанға ұқсайды. Сатушылардың сөзінен ұққанымыз осы болды. 

Қазір цемент бағасы аз да болса қайта төмендеп, 16-18 мың теңгенің төңірегінде тұрақтап тұр және жақын күндері бұл деңгейден түспейтін тәрізді. Өйткені, сұраныстың артып тұрған шағы. 

Қолында мүмкіндігі барлардың барлығы да қазір халықты қанаудың жолын мықтап меңгеріп алғандай. Науқан басталса болды, ең зәру заттар себепсіз қымбаттай береді. Оның үстіне дәл науқан кезінде мұнай өңдейтін, цемент шығаратын зауыттар жөндеу жұмыстары үшін уақытша жабылады. Неліктен? Жылдың басқа мезгілінде, дәлірегі шығаратын өнімдеріне деген сұраныс кеміген сәтте, онда да жөндеу жұмыстары созылатын уақытқа жететіндей артық өнім шығарып барып, тоқтатуға болмайды ма? Мұны ойлап жатқан жергілікті билік өкілдері байқалмайды. Бұл әңгіме жыл сайын қайталанғанымен, әзірге нақты нәтиже байқалмайды. Әйтеуір, екі ортада делдалдар пайдаға белшеден батып, халықтың қалтасына салмақ салуға машықтанып алған. Ел арасындағы әңгімеге сенсек, цемент зауытынан шыққан өнімді алуға санаулы ғана «оптовиктердің» мүмкіндігі бар дейді. Шыққан өнімді түгелдей солар сатып алады. Басқаша айтқанда, кез-келген адам барып, зауыттан цемент сатып ала алмайды. тұтынушылардың барлығы да делдалдарға тәуелді. Бір сөзбен айтқанда, зауыттан шыққан цемент тұтынушының қолына жеткенше бірнеше есеге дейін қымбаттап жетеді. Ең өкініштісі, халыққа сатылатын цемент бағасының құнын да белгілейтін осы делдалдар. Сонда оларға ешқандай шара көрілмейді ме? Халық қашанғы қанала береді?!

Шадияр Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы      

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: