Жанар май жыры. Жаттанды сценарий тағы қайталанды

98690.jpg

Теледидардағы қаптаған  телехикаяларды асыға күтетін оңтүстіктің тұрғындарының өздері де   біраздан бері жылда қайталанып тұратын жанар май хикаясының кейіпкерлеріне айналғанын сірә, сезбейтін де шығар. Бірақ, мұнда халық тек «массовканың» ролін атқарады. Негізгі кейіпкерлер – мұнай өңдеушілер, облыстық әкімдік, бәсекелестікті қорғау агенттігі және Үкімет мүшелері. Сценарий бойынша әр «кейіпкер» өзіне берілген ролін  атқарады. Бірі (халық)   шығындалады, бірі (делдалдар мен мұнай өңдеушілер)  табысқа белшесінен батады. Тағы біреулер (билік)  «кінәлілерді жазаға тартамыз»  деп үстел тоқпақтайды. Бірнеше аптаға созылған «тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде» бағаны әупірімдеп жүріп түсіреді.  Ал кінәлілерді анықтап, жазалауға бағытталған шаралардың аяғы сыйырқұйымшақталып, өзімен-өзі  тоқтап қалады. Әйтеуір, қыркүйек-қазан айларындағы дүрбелең ораза айы секілді жылда келеді де тұрады.  Тек кейбір ерекшеліктері болады. Соған назар аударалық. 

Тамыз айында жанармайдың бағасы күрт өскен соң облыс әкімдігі шұғыл түрде мұнай өнімдерін жеткізушілермен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде «Торғай Петролеум» мен «Қазгермұнай» компаниялары облысқа белгілі мөлшерде жанар-жағармай жеткізуге міндеттелді. Алайда, «Торғай Петролеум» екі айдан бері шөп басын да сындырмастан, өзіне тиесілі 10 мың тонна мұнай өнімінің бір тамшысын да  жөнелтпепті. Билік өкілдерінің айтуынша, нарықтағы бағаның күрт өсіп,  жанармай тапшылығы сезілуінің  негізгі себебі осы екен. Тапшылық демекші, сұйық отынның дефицитінен соң «баға неге өсіп жатыр?» деп сұрақ қоюдың өзі де ыңғайсыз. Оған берілетін жауап жалғыз: «нарықтың заңы осындай»

«Торғай Петролеумның» облыстағы өкілі Әбдіразақ Тастанбеков компания  жауапсыздығының себептерін  жарытып түсіндіріп бере алмады.   Бір қызығы, мойнына алған міндеттемесін орындамағаны үшін «Торғай Петролеумға» Үкімет те, монополияны реттеу агенттігі де, тіпті «шаш ал десе бас алатын» құзырлы органдар  да  ешқандай шара қолданбады. Қайта керісінше, билік жалынғандай болып, қосымша мұнай өнімдер беруін өтінді. Мұны облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың мына сөзінен түсінуге болады: 

- Жуырда ғана «Торғай Петролеум» компаниясымен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде облысымызға 13000 тонна АИ-92 маркалы және 5000 тонна АИ-80 маркалы жанармай жеткізілетін болды. Оларды тарату ісін ең ірі он операторға тапсырдық. Арадағы барлық делдалдар жойылады. Облыстың бір айлық сұранысы 27 мың тонна екенін ескерсек, «Торғай Петролеумнан» келетін мұнай өнімдері екі аптаға жетеді.  Жанармайдың бағасы бұрынғы қалпына келеді.

Алайда, екі аптадан кейінгі жағдай не болатыны турасында мардымды жауап ала алмадық. Бар айтылғаны, осы уақыт ішінде қоймалардағы жанармай қорын барынша көбейту қажеттігі. Оның да нақты механизмі әлі белгісіз.Нарықтағы жағдайға байланысты Шымкентке Астанадан арнайы ат басын бұрған  Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жауапты хатшысы Нұрлан Әбди  де қалыспай, мынадай «атышулы» мәлімдеме жасады:

- Қазір біз 52 заңды тұлғаға қатысты тексеру жұмыстарын бастадық. Егер олардың кінәсі дәлелденетін болса, біз материалды қылмыстық іс қозғау үшін құзырлы органдарға өткіземіз.

Дегенмен, бағаның өсуін қолдан жасаушыларға  агенттіктің жауапты хатшысы түгілі басшысының әлі жетпей жатқанда осы тектес мәлімдеменің кейінгі тағдыры  қалай боларын дөп басып айту қиын. Әйтеуір, бұған дейін қандай мұнай компаниясының  кінәсі дәлелденіп, жауапкершілікке тартылғанын естімедік.

Осы тұрғыда Шымкент мұнай өңдеу зауытына тоқталып өтпеске болмайды.  «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының вице-президенті Азамат Ақышевтың айтуынша,  кәсіпорын өз міндеттерін толық атқарып отыр. Биыл жөндеу жұмыстары кешіктіріліп басталатынын жеткізді.

- Қазір зауыт жоғары қарқынмен жұмыс істеп келеді, - деді журналистерге Азамат Ақышев. -  Қыркүйек айында 439 мың тонна мұнай өңделді. Ол дегеніңіз 84,5 мың тонна жанармай мен 140 мың тонна дизельдік отын. Бұл жыл басынан бергі 9 айдағы ең жоғары көрсеткіш. Яғни, келісілген түрде жұмыс атқарылған жағдайда өңделген мұнай өнімдерінің көлемі Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының сұранысын өтеуге толық жетеді.  Зауытты бір ай уақытқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоспарлап оны қазан айының алғашқы аптасында бастауды көздеген едік. Алайда, қалыптасқан жағдайға байланысты оның мерзімін 20 қазанға дейін создық. Осы аралықта қоймадағы мұнай өнімдерінің көлемін барынша арттырып, бір айға жететіндей деңгейге жеткізу керек.  

Ақышев айтқандай, қыркүйек  айында бұрын-соңды болмаған көлемдегі мұнай өңделсе, оның нарыққа берген пайдасы қандай деген сұрақ туады.  Үш облысқа жететін көлемдегі жанар-жағар май жалғыз облыстың өзіне неге жетпей қалды? Бұл сауалға «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы өкілінен мынадай жауап алдық:

- Шымкент зауытында әр түрлі компаниялардың мұнайы өңделеді. Олардың жалпы саны 18-ге жетеді. Біз тек жеткізілген мұнайды өңдеумен шұғылданамыз.Тамыз айында Үкіметтің бекіткен кестесі бойынша  мұнай өнімдерін жеткізушілер, атап айтқанда, «ПетроҚазақстан сауда үйі», «Қазгермұнай», «Санойл» секілді ірі компаниялар жанар май жөнелтті. Кестеден қалып қойған  тек «Торғай Петролеум» ғана.

Бірер күнде жанармай бағасын бұрынғы қалпына келтіруге уәде берген Ерлан Айтахановтан  «Жанар-жағар май» ассоциациясының төрағасы, әрі депутат Қайыпбек Қамбаров  асып кетті. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында  халық қалаулысы «Екі күннен соң жанар-жағар майдың бағасы «Гелиостан» да арзан болады» деген мәлімдеме жасап, әріптестерінен сүйінші сұрады. Қымбатшылық заманда «Гелиос» автобекеттерінің жүйесі баға саясатының нағыз эталонына айналғанына рас.  Дегенмен, депутаттар бұған «аузыңа май» деп  қуанудан гөрі кейіс білдірді. Тіпті араларында «әбден ақша істеп алған соң жанашырлық танытуларын бұлардың» деп те естіртіп айтқандар табылды. Өзгелерден Түркістаннан сайланған депутат Рахым Тәңірбергеновтың дауысы қаттырақ шықты. Оның себебі де жоқ емес. Түркістандағы қоғамдық көлік саласының қожайыны «Қазақстанда ең төменгі жолақысы – бізде, бар-жоғы 20 теңге» деп жүрген жерінде мақтанышпен айтады. Жанармайдың қымбаттауы осы саланы шығынға батырғаны анық. Соған қарамастан «сұйық отынның бағасы 200 теңгеге барса да, жолақысының құнын көтермеймін»  деген принцип ұстанған мәслихаттың депутаты жанармайдың қымбаттауына назар аударып, осыған бола жүйкені тоздырудың қажеті жоқ деген де кеңес береді.

- Бір жерде жанармай 80, бір жерде 120 теңгеден сатылып жатыр. 150 теңге деген  де бағаны көрдім. Бұл біздің облыста ғана болып отырған жағдай. Яғни, төрт-бес адамның пайдасына бола істелініп жатқан тірлік. Оларда иман да, ұят та жоқ. Тек қалтасын ойлайды.  Облыс әкімінің бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Жанармайдың қымбаттауын пайдаланып, барлық тауарлардың бағасы өсіп кетті. Олар енді арзандамайды. Қарапайым халықтың жағдайы нашарлап барады. Бұл жылда болып жатқан ойын. «Игра»!  Мемлекет әлгі имансыздардың басынан тоқпақтап отырса, онда жағдай басқаша болар ма еді.  

Жанармай жыры осыменен биылға тәмам ба, әлде жалғасын таба ма? Ол жағын әзірше тек болжап айта аламыз. Уәде беріліп, келісім-шартқа қол қойылғанымен, оны бұзу, сөзінде тұрмау мұнай саласындағылар үшін түк емес. Соңғы бір-екі күнде автобекеттердегі баға шынында да төмендей бастады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: