Құдай қаласа, 2-3 жылдан соң бүгінгідей бензин тапшылығы болмайды. Шыдай тұрыңыздар. Әзірге жағар-жанармай жағынан көршімізге тәуелдіміз. Үкімет бағасы тұрақсыз, бірде көл, бірде шөл бензинге байланысты жұртты осылай үміттендіріп отыр.
Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев АИ-92, АИ-80 маркілі бензиндері мен жағармайға деген баға кезінде Ресеймен салыстырғанда 40 пайызға шарықтағанын, ал қазір бұл көрсеткіш 38-36 пайызды құрап отырғанын мәлім етті. «Біз заң туралы әңгіме қозғағанда, жанармайға деген бағаның айырмашылығы ең көбі 10-15 пайыз болады дегенбіз. Қалыптасқан мәселені шешу үшін біз бүкіл импортталатын және ішкі нарықтан алынатын жанар майдың барлығын барынша мұнай өңдеуші зауыттарға жөнелтіп жатырмыз. Ал жекелеген мұнай өнімдерін түгел жанар майға айналдыруға болмайды. Дегенмен біз мүмкіндігінше, осы жекелеген өнімдерді АИ-92 бензиніне айналдыруға тырысып жатырмыз», - деді министр «Нұр Отанда» өткен отырыста депутаттардың сауалына берген жауабында. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы жанармайды жеңілдетілген бағамен алып жатыр. «Жағар майдың бағасы біздің елде Ресейдегі бағадан 36 пайызға төмен. Ал ауыл шаруашылығына жіберілетін жанар май құны осы көрсеткіштен тағы 10-15 пайызға төмен. Ауыл шаруашылығы саласына жанар-жағар майды жеткізу көлемі талапқа сай орындалуда және орындала да бермек. Яғни, біз ауыл шаруашылығын 10 пайызға мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеміз», - деді С.Мыңбаев. Қазір еліміздің кейбір өңірлерінде АИ-92 маркалы бензин жоқ. Әкелінген күннің өзінде талонмен босатылуда. Министр жанармайға деген мұндай зәруліктен биылғы жылдың қазан айының орты тұсына таман құтыламыз деді. Жанармайға қатысты елде қалыптасқан жағдайдың оңалуына әсер ететін бірнеше фактор бар. «Біріншіден, жанармайға қатысты жағдайды реттеу мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар өз нәтижесін бере бастамақ. Екіншіден, оның үстіне бұл маусымдық проблема. Үшіншіден, Ресей Федерациясында қыркүйек айының басында АИ-92 маркілі бензинін өндіруді шектеу туралы шешімінің күші жойылды немесе бұл бастама Ресейдегі жанар май бағасына қатысты жағдайдың мүшкіл болуына байланысты 2012 жылдың соңына дейін тоқтатылды»,- деді министр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан жанармайға деген тәуелділіктен 2014 жылы біржола құтылады. Премьер-министр Кәрім Мәсімов осылай деп отыр.Бүгінде елдегі жанармайға қатысты мәселе мұнай өнімдерін өндіру қуатына байланысты туындаған. Үкімет басшысының айтуынша, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау жөнінде Елбасы қойған міндеттер 2014 жылы толық аяқталады. Ал оған дейін, мұнай өнімін өндіру қуаты жетіспейтіндіктен қазақ елі көптеген түрлі жағдайларға тәуелді болады.