Былтырдан бері Елбасының пәрменімен тоқсан сайын республикадағы қалалар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі рейтингісі шығарылып келе жатқаны белгілі. Атап өтейік, рейтингті түзу үшін Президент әкімшілігінің жанынан арнайы комиссия құрылған. Барлық мәліметтер Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінен алынады. Сонымен бірге, облыс әкімі аппараты да тоқсан сайын облыстағы аудан, қалалардың рейтингісін түзіп, үш ай бойы әкімдердің командасымен нендей шаруа тындырғанын сараптап отыратынын білеміз. Бұл рейтингіні түзуде облыс әкімдігінің қайдан алған мәліметтерге жүгінетінінен хабарсызбыз. Бәлкім бір тоқсанда қандай жетістікке жеткені, қанша кәсіпорынның ашылғаны, жұмыссыздар саны сияқты статистикалық ақпараттарды жинауды ауыл әкімі бастап, содан сатылап облыс әкімдігіне дейін жалғаса ма, жоқ әлде қолда бар мәліметтерді сол әкімқаралар сұратқандарға мың құбылтып бере ме, әйтеуір Президент әкімшілігі мен облыс әкімі аппаратындағы рейтингтердің арасында айырмашылық жер мен көктей болып отыр. Ала-құла рейтингтің қайсысына сенерімізді білмей далмыз.
Алдымен облыс әкімдігінің биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша түзген рейтингісіне зер салайық. Қазір үшінші тоқсан аяқталуға жақындағанда екінші тоқсанның рейтингісі кешігіп енді шығарылғаны өз алдына бөлек әңгіме.
2011 жылдың алғашқы 6 айындағы жағдай бойынша жасалынған рейтингте әрбір тоқсанда үздіктердің тізімін бастап, төрден түспейтін Төле би ауданы бірінші орын алған. 16 көрсеткіш бойынша Әуелхан Тұрғымбеков басқаратын аудан 2009-2011 жылдарға арналған Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық дамуының бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарының орындалуынан және елді мекендерде спорт алаңдарын жөндеу, қалпына келтіру және салу, «Жасыл аймақ» көгалдандыру іс-шарасы бойынша жоғары нәтижеге жетіпті. Қазығұрттың тізгінін Тұманбек Әлиев қолға алғалы аталған ауданның рейтингкте алдыңғы орындарды еншілеп, кейбір салалар бойынша өзге аудандарға тәжірибе таратуға көшкенін білеміз. Әрине, Тұманбек Әлиевке қатысты басқа қырынан да әрқилы алыпқашпа сөздің бары да рас. Сол биіктен ауытқымаған Қазығұрт бұл жолы екінші орынды еншіледі. Бұған дейін шаршауы басым, жиі сынға ұшыраған Шардара ауданы үшінші орыннан көрінді. Білетіндер аудан әкімі Марғұлан Марайым кейінгі кезде тірліктің көзін таба бастады дегенді айтады. Иә, Шардарада қазір байырғы кәсіп күріш егу жақсы дамып келеді. Бұдан бөлек қызылша өсіру де дұрыс жолға қойылды. Жуырда аталған дақылдарды өңдейтін зауыттар іске қосылады деген жылы жаңалықты естідік.
Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша аудан-қалалардың көшін бастаған Отырар ауданы төртінші орынға табан тіреді. Арыс қаласы бесінші орын алып, өткен тоқсандармен салыстырғанда жағдайын біршама түзеп алды. Алтыншы, жетінші орындарды Түлкібас пен Ордабасы аудандары иеленді. Неге екенін білмедік, әйтеуір ел аузында батыл қадамы мен тындырымды тірлігі жоғары бғаланатын Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназароватың командасы бұл жолы төмен сырғыпты. Үштіктен түспейтін Сайрам сегізінші орында. Бұдан кейінгі орындарға Түркістан қаласы, Мақтарал және Бәйдібек аудандары жайғасты.
Созақ ауданы бұл жолы он екінші орында. Өткен тоқсанның қорытындысында аталған аудан сегізінші орын алып еді. Өзге аудандармен салыстырғанда бюджеті қомақты, жұмыссызы аз, өнеркәсібі өркендеген Созақтың тоқтаусыз құлдилап келе жатқаны неліктен екен? Әлде өзінің аттай қалап алған орынбасары парамен ұсталғаннан кейін қызметте қалу-қалмау туралы мәселемен біраз жұртты шулатқан Берік Мейірбековтың тірлікпен айналысуға қолы тимей жүр ме, құлқы жоқ па?! Республикалық рейтингте де Созақ ауданы он бірінші орынға төмендеп кеткен. Төмендеп кеткен деп төтесінен айтып жатқанымыздың себебі соңғы жылдары ұдайы көштің басын бермей көпшіліктің сүйіспеншілігін, қызығушылығы мен қызғанышын оятып жүрген қайран Созақ ауданы Берік Мейірбеков басшылыққа келгелі бері барлық көрсеткіштер бойынша тірлігі құлдырып, абырой-беделден жұрдай бола бастауы жұрттан ұят, әрі обал болды десек қателесе қоймаспыз. Облыста бірінші орын алған Төле би ауданы республикада үшінші орында, Шардара ауданы төртінші, Сайрам ауданы бесінші орынды алыпты, тағысын тағылар. Екі рейтингте де Шымкент қаласы 15 орында тұр. Байқайсыз ба, іскерлігімен танылған Әуелхан Тұрғымбеков пен шеберлігі шыңдала бастаған Марғұлан Марайым тізгінін ұстаған аудандар екі рейтингте де бастапқы төрттіктің тізімінде тұр. Республика мен облыстың жасаған рейтингілерін салыстырғанда осындай ептеген ұқсастықтар кездесті.
Ал облыстың түзген рейтингісінде 14 орында тұрған Сарыағаш ауданының республикалық рейтингте бірінші орынды иеленгенін көріп аң-таң болдық. Сарыағаш ауданы 2011 жылдың бірінші тоқсанында республикалық рейтингте топ бастаған екен. Бұл сонда қателік пе, бұра тарту ма? Республиканың рейтингісінде екінші орын Кентау қаласына бұйырғанына таңдандық. Облыс әкімдігі тарапынан да, жергілікті халықтың тарапынан да, «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» баспасөздің тарапынан да жиі сынға ұшарайтын, тірілігі кері кеткен Кентаудың мақтаулы аудандарды шаң қаптырып кетті дегенге күлесіз бе, әлде жылайсыз ба? Сонда бұл айырмашылықтың сыры неде?
Енді біраз күннен кейін облыс әкімдігі мен Президент әкімшілігі үшінші тоқсанның рейтингісін шығарады. Екі рейтингте бір-біріне мүлдем қабыспайтын тағы да ала-құлалық орын алып жатса, онда үздіктерді анықтап, маңдай терлетудің қажеті қанша? Рейтинг бойынша әрдайым көш бастап жүретін іскер әкімдердің қызметімен қош айтысып, ұдайы соңғы орында салпақтағандардың түк болмағандай ойнап-күліп креслосында миығынан күліп отырғаны тағы бар. Сонда дейміз-ау бұл рейтинг дегенің...
Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасының рейтингісі (2011жылдың 2 тоқсаны)
1. Сарыағаш ауданы
2. Кентау қаласы
3. Төлеби ауданы
4. Шардара ауданы
5. Сайрам ауданы
6. Отырар ауданы
7. Қазығұрт ауданы
8. Түлкібас ауданы
9. Арыс қаласы
10. Мақтарал ауданы
11. Созақ ауданы
12. Ордабасы ауданы
13. Бәйдібек ауданы
14. Түркістан қаласы
15. Шымкент қаласы
2011 жылғы 1 шілдеге жалпы рейтинг (облыс әкімдігі)
1. Төлеби ауданы
2. Қазығұрт ауданы
3. Шардара ауданы
4. Отырар ауданы
5. Арыс қаласы
6. Түлкібас ауданы
7. Ордабасы ауданы
8. Сайрам ауданы
9. мақтарал ауданы
10. Түркістан қаласы
11. Бәйдібек ауданы
12. Созақ ауданы
13. Кентау қаласы
14. Сарыағаш ауданы
15. Шымкент қаласы